Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда цифрлық трансформация ісінде логистиканы дамытуда жіберілген қателіктерден сабақ алу керектігін айтты.
– Технология басқару саласындағы хаосты өздігінен жоя алмайды. Үдеріс бастапқыда дұрыс жолға қойылмаса, қайталанатын функциялар мен бюрократиялық әуре-сарсаңға толы болса, жасанды интеллекті енгізу бәріне дауа бола алмайды. Сондықтан цифрлық трансформация стратегияларының алдында басқару жүйесінің өзін ретке келтіру керек. Бұдан шұғыл міндет туындайды: мемлекеттік сектордағы ұйымдық мәдениетті жақсарту, үздік басқару тәжірибелері мен құзыреттерін енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Дегенмен Президент цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект көмегімен барлық салада мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға болатынын айтты.
– Ең алдымен, болашақтың жоғары технологиялық және энергияны қажет ететін экономикасы үшін берік инфрақұрылымдық іргетас құруға назар аудару керек. Логистикада қателіктер жіберуге мүлде болмайды. Бұған дейін қойма орындары түрлі учаскелерде салынып, содан кейін ғана қажетті инженерлік желі тартылды.
Сонымен қатар, бұл нысандар бірыңғай талаптарға жауап бермейді, бұл шығындардың өсуіне және ауқымды үнемсіздікке әкелді. Бұл басқарудағы сауатсыздықтың мысалы. Сондықтан мұқият ойластырылған, орталықтандырылған тәсіл қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жарияланбағанын ескертті.
– Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болатынын ескертті.
– Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуі тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек, – деді Мемлекет басшысы.





