«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе?! Ежелден-ақ ел арасында өнегелі ісімен, қайырымдылығымен көзге түсіп, қолында барын жапалақша бауырына басып алмай, қырандай айналасына шашып, жаратып жүретін жомарт жандар арамызда баршылық. Осындай жаны дарқан, құшағы кең азаматтың бірі де бірегейі ауылдасымыз, белгілі кәсіпкер Жанкелді Осан десек, асыра айтқандық болмас. Өйткені оның әр құтты қадамын, қарапайым елге аянбай жасап жатқан жүрекжарды қызметін құлақпен естіп емес, көзбен көріп жүрміз.
Жангелді ауылда өсіп, ес біліп етек жинағаннан бастап, мұндағы тіршіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қара қазанда қайнап шыңдалған. Жылқышы әкесімен бірге небір шу асауға бұғалық салып, оған қарғып мініп, жазықты бір айналғанда, ақ тарпаң жылқыны жөнге келтіретін, жуасытып, айтқанына көндіретін. «Шу асауды құрықтаған жігіт те өсе келе тұлпардай мықты болады» деген аталар сөзі шындыққа айналғандай. Оның өміріне осы қағидат дәлме-дәл айтылғандай. Кейбір қатарластары секілді ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмеді. Мектепте де, институт қабырғасында да спортпен айналысып, қайратты, күші мығым, ешкімге дес бермейтін жігіт болып өсті. Мәні де, маңызы да жоқ сауық-сайраннан, жат әдеттен бойын аулақ ұстады. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетті. Оқуын бітірісімен қызметке араласты.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жаңа өмір есігін айқара ашты. Нарық заманы басталды. Жангелді де кәсіпкерлікке бет бұрды. Әрине, қанша мықты, алғыр болсаң да, бірден дәулетке жетіп, байлыққа кенеліп кете алмайсың. Кәсіпкерлік жолда көрінбес жартастар, болжамаған қамалдар бар екенін жүре білді. Бір жығылып, бір тұрды және бұл салада өзімшілдікке салынсаң, қара бастың қамын ғана ойласаң, жолы болмайтынын өз түйсігімен сезе бастады. Аяғынан тік тұра бастаған алғашқы күндерден-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға тапқан табысынан бөліп беріп жүрді. Жасаған жақсылығының шапағаты тиетінін сезді.
Уақытты тоқтата алмайсың. Айлар жылжып, жылдар өтіп жатты. Кешегі жылқышының ұлы өзінің адал еңбегімен, қайырымдылығымен, қамқорлығымен ел аузына ілініп, олардың тарапынан лайықты құрметке бөленген көрнекті кәсіпкердің бірі ретінде атала бастады. Осыдан он шақты жыл бұрын өз ауылына жасаған жақсы істері Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда, Жолдауларында айтқан «Әр меценат, әр кәсіпкер өз ауылына, туған жеріне тірек болуы керек» деген сөзімен үндесіп жатты. Шалғайдағы шағын Жаңашаруа ауылына мектеп, мешіт сияқты сәулетті ғимараттарды салып, сыйға тартты. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, азық-түлікпен көмектесіп, балаларын оқуға жіберіп, барлығына қамқор болып, тыным таппай жүргені.
«Адам жанының басты байлығы – мейірім мен қайырым», – деп жазыпты атақты ақын Темірхан Медетбек. Осы ұғым Жангелдінің де өмірлік ұстанымына айналғандай. Ол ауыл ғана емес, облыс көлемінде қандай жауапты қоғамдық шара өткізілмесін, соның дәл ортасында жұлдыздай жарқырап жүреді. Айталық, Райымбек бабамыздың 300 жылдығын өткізу, Алматы қаласында батыр атамыздың ескерткішін тұрғызу, Әлмерек абыздың Ұйғыр ауданында кесенесін салу сияқты үлкенді-кішілі жұмыстардың ойдағыдай бітуіне демеушілердің бірі болды. Сол сияқты Шелек ауылындағы жаңадан салынған мектеп-гимназиясын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Ауыл болғаннан кейін, ауру-сырқау, тұрмысы төмен отбасылар да кездеседі. Осыдан 3-4 жыл бұрын Жангелді Шелек ауылынан екі отбасына үй сатып алып беріп, кілтін табыстады.
Жақында қоғамдық ортада Жангелдімен кездесіп қалғаным бар. Ақсақалдарға сәлемін беріп, жағдайын сұрап мәре-сәре болып жатыр. Отырғандар оған ризашылық білдірді. Әңгіме аудан, ел жаңалықтары төңірегінде өрбіді. Одан кейін қазіргі баспасөздің жағдайына, газет-журналдарға жазылу барысына, онда кездесіп жатқан мәселелерге ұласып кетті. Үндемей тыңдап тұрған Жангелді де бір сәт орнаған үнсіздіктен кейін сөзге араласты.
–Ағалар, қазір мына телефон, гаджет дегеннен көз алмайтын заман болды. Олар жастарға ұлағатты ақпарат беріп жатқаны шамалы. Әсіресе көруге ұят, құндылығымызға жат нәрселерді жариялап, жастар тәрбиесіне теріс ықпалын тигізіп жатыр емес пе?! – деді ол.
– Жангелді, айтқаның орынды. Бұрынғыдай емес, баспасөзге жазылу жұмысына жөнді мән берілмейтін болды. Газет-журнал сияқты ықпалды тәрбие құралынан шеттеп қалдық. Жазылатындар қатары азайды. Кейбіреулер күнделікті шығып жатқан басылым атауын білмейді, – деді бір ақсақал.
– Облыстық «Алатау арайы» газетінде мазмұнды материалдар, мәнді мақалалар көптеп жарияланып жатыр. Газетке жазылып, қолдауымыз керек. Өзге жердегідей емес, біз жақта да суырылып шығып, ардагерлерді газетке жаздырамын деген демеушілер де некен-саяқ, – деп сөзін жалғады отырған қарттың бірі.
– Ағалар, айтқандарың маған да қатысты. Мен де қарап қалмаймын, қаржыдан тапшылық көрмейсіздер, – деп Жангелді бір қайырып тастады.
– Рахмет, шырағым! Көсегең көгерсін, табысың молайсын, – деп ақсақалдар батасын берді.
Жангелді айтқан сөзіне берік, сертке мәрт жігіт ағасы емес пе?! Келесі күні-ақ жарты миллионнан астам теңгені аударып, зейнеткерлерді Алматы облыстық «Алатау арайы», «Егемен Қазақстан», «Алатау ардагері», «Еңбекшіқазақ» газеттеріне жаздырды.
Шелек өңірінің тумасы, белгілі кәсіпкер Жангелді Осанның жерлестеріне жасап жатқан жақсылығын осы мақалада баяндағанымыз оның бір парасы ғана. «Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен ел көгереді» демекші, осылай халқына қызмет еткен жанның еңсесі биік, абыройы жоғары болмақ. Жомарт жүрек Жангелді ініміздің имандылық жолында атқарып жатқан істері үнемі жемісті болсын, тасы өрге домалай берсін деген тілегімізді білдіргім келеді.
Әбілбек Айтақынов,
Шелек ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы,
Еңбекшіқазақ ауданы




