Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық құрылтайда білім беру
саласына қатысты айтқан ойлары – елдің болашағын айқындайтын
стратегиялық маңызы зор бастама. Мемлекет басшысы білімді ұлт
қалыптастыруды ұлттық дамудың негізгі басымдығы ретінде атап өтіп, адами
капиталды нығайтудың шешуші тетігі – сапалы білім екеніне ерекше назар
аударды. Президент баяндамасында білім беру мазмұнын заман талабына сай
жаңарту, мұғалім мәртебесін арттыру, тәрбиенің рөлін күшейту, сондай-ақ
жастардың ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді қатар меңгеруінің
маңыздылығы нақты көрсетілді. Бұл – тек академиялық білім берумен
шектелмей, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған кешенді көзқарас.
Сонымен қатар, Құрылтайда айтылған ойлар білім беру жүйесінің барлық
деңгейіне, соның ішінде қосымша білім беру ұйымдарының да әлеуетін
арттыруға серпін береді. Балалардың шығармашылық, көшбасшылық және
азаматтық қасиеттерін дамыту – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті міндет екені
айқындалды.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының білім туралы ұстанымы –
ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, бәсекеге қабілетті, ойы сергек,
жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нақты әрі өзекті
бағдар. Бұл идеялар педагогтер қауымына үлкен сенім мен жауапкершілік
жүктей отырып, білім саласының болашақ дамуына айқын жол көрсетеді.
Райхан ЖҮНІСҚЫЗЫ,
Ұзынағаш ауылдық Аналар кеңесінің төрағасы,
«Жас ұлан» оқушылар үйінің директоры,
Жамбыл ауданы




