Соңғы бес жыл бойы дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан ұлттық
құрылтайдың V отырысы сыр өңірі, жыр өңірі Қызылордада күні кеше өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл құрылтайда да
елдің дамуы, мемлекеттің өркендеуі жолындағы аса маңызды қадамдарға
жасаған жоспарымен бөлісті. Жылдан жылға, күннен күнге жаһанды
жалмаған жаһанданудың аранында жұтылмауы үшін еліміз қай жағынан
болса да төтеп бере алатын қуатты мемлекет болуы үшін алдағы уақытта
жасалуы керек ауқымды жұмыстар мен өзекті реформалар сөз болды. Барлық
сала назардан тыс қалмады. Әсіресе мемлекет басшысының әр сөзінде, әр
Жолдауында білім мен ғылым саласының тыс қалмайтыны бізді қатты
қуантады. Бұл жолы да ел Президенті «Біз білім, ғылым және жоғары
технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам
капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел
дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың
болашағына тікелей әсерін тигізеді», – деп атап өтті.
Иә, ғылым мен білім саласына салынған инвестиция – ол мемлекеттің
болашағы үшін жасалған инвестиция. Өйткені ғылым қазір қарыштап
дамуда. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласын қамтыған. Міне,
осыны анық байқаған көреген басшымыз жан-жағымыздағы алыптармен иық
тірестіре алуымыз үшін біліміміз бен ғылымымызды дамытып, жасанды
интеллектің көмегін дұрыс пайдаланып, елді дамыту қажеттігін айтып отыр.
Бүгінде біз де білім саласында ұстаздар мен оқушыларға жасанды
интеллектің пайдалы тұстарын пайдалануды кеңінен үйретудеміз. Болашақ
ұрпақтың жан-жақты болуына ұстаздар қауымы ел Президентінің
тапсырмасына орай жұмыс істеуде. Бірақ цифрландыру деп сән қуу да дұрыс
емес. Мұны да Мемлекет басшысы айтуда. Сондықтан білім мен ғылым
саласына бөлінген инвестицияның ертеңгі күні өз жемісін беруіне біз –
ұстаздар қауымы ерінбей еңбек етеріміз анық.
Жеңіс Бейсембекұлы,
Ұйғыр аудандық мәслихаттың депутаты,
Н.Исахметов атындағы орта мектеп директоры




