«Өнерліге – өріс кең» деген қанатты сөз туған елінің абыройын асқақтатып жүрген жерлесіміз, театр әртісі Алияр Нұрәділге қарата айтылғандай әсер қалдырады. Себебі ол – өнер жолында талмай ізденіп, сахна мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дарын иесі.
Жас болса да, биік белестерді бағындыра білген Алияр Нұрланбекұлы 1998 жылы Балқаш ауданы Береке ауылында дүниеге келген. Оқушы кезінен мектепішілік іс-шараларға белсене қатысты. Аудандық «Жайдарман» ойынында үш дүркін жеңімпаз атанып, облыстық сайыстарда өңіріміздегі өнерлі жастардың көшін бастады. Мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан жас өнерпаз 2016 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжіне оқуға түсіп, аталған білім ордасын қуыршақ және драма театр әртісі мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар 2019 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері М.Өтебаеваның шеберлік сыныбынан дәріс алды.

Таудай талабын тасқын бұлақтай сарқыратқан әңгіме кейіпкері еңбек жолын Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театрынан бастаған. Бүгінгі таңда ол өзінің репертуарындағы 20-дан астам қойылымда әртүрлі рөлдерді сомдап, кішкентай көрерменнің ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар режиссерлікке де қадам басып, «Анасын іздеген мамонт» қойылымын сахналады.
Алиярдың осы уақытқа дейін қуыршақ театрында ойнаған рөлдеріне тоқталар болсақ, ол «Арыстан үрейін қалай емдейміз?» қойылымында – Шаман мен Арыстан, «Күлше қызда» – Ханзада, «Үйшікте» – қасқыр, әтеш, «Ер Төстікте» – Ер Төстік, Саққұлақ, Таусоғар, «Тобада» – немере, «Бауырсақта» – аю, қасқыр, «Макбетте» – Малкольм, «Ұр, тоқпақта» – шал, «Қар ханшайымында» – ханзада, «Етік киген мысықта» – мысық, «Орман ғажайыптарында» – бала, «Ортекеде» – сал-сері, Жошы хан және тағы басқа кейіпкерлерді ерекше сомдап шықты.
Алияр 2025 жылы Малайзия елінің Куала Лумпур қаласына және Ресейдің астанасы Мәскеудегі С.Образцов атындағы қуыршақ театрына барып, өзінің режиссерлік біліктілігін арттырып қайтты. Сондай-ақ 2022 жылы Көкшетау қаласында өткізілген IV халықаралық «ТеART-Көкше» фестивалінде және 2023 жылы Ресейдің Рязань қаласында өткен ХІХ халықаралық «Рязань көрсетілімдері» фестиваліне «Шал мен теңіз» спектаклімен қатысып, өзін тағы бір биік белестен көрсете білді. Ал 2023 жылы Петропавл қаласында өткен Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестивалінде арнайы диплом алды. Сондай-ақ Түркияның Бурса қаласында және Грузияда өткен халықаралық өнер сайыстарында мерейі үстем болды.
Өнерпаздың еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Ол «АМАNAТ» партиясының, Алматы қаласы әкімінің және Алматы қалалық мәдениет басқармасының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы тағайындаған «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Алиярдың осы киелі өнер жолын таңдап, аз уақыт ішінде сахнада шыңдалып, биік белестерді бағындыруы – зор мақтаныш! Жерлесіміздің шығармашылық жолы жарқын, болашағы баянды болуына тілектеспіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




