Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университеті жанындағы «Әл-Фараби» орталығында профессор, философия ғылымының докторы Жақыпбек Алтаевтың құрастыруымен «Фарабитану» деп аталатын 20 томдық жинақ жарық көрді. Сол көптомдықтың 15-томына халық мұрасын зерттеуші ғалым, журналист Сағатбек Медеубекұлының «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» деген монографиясы енді. Осыған орай біз осы еңбек туралы музыка мамандарының пікірлерін ортаға салдық.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНЕ ТАРТУҒА ЛАЙЫҚ
Сағатбек Медеубекұлы қазақ ғылымында өзіндік орны бар ғалым ретінде танымал. Оның фольклористика, этнография, әдебиеттану, публицистика салаларында жүзеге асырып келе жатқан ғылыми ізденістерімен бірге ұлттық музыкамызды жинау, жариялау, зерттеу саласына сіңірген еңбектері де ерен.
Бұрын саяси-әлеуметтік себептермен ғылым назарынан сырт қалған, әсіресе шекаралық аймақтардағы елеусіз қалған рухани мұраларымызды ғылыми айналымға қосқанының нәтижесінде қазір «Жетісу күйшілік-домбырашылық дәстүрі» және «Жетісу әншілік-композиторлық мектептері» деген ұғым санамызға берік орнады. Республикамыздың барлық музыкалық білім беретін мектептерінде, колледждерінде, жоғары оқу орындарында бұрын оқу бағдарламаларына енбеген күйші-композиторлар Қожеке Назарұлы, Сыбанқұл Қалбасұлы, Мергенбай Ерденеұлы секілді дәулескер күйшілердің шығармалары, Шалтабай Алпарұлы, Қапез Байғабылұлы, Әбен Атамқұлұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Рыскелді Сауданұлы сияқты әнші-композиторлардың туындылары үйретіледі, оқытылады.
Ғалым Сағатбек Медеубекұлы музыкалық аспаптану бағытында да көптен бері үздіксіз ізденумен келеді. Әлемнің екінші ұстазы атанған, түркі жұртына түгел ортақ ғұлама ғалым Әбу-Насыр Әл-Фарабидің даңқын жаһанға жайған «Музыканың үлкен кітабы» деп аталатын ұлы еңбегінің музыкалық аспаптарға арналған үлкен тарауын негізге ала отырып, ондағы аспаптардың қазақ музыкалық аспаптарымен байланысын зерттеуі – қазақ ғылымында болмаған тың жаңалық.
Бұрын ол «Домбыра» деген кітабында қазақтың музыкалық аспаптарын танудың жаңа жолын көрсеткен болатын. Осы бағытын кейін шебер О. Бейсенбекұлымен бірге жарыққа шығарған «Сазды аспаптар сыры» атты еңбегінде жалғастырған еді. Енді, міне, «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты монографиясында ол музыкалық аспаптардың тарихи тамырын тануды одан сайын кемелдендіре, тереңдете түскен. Аспаптану ғылымының негізін қалаушы Әл-Фарабидің осы саладағы ерен еңбегін таныстырып қана қоймай, оның заманындағы және олардан кейінгі ғасырларда музыкалық аспаптардың сипатталуына шолу жасай келе, бүгінгі қазақ аспаптану ғылымының сабақтастығын барлайды. Содан кейін барып Әл-Фараби сөз қылған музыкалық аспаптарды қазақ музыкалық аспаптарымен салыстыра зерделейді де, ол аспаптардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін айқындайды.
Ғылыми аппараты толық, түсінікті тілмен жазылған, мазмұны мен пішіні үйлескен бұл еңбекті түркі тілдерінде және ағылшын тілінде әлемдік кеңістікке таратуға болады деп білемін.
Ақтоты Райымқұлова,
Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАЛҒАМЫН БИІКТЕТЕДІ
Ғалым Сағатбек Медеубекұлы – есімі елімізге танымал ғалымдардың бірі. Отандық музыкатану, этномузыкатану және аспаптану ғылымдарының дамуына өзіндік үлесін қосып, «Жетісу күйлері», «Жетісу әуендері», «Домбыра», «Сазды аспаптар сыры» сияқты еңбектерін жарыққа шығарған. «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты монографиясы да біздің өнерімізге, мәдениетімізге өте қажет. Домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай және тағы басқа музыкалық аспаптарымызды тереңінен, жан-жақты тануда бұл монографияның орны ерекше. Аспаптардың шығу тарихы, аңыздары, түрлері, жасалу ерекшелігі, құрылысы жайында толық мағлұмат берілген. Музыкалық аспаптардың классификациясы да жасалған.
Бұл еңбектің тағы бір құндылығы – Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабындағы» музыкалық аспаптар туралы мағлұматтардың берілуі және олардың қазақтың музыкалық аспаптарымен салыстырылуы. Сондай-ақ монографияда ортағасырлық ғалымдардың музыка, музыкалық аспаптар жайында жазғандары да берілген.
Біздің мектептің оқу бағдарламаларындағы музыка тарихы, музыкалық аспаптар және аспаптық музыка секілді пәндер бойынша оқу құралы ретінде пайдалануға ұсынылған бұл кітап оқушылардың таным-түсінігін тереңдетуге, талғамын биіктетуге септігін тигізуде.
Әл-Фараби арқылы ұлттық музыкалық мұраларымызды тануға, музыкалық аспаптарымыз арқылы әлемнің екінші ұстазының еңбектерін тануға жол ашқан бұл монография келер ұрпаққа да пайдалы болары сөзсіз.
Бақтияр Әбдірашев,
К.Байсейітова атындағы дарынды
балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының директоры
ШЕБЕРЛЕРГЕ БЕРЕРІ МОЛ
Біздің музыкалық аспап жасау өндірісінде басшылыққа алатынымыз – сапа және тиімділік. Бұл тұрғыда үнемі ізденбесең нарықтық бәсекеге қауқарлы болмайсың. Сондықтан да тәжірибемізді жетілдіріп отыру басты міндетімізге айналған. Осы міндетті жүзеге асыру барысында әлбетте біз ғылымға, білімге жүгінеміз. Бұл орайда көптен бері бізге көмекші оқу құралы болып келген еңбектің бірі Сағатбек Медеубекұлының «Домбыра» деген кітабы болатын. Одан кейін шебер О. Бейсенбекұлымен бірігіп шығарған «Сазды аспаптар сыры» деген еңбегі де көп қолғабыс тигізген.
Осыдан бір-екі жыл бұрын қолымызға тиген «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» деген монографиясы біздің танымымызға серпін бергендей болды. Бұл еңбектен әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабымен» таныстық. Ондағы музыкалық аспаптардың ерекшелігі туралы білдік. Қазақ аспаптануының бұрынғысы мен бүгінгісін таныдық. Музыкалық аспаптар атауларының мағынасын, шығу тарихын оқыдық. Әр аспаптың өзге ұлттардағы нұсқаларын да білдік. Бізге ең пайдалы болғаны – монографияда әрбір аспаптың құрылысының, әр бөлшектің сызба үлгілерінің ұсынылуы. Тіпті, бұрынғылар сипаттап кеткен аспаптардың да сызба үлгілерінің қиялымызға түрткі болғаны анық. Мысалы, Маслов деген саяхатшының жазып кеткеніне қарап, автор сол аспаптың сызба үлгісін жасаған. Біз сол сызба бойынша тәжірибе жасап жатырмыз. Ал енді «адырна» деп атап кеткен аспаптың ортағасырлық нұсқасының «шаһруд» немесе «маазиф» деп аталғанын және оның сызбасының болғанын біз осы монографиядан білдік. Осы шаһруд аспабының құрылысы біздің адырна аспабын жетілдіруімізге септігін тигізері сөзсіз.
Монографияның ғалымдарға, болашақ зерттеушілерге, музыкалық аспапты игерушілерге беретіні аз емес, аспап жасау шеберлеріне берері де қомақты.
Бақытжан Ділманов,
«Шертер» ЖШС директоры




