⛅
-2°C
Қонаев
Жексенбі, Ақпан 1, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Фонограммасыз ән: алыстан сермеп, жүректі тербейді

    31.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет
    Фонограммасыз ән: алыстан сермеп, жүректі тербейді
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Әу демейтін қазақ жоқ. Бірақ кейінгі жылдары әу дей алдым екен деп киелі сахнаның киесін, әуезді әннің әрін, өнердің дәмін кетіріп, фонограммамен аузын жыбырлатып, «әнші» атанып жүргендер көбейіп кетті. Көбейіп кетті деу былай тұрсын, таяқ лақтырсаң «әншіге» тиетіндей жағдайға жеттік. Аттарын жаттап, әндерін тыңдап та үлгермей жатып, жаңа «жұлдыздар» шет-шетінен «жарқырау» үстінде. Арнайы аспаптардың көмегімен таспаға жазып алған әндерін кез келген ортада шырқап, елді думанға бөлеп жүргендер саны жыл санап артуда. Енді сол көп «жұлдыздың» басына бұлт үйірілгендей болды. Себеп – фонограммаға салынған тыйым.

    Өткен жылы елімізде бірқатар маңызды заң қабылданды. Солардың біразы өткен жылы-ақ күшіне еніп, азаматтардың күнделікті өміріне ықпал да ете бастады. Оның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң. Түзетулердің ең өзекті тұсы – концерттер кезінде фонограмма қолдануға толық тыйым салу.
    Жаңа талап 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап күшіне енді. Заңға сәйкес, 200 адамнан артық жиналатын концертте фонограмма пайдалануға болмайды. Бұл шектеу теледидарлық жазбаларға немесе арнайы техникалық жабдықталмаған орындарға қатысты емес. Яғни нақтырақ айтып, аталмыш заңның 9-1-бабын алға тартар болсақ, «Телевизиялық жазбаларды жəне концерттік ойын-сауық, мəдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген жəне арналмаған өзге де орындарды қоспағанда, концерттік ойын-сауық, мəдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушылардың, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың дауыс (вокалды) фонограммаларын пайдалануына тыйым салынады» делінген.
    Бір қызығы, осыған дейін қол­даныста болған Мәдениет туралы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №207 Заңының 9-1-бабындағы ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың міндеттері көзделген 5-тармағының 7) тармақ­шасына сәйкес, «ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу уақытында музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлауға міндетті» болған. Бірақ Қазақстандағы әр азамат дәл осы заңның болғанын біле бермейді. Сондықтан да қабылданғанына 20 жылға жуық болса да бұл заңның талабы орындалмай келді. Осы мәселені көтерген депутаттар халық­тың шын таланттарды тануы тиістігін ескере отырып, жаңа талаптарды міндеттеді. Демек, бұдан былай мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде 200-ден астам көрерменнің алдында орындаушының алдын ала жазылған дауысымен (вокалмен) өнер көрсетуіне жол берілмейді. Фонограмма пайдалану тек арнайы бейімделмеген және ән айтуға арналмаған орындарда, атап айтсақ, ипподромда, демалыс аймағында, саябақта, көшеде рұқсат етіледі, яғни ашық алаңдарда өткізуге болады. Бұл аталған орындардың жанды дауыста өнер көрсетуге техникалық тұрғыдан бейімделмеуімен және ауа райы жағдайларына байланысты екен. Сонымен қатар сапалы теле­дидар контентін дайындау, теле­бағдарламалар мен жобаларды түсіру кезінде, атап айтсақ, концерттің толық жазбасын, дыбыстың сапалы жазылуын көздейтін телевизиялық жазбалар барысында қолдануға рұқсат беріледі. Бұл туралы заңды қабылдау кезінде министрлік өкілдері түсініктеме берген.
    Енді концерттерде фонограмма пайдалануға тыйым салынды. Заңның талабын орындамайсыз ба, айыппұл арқалайсыз. Әрі ол айыппұл 5-10 теңгенің айналасы емес. Қалтаға әжептәуір салмақ түсіретіні де белгілі. Егер аталмыш заң талабы бұзылса, ұйымдастырушыларға 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 4,3 миллион теңге. Талаптардың сақталуын жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Яғни, енді Қазақстанда өтетін жеке концерттерде орындаушылар тек жанды дауыспен ән айтуы тиіс. Сонымен қатар жоғарыда атап өткен 5-тармақтың 7) тармақшасы да өзгертіліп, мынандай мәтінде қолданысқа енді. Оқып көріңіз әрі біле жүріңіз. «Ойын-сауық, мəдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу уақытында музыкалық туындыларды орындау кезінде дауыс (вокалды) фонограммаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлауға міндетті».
    Жақсы, осы уақытқа дейін жанды дауыспен ән тыңдауды арманға айналдырған көрерменнің қалауы орындалмақ. Бірақ әлі күнге бұл туралы өнер адамдарының пікірі де екіге жарылған. Бірі қос қолдап дұрыстығын айтып жатса, енді бірі ондай деңгейге әлі жете қоймағанымызды алға тартады.

    Әсет Есжан, әнші, актер:
    – Елімізде фонограммаға тыйым салу туралы заң әлдеқашан қабылдануы керек еді, менің ойымша. Біз осы уақытқа дейін сахнаны әбден ластап болдық. Кімнің талант екенін, кімнің басқа екенін танымаймыз. Шын таланттар ескерілмей тасада қалды. Басқаны айтпай, көрші өзбек ағайындарды алайықшы, олар бұл заңды біраз жыл бұрын шығарып тастаған. Жарайды, біз кеш болса да заң жүзінде тыйым салдық. Енді сол заңымыз қолданылмай, тек қағаз жүзінде қалып қоймаса екен дейміз. Өйткені заң шыққалы бері де фонограммамен ән айтылып келеді. Егер қатаң талап, қадағалау болмаса, заң қабылданғанымен, орындалмай қала бермек. Мен – негізі актермін. Театрда қызмет етемін. Онда әр спектакльге арнайы комиссия тағайындайды. Ол сол театрдың ішінен де болуы мүмкін. Әр қойылымнан кейін біз жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді саралаймыз. Ондағы мақсат – сын айтып, біреуді қаралау емес, кеткен кемшілікті болашақта болдырмау, алдын алу. Міне, сол сияқты әр концертте қадағалау жүргізетін комиссия болуы керек сияқты. Айыппұл ұйымдастырушыларға салынады екен. Тіпті, фонограмма пайдаланылатын жағдайда көпшілікке алдын ала хабарланып, ескертілуі керек дейді. Меніңше, оған ешкім де бара қоймайды. Абыройын сақтағысы келеді, өзін төмендеткісі келмейді ешкімнің. Жуырда бір қалаға барып қалдық. Концерт алдында жап-жас жігіттер фонограммаларын дайындап, әндерін орындамақ болды. Біз олай болмайтынын айтып, әлгі жерде бұл мәселені біраз дабыра еттік. Ақырында ол жігіттер азаматтық танытып, жанды дауыста ән шырқады. Әрине, кемшілік бар. Бірақ жанды дауыс адамның өзіне деген құрметін арттырады, көрермен алдында жүзі жарқын, беті ашық. Өзім де үнемі жанды дауыста айтуға тырысамын. Тіпті, той-томалақта да жанды дауысты пайдаланамын. Бірақ кей кездерде ауырып, болмаса техникалық мүмкіндік жоқ болса, фонограмма пайдалануға амалсыз сүйенесің.

    Салтанат Ешмұханбетова,
    Ұйғыр аудандық Мәдениет үйінің директоры:
    – Мен бұл заңның қабылдануын дұрыс деп санаймын әрі өзім де соны талап етемін. Заң қабыл­данбай тұрып та біз ұжымда еңбек ететін «Жазерке», «Арзу» ансамбль­дерінің әншілерінен мүмкін­дігінше жанды дауыста айтуын сұрайтынбыз. Ал қазір заң шықты, енді заңды сақтаймыз. Әрине, кейде техникалық кедергі­лер болып жатады. Ондай кезде, амал жоқ, әншілер фонограммаға арқа сүйейді. Техникамыз, музыкалық аппаратурамыз мықты болса, жанды дауыспен айтқанға не жетсін? Бұл заң нағыз таланттардың жолын ашады деп ойлаймын. Мысалы, бізде жұмыс істейтін кей қыздарымыз фонограммадан гөрі жанды дауыста ән шырқағанды оңай көреді. Ондай таланттар үшін бұл заң қайта қолайлы болмақ. Себебі нағыз талантқа кедергі жоқ.

    Еркебұлан Нұржақып,
    «Қарадала» халық театрының жетекшісі:
    – Иә, өткен жылдан бері «Жанды дауыста айтыңдар» деген талап қойылып жатыр. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ оған дайындық қалай, мүмкіндік бар ма деген сұрақ көлденең шығады. Теледидар, әлеуметтік желілерден қарап отырсаңыз, осы уақытқа дейін тек байқауларға қатысқан үміткерлер ғана жанды дауыста ән айтады. Ал қалған жердің барлығында фонограмма пайдаланылып келеді. Фонограммасыз қай кезде айтуға болады? Техникалық базасы жетілген, арнайы дауысыңның артық-кемін біршама реттеп отыратын цифрлық пульттары бар үлкен сарайларда, театрда жанды дауыста қиналмай, емін-еркін көсілесің. Ал ауылды жерде ондай мүмкіндік жоқ. Қарапайым мысал ретінде айтсақ, аудан, ауылдардағы Мәдениет үйлерінің дыбыс аппараты кәсіби емес. Күнделікті кішігірім той-томалақты, 20-30 адамның басын қосатын жиын-шараның ғана дүниесі. Ал онымен қалай айтасың? Оның үстіне ауылды жерлерде кәсіби әншілер де жоқтың қасы. Өзінің талантымен, өздігінен үйренген өнерпаздар. Ансамбльдердегі ән айтып жүрген қыз-жігіттердің дені – аспапта ойнайтын мамандар. Мен де актермін. Бірақ ауылда маман жетіспеген соң ән де айтасың, аспапта да ойнайсың, тіпті арасында қойылымға да шығасың, кешке жүргізуші де боласың. Ондай сәтте жанды дауыста ән айтуға дайындалып та үлгермейсің. Әннің сөзі мен әуенін жаттағаннан бұрын, өзіңе сол әнді сіңірудің өзіне уақыт керек. Сондықтан ауыл, ауданда фонограммасыз айтуға әлі дайын емеспіз деп есептеймін. Менікі одан қашу емес, тек әлі де техникалық базамыздың әлсіздігін, кәсіби мамандардың жеткіліксіздігін айтып отырмын. Есті, әуезді әнді кім де болса зор дайындықпен, үлкен жұмыс істеп барып сахнаға алып шығады. Сондықтан қазір фонограммаға толық тыйым салуға ерте деп ойлаймын.

    Ақмарал Зиналқызы,
    «Жазерке» халықтық ансамблінің әншісі, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің түлегі:
    – Қазір екінің бірі әнші болып кетті ғой. Соның кесірінен нағыз оқыған, білімі бар әншілер көлеңкеде қалып қоюда. Сахнаны тазарту үшін бұл заңның шыққанын дұрыс деп есептеймін. Әрине, фонограмманың да қолданылуы қажет тұстары бар. Таулы жерлерде, кең алаңдарда, саябақтарда фонограмма сөзсіз керек. Ал Мәдениет үйінде, камералық залда жанды дауыста айтқанға не жетсін? Мен бүгінде оқушыларды вокал үйірмесінде дайындаймын. Бір қызығы, балалардың өзін сахнаға шығарамыз десек, ата-ана да, бала да студияға жүгіреді, сондағы дауыс реттеуші аппараттардың көмегіне жүгінеді. Мектепте де мұғалімдер бірден ән жаздырсын деп тапсырма береді. Яғни біз баланы жастайынан сол фонограммаға, жеңіл жолға үйретіп жатырмыз. Ол – бала. Кемшілік болуы мүмкін. Кәсіби әнші болмаған соң ол қалыпты жағдай. Ал біз кемшілік жіберуден ұяламыз, алдаудан ұялмаймыз. Заман талабы шығар, бірақ оның қыруар қаражат екенін ескермей, ата-ананың қалтасына салмақ салып жатырмыз. Сондықтан жанды дауыста айтуды өз басым қолдаймын.

    Қаншама адам болса, сонша пікір. Десе де, әсіресе, үлкен сахнадағы белгілі әншілердің концертіне 20 мың теңгеден бастап 50-60 мың теңгеге дейінгі билетті сатып алып, фонограммамен ауыз жыбырлатқан концерт көріп қайту – әділетсіздік. Сондықтан ондай концерттердің жанды дауыста өтуін қадағалайтын арнайы мамандар болуы керек, әйтпесе жанды дауыс деп көрсетіп, фонограммамен алдау жалғаса беретін сияқты. Тіпті «Бармақ басты, көз қысты» дегендей, «келісіммен» көз жұма салу деген дүниелер болуы да мүмкін деп сенімсіздік танытатындар да көп. Себебі халықты алдаудың сан жолына әншілеріміз де машықтанып алған секілді. Зерделеп көрсек, фонограмма деген ұғымның да түрі көп. Мысалы, дабл (ағылшынша double) деген тәсіл бар. Ағылшын тілінен аударғанда бұл «қос трек» дегенді білдіреді. Яғни орындаушының ән айтатын минуста оның дауысы бар. Бірақ бұл негізгі емес, көмекші. Ол әншіге көмектеседі, оны қолдайды және дыбысты тығыз әрі көлемді етеді. Яғни, әнші ән айту барысында жазылған дауыстың үстіне қосылып орындайды.
    Тағы бір кең тараған түрі – әннің көп бөлігінде, әсіресе қиын жерлерінде фонограмма қолдану. Ал оңай кейбір жерлерін ғана жанды дауыста орын­дайды. Міне, осы тұста халық ол әнші­нің әнін жанды дауыс деп ойлайды екен.
    Pre record, яғни бұл – әннің бастапқы нұсқасынан ерекшеленетін әннің алдын ала дайындалған жазбасы. Жанкүйерлер еститін дыбыс альбомдық нұсқадан өзгеше, сондықтан бұл «табиғи» болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол да – фонограмма.
    Айта берсек, осындай әдіс-айла көп екен. Яғни қарапайым халықтың қай әншінің жанды дауыста орындап жатқанын ажырата алмауы да әбден мүмкін. Өйткені техника дамыған, адамнан қулық та артылмайды.
    Хәкім Абай:
    «Құр айқай бақырған,
    Құлаққа ән бе екен?
    Өнерсіз шатылған,
    Кісіге сән бе екен?» – дейді. Иә, жылдар бойы сахнаның киесі мен иесі бар екенін ұмытып, кәсіби деңгейі мен талантын таптап, кім көрінгенді сахнаға шығардық. Ол жерді ластадық, былғадық. Енді шындап тазартатын уақыт келді. Эстрада әншісі үшін дауыс, сахна мәдениеті мен ішкі шынайылық бір-бірімен үйлесуі шарт. Шынайылық болса, ән де әсерлі шығады, өз тыңдарманының жүрегіне жетеді, демек ол әншінің еңбегі ақталады. Халықтың да оған деген сүйіспеншілігі артады. Демек, бұл заң әр әншінің деңгейін айқындап, табиғи әділ сұрыптауға әкеледі деп сенеміз.
    «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған», – деп данышпан Абай атамыз айтқан қазақ әнінің қазіргі таңда мағынасы мен өңінің, әуезі мен әуенінің өзгергені шындық. Бұл жағдай есті тыңдарманды алаңдатпай қоймайды. Халық бүгінде шынайы өнерге шөліркеген. Ендеше заң қағазда емес, қоғамда болса, қалтқысыз орындалса, талап қойылса, фонограмма жойылса, елдің де, әншінің де мәдени деңгейі артар еді. Тума талант тас жарып, жалған өнерпаздар өздігінен көлеңкеде қалар еді. Әрине, арман көп, орындалса деңіз!

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Ұсынымдар

    Көпірден секірмек болған жігітті райынан қайтарды

    Көпірден секірмек болған жігітті райынан қайтарды

    3 years ago
    Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй: Алматы облысында 1000-нан астам отбасы баспаналы болды

    Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй: Алматы облысында 1000-нан астам отбасы баспаналы болды

    2 months ago
    Алматы облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

    Алматы облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

    11 months ago
    Ұлттық дәстүрден – үлкен спортқа

    Ұлттық дәстүрден – үлкен спортқа

    5 months ago
    Зайырлылық – еліміздің басты ұстанымы

    Зайырлылық – еліміздің басты ұстанымы

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>