Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бас қосып, жыл соңында облыс аумағындағы спорттық, этномәдени және туристік-сауықтыру бағытындағы нысандарды аралады. Баспасөз туры бұл жолы Ұйғыр ауданында жалғасын тапты. Аталған сапар өңірдің туристік әлеуетін кешенді түрде таныстыруға, сондай-ақ ынтымақтастық пен ілгерілету перспективаларын айқындауға мүмкіндік береді.
Қарадаладағы жер астынан тоқтаусыз шығып жатқан ыстық су маңындағы демалыс аймағына алыс-жақын шетелден де туристер келуде. Денге шипа, дертке дауа болып саналатын шипалы су бүгінде туризмнің қайнар көзі болып отырғаны да анық. Медиақауымдастық өкілдері «AllSeasons», «ECOpark», «FourSeasons», «Nammu resort» сынды бірнеше демалыс үйімен танысты.
Осыдан үш жыл бұрын ашылған «AllSeasons» демалыс орны бір тәулікте 160 адамға дейін қабылдай алады. Жылына 30-35 мыңға дейін турист келеді. Биыл демалыс орны кеңейіп, бунгало типті 6 қонақүй салынған. Ал бірнеше жылдан бері қызмет атқаратын «ECOpark» бүгінде көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай. Бізді демалыс үйінің жаңалықтарымен «ECOpark» қызметкері Тимур Маратұлы таныстырып, мұндағы хайуанаттар бағын, көшпенділердің салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық нақыштағы қазақ үйлерді көрсетті. Сонымен қатар болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Алдағы уақытта бұл демалыс үйі мемлекет тарапынан зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жолдамалар арқылы жұмыс істемек. Қымыз-қымыран, 5 уақыт тамақ, атпен серуендеу, арнайы терапиялар қосылмақ.

«FourSeasons», «Nammu resort» демалыс орындарының да сервистік қызметімен танысқан журналистер қауымы шынымен де бұл өңірдің туристік әлеуетінің қарыштап алға басқанына көз жеткізді. Әсіресе осыдан үш ай ғана бұрын ашылған «Nammu resort» халықаралық стандартқа сай жасалған ерекше нысан екенін аңғардық. Үш ай ішінде 2000-ға жуық демалушының көңілінен шыққан. Демалыс орнының директоры Есен Темірғали бізге бәрін жіті түсіндіріп, ерекшеліктерін көрсетті. Қарапайым тұрғын үшін де, қалталы азамат үшін де қолжетімді бағада екенін айтты.
Иә, әр барған демалыс орны өзіндік ерекшелігін көрсетуге тырысты. Бірақ әттеген-ай деп бармақ тістеп қайтқан тұсымыз болды. Аталған нысандарда мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық көзге ұрып тұрды. Барлық мәзір де, тіркеу орнындағы түсіндіру парақшаларындағы ақпараттар да толықтай орысша. Елімізде, жерімізде туристік кластердің қарқынды дамығанына қуансақ та, кәсіпкерлердің мемлекеттің тілін менсінбеуі жанымызға батты. Айттық та. «Білеміз, хабардармыз, бізге ол айтылған» деген жауап алдық. Айтылса, ескертілсе, ескермей, елемей отырған кәсіпкерлерге ешқандай жауапкершілік жоқ па? Заң қайда? Енді мұны құзырлы орындар тексеріп, нәтижесін шығарар деген үміттеміз.

БАҚ өкілдері арасан учаскесінен шыққан соң Шонжы ауылында орналасқан көлік бекетіне атбасын бұрды. Биыл тек республикалық емес, халықаралық бағыттағы көлік қатынасын іске қосуды қолға алған бекет жұмысын бастауға дайын. «Ерхан» ЖШС директоры Ербол Сауытжан «Шонжы – Дулаты», «Алматы – Үрімжі» сынды халықаралық бағыттағы автобустармен қатар, болашақта «Шонжы – Алматы», «Шонжы – Қонаев» сынды ірі қалалармен байланыс орнататын бағыттарды да қолға алатындарын айтты. Мұндағы басты мақсат – Қытай мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайту. Ондағы бірнеше туристік агенттікпен келісімшарт жасалған бүгінгі күнде. Енді тек соны бастау ғана қалған. 2026 жылы қарқынды жұмыстың жүретініне сендірді Ербол мырза. Қытайдан келетін туристерді біздің елдің көрікті жерлерін көрсетіп, табиғатын тамашалатуға, болмаса қандай да бір инвесторлық жобаларды жүзеге асырамын деушілерге аталмыш компания қолұшын созбақ. Ал біз жақтан ем-домға, болмаса ауылшаруашылығы техникасын алуға, басқа да кәсіпкерлік салада өз қажеттіліктерін іздеп барушы азаматтарға сол жақтағы серіктестер делдалсыз, қиындықсыз, қажет дүниелерін табуға көмектеседі. Бұл еліміздің азаматтары үшін зор мүмкіндік болмақ.
Иә, Қарадалада қарқынды жұмыс істелуде. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары тоқтаусыз дамуда. Енді, міне, туризм саласы да біртіндеп ілгері басуда. Біз бас сұққан әр нысанда туристерге барынша жағдай жасалып, сервистік қызмет көрсетудің дамығанын аңғардық. Бұл осымен тұралап қалмасы анық. Жаңа жылда жаңа тыныспен, жаңаша мүмкіндіктерге жол ашылып, туристердің іздеп келтін ерекше орнына айналатынына сенім мол.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




