Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты еліміздің алдағы даму бағытын айқындап берген маңызды саяси-идеялық құжат деуге толық негіз бар. Президент бұл сұхбатында мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын, соған сай басқару жүйесі мен әлеуметтік саясаттың мазмұны түбегейлі жаңарып жатқанын атап өтті.
Алатау қаласының құрылуы – осы жаңғыру үдерісінің нақты көрінісі. Жаңа қала – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін, заманауи талаптарға сай жоспарланған аумақ. Мемлекет басшысы атап өткен теңгерімді даму, өңір әлеуетін күшейту және азаматтардың өмір сапасын арттыру сияқты басымдықтар Алатау қаласын дамыту тұжырымдамасының негізіне айналып отыр.
Президент сұхбатында әлеуметтік саясатқа ерекше мән берілді. Адами капиталды дамыту, білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, әлеуметтік қолдаудың әділетті әрі қолжетімді жүйесін қалыптастыру – жаңа кезеңнің басты міндеттері. Бұл бағыттар жаңадан құрылған Алатау қаласы үшін де негізгі басымдық болып айқындалды.
Бүгінде қалада әлеуметтік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыру, тұрғындарға сапалы білім беруге жағдай жасау, жастар мен отбасыларға қолайлы орта құру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл – Мемлекет басшысы белгілеген «Әділетті Қазақстан» қағидатының жергілікті деңгейде жүзеге асуының айқын дәлелі.
Президент атап өткендей, мемлекеттің басты құндылығы – адам. Осы ұстаным Алатау қаласының дамуында да негізгі бағдар ретінде қабылданды. Қала тұрғындарын әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді нығайту – алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының сұхбаты Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне сенімді қадам жасалғанын көрсетеді. Алатау қаласы сол жаңғырудың бір бөлігі ретінде қалыптасып, болашақта әлеуметтік жағынан дамыған, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалаға айналатынына сенім мол.
Несіпбаева Гүлбану Сейткенқызы,
Алатау қаласы әкімінің орынбасары




