Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың қатысуымен қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуды облыстық кеңес төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев жүргізіп, оған кеңес мүшелері мен басқарма басшылары және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Қоғамдық кеңес отырысында әлеуметтік саланың өзекті мәселелері, атап айтқанда, халықтың аз қамтылған осал топтарын қолдау және білім, мәдениет, жастар саясаты, дін істері және ішкі саясат сынды салалардағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Әлеуметтік салаға жауапты мемлекеттік органдардың өткен жылғы жұмысына терең талдау жасалды. Сонымен қоса, бірнеше басқарманың басшылары өздерінің есептік баяндамаларын ұсынып, алдағы атқаратын жұмыстарының жоспарын саралады.
Жиында ең алдымен ұлттық-мәдени бірлестіктердің, құқық қорғау және басқа да қоғамдық ұйымдардың қызметін жүйелендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мәселесі қозғалды. Сонымен бірге білім сапасын бақылауды күшейту, мектептерге нысаналы әдістемелік қолдау көрсету, саланың цифрлық трансформациясын жеделдету қажет екені атап өтілді. Сондай-ақ биыл облысымызда өтетін көркемөнер және әдебиет саласындағы фестивальдер мен байқаулар, тарихи тұлғалардың мерейтойына арналған ауқымды мәдени шаралар жайы баяндалды. Дін істері басқармасы тарапынан радикал идеялардың таралуына жол бермеу, жастар арасындағы діни сауатты арттыру бағытында жаңа жобалар жүзеге асатыны, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы да түрлі игі бастамаларды қолға алып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосатыны турасында айтылды.
Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев кейбір басқармалардың жоспарын көппен бірге қайта қарап, тиісті толықтырулар енгізу қажет екенін айтты.
«Бүгінгі күннің басты талабы – ашықтық пен объективтілік. Бұл орайда мемлекеттік құрылымдардың жүйелі және нәтижелі жұмыс істеуі үшін қоғамдық кеңестердің маңыздылығын арттыруға назар аударылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл институт тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Осы бағытта белсенді жұмыс істеуге күш саламыз», – деді Қазыбек Дәуітәлиев.
Кезекті кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев еліміздің әлеуметтік саясатындағы басты бағыттардың бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру және осал топтарды барынша қолдау екенін тілге тиек етті. Ғани Айдарұлының сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы мақсатқа негізделген. Сол үшін жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеру аса маңызды.
«Бүгінде қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның мүддесін білдіретін, түрлі деңгейдегі шешімдерді талқылайтын, атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін белді әрі әлеуетті институтқа айналды. Өңірдің бірқатар әлеуметтік салаларында қордаланған мәселелер аз емес. Аймақта азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер саласында ақсап жатқан жұмыстардың бар екені аңғарылады. Бүгінгі отырыстағы ұсыныстардың барлығы ескеріледі. Мұндай кездесулер жалғаса берсе, қоғамдағы өзара түсіністік пен сенім арта түсіп, халықтың мемлекетке деген үміті нығая беретіні анық», – деді отырысты түйіндеген Ғани Айдарұлы.
Ерзат АСЫЛ




