Еларалық «Turkistan» газетінің 5 қаңтар күнгі биылғы №1 санында
жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген
көлемді бағдарламалық сұхбатын үлкен қызығушылықпен оқып шықтым.
Өмір бойы баспасөз саласында қызмет еткен, қазір зейнеткерлік демалыстағы
ардагер журналист ретінде маған Мемлекет басшысының «Газет-журналдар
қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деп, мерзімді баспасөзге жоғары баға
бергені қатты ұнады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік желі адамның
ойлау қабілетіне зор зиян келтіріп жатқанын айтыпты.
Шынында да Президентіміз айтқандай, қазіргі таңда баспасөз заман
талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет
тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән
береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер
сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес
қосып келеді. Бүгінгі күні озық технология мен техниканың арқасында
газеттердің безендірілуі де айтарлықтай жақсарып, тақырыпқа сай әртүрлі
суреттер, диаграммалар, инфографика берудің арқасында оқырманға
ұсынатын ақпарат мейлінше тартымды, ұғынықты бола түсуде. Соның
арқасында ол есте ұзақ сақталады және күнделікті өмірде қолдануға өте
ыңғайлы. Ал әлеуметтік желідегі ақпарат қанша әдемі, әсерлі айтылса да
шынайы тыныс-тіршіліктен алыс екенін көпшілік жақсы біледі.
Сол себепті де қоғам мүшелері тек найзағайдай жарқ етіп, елді елең
еткізетін, бірақ танымдық жағы төмен, пайдасыз бейнежазбалар көрумен ғана
шектелмей, мән-мағынасы терең, жеке адамның, қоғамның дамуына титтей
де болса пайдасын тигізетін анық, терең сарапталған ақпараттың қадірін
білгені, сондай мағлұматтарды пайдаланғаны дұрыс деп санаймын. Әйтпесе,
көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов
ағамыздың: «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, бір ауыз сөз айықпас дерт
жияды» деп жазғанындай, бір ауыз жалған ақпарат дүниенің астан-кестеңін
шығаруы мүмкін. Сол үшін де күнделікті газет-журнал оқу, кітап оқу,
шынайы ақпаратты мерзімді баспасөзден іздеу дағдысын қалыптастыру
керек. Бұл – салауатты, жан-жақты жетілген саналы, отаншыл ұрпақ
тәрбиелеу тұрғысынан да өте маңызды!
Президентіміз айтқандай, оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым
жаһандық дамудың алғы шебінде бола береді. Осы көштен қалмау үшін біз
де оған жеткілікті көңіл бөліп, қалың жұртшылықты оқу мәдениетіне
баулуымыз, газет-журнал, кітап оқуға ынталандыратын кешенді жұмыс
жүргізуіміз қажет!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ардагер журналист
Талғар ауданы




