Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібінде конституциялық реформа аясында азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар талқылануда. Комиссия жұмысының ашық форматта, тікелей эфирде өтуі кейінгі жылдары жария етіліп жүрген «ашық мемлекет» қағидаттарына сай қадам деп есептеймін.
Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі қоғамның конституциялық өзгерістерге немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді. Бұл – азаматтық белсенділіктің артқанын және негізгі заңға қатысты қоғамдық сұраныстың бар екенін аңғартады. Сонымен қатар, ұсыныстардың бір жүйеге келтіріліп, жинақталған кесте түрінде қаралуы институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізіліп жатқанын білдіреді.
Сонымен бірге, талқылаудың келесі кезеңдері реформаның тиімділігін айқындайтын негізгі фактор болмақ. Ұсыныстардың қандай бөлігі нақты құқықтық түзетулерге айналатыны, қандай критерийлермен іріктелетіні және қабылданбаған бастамалар бойынша түсіндіру жұмысының жүргізілуі – қоғамдық сенім үшін маңызды.
Конституциялық реформа тек рәсімдік ашықтықпен емес, нәтижелердің айқындығымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, комиссия жұмысының қорытындылары мен қабылданатын шешімдер қоғам тарапынан мұқият бақылауда болатыны анық.
Сатибаев Алмасбек Қожабекұлы
AMANAT партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы





