Конституциялық комиссияның екінші отырысы Астанада ашық форматта өтіп жатыр. Жиын конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Талқылау барысы тікелей эфирде көрсетіліп, комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделгені айқын көрініп тұр.
Отырысты модерациялаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін хабарлады. Оның айтуынша, барлық ұсыныстар біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылып, жүйелі түрде қаралуда. Бұл азаматтар мен сарапшылардың конституциялық өзгерістерге белсенді қатысып отырғанын және реформалардың қоғамдық маңызы жоғары екенін көрсетеді.
«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын айқындайды: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі» – деді Эльвира Азимова.
Отырыс барысында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалады. Атап айтқанда, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынады.
Жалпы, комиссия жұмысының ашық жүргізілуі, ұсыныстардың жүйелі түрде талқылануы және мемлекеттік билік тармақтары өкілдерінің қатысуы конституциялық реформалардың сапалы әрі жан-жақты пысықталып жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде қоғамның саяси үдерістерге деген сенімін нығайтып, елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне негіз қалыптастырады.
Саурбаева Риза Санакқызы,
Алатау қаласының аналар кеңесінің төрағасы




