Перейти к содержимому
Главная страница » Қыс қызығы – шаңғыда

Қыс қызығы – шаңғыда

    Кеген ауданында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл сайын «Денсаулық» фестивалі өткізіледі. Қысқы спорт мерекесі биыл Бөлексаз ауылының тұмса табиғаты аясында жалғасын тапты. Облыстық полиция департаменті және Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрлі шараға 500-ден астам өңір тұрғыны мен мемлекеттік қызметкер қатысты.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция майоры Әлішер Ахметжанов, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Көпжасар Нұрлыбай жиналған көпшілікті салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға шақырып, ізгі тілектерін жеткізді.
– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері арасында спортты кеңінен дәріптеу, мемлекеттік қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыру, ұжымдық бірлікті нығайту және жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу. Жастарға айтарым, спортты серік етіңіздер, денсаулықты басты байлық деп біліңіздер. Есірткіге, зиянды әдеттерге жол жоқ. Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі, – деген Кеген ауданы басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараның өтуіне атсалысқан спорт әдіскері Ғани Байжұмаұлы, Самат Әлімғожаев, Мұрат Тобажанды, сондай-ақ «Денсаулық» фестивалі – 2026» аясындағы маңызды іс-шараны кеңінен насихаттап, қоғамға шынайы әрі жедел ақпарат жеткізудегі белсенді еңбектері үшін «Өлке тынысы» ЖШС ұжымын Алғыс хаттармен марапаттады.


– Есірткі, алкоголь секілді заһарлы, зиянды заттарға әуестенгенше, жастарымыз қысқы, жазғы спорт түрлеріне бейімделгенін оң құбылыс деп санаймыз. Менің есімде, ағаларымыз Бөлексаздан шаңғымен шығып, Жаманбұлақ арқылы Дәмердің сайынан өтіп, Тасбұлаққа дейін баратын. Сондай жақсы үрдіс қалыптасып келе жатқанына қуанамын. «Денсаулық» фестивалі жыл сайын ізгі жалғасын таба берсін! – деді осы ауылдың тумасы, «Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов қатысу­шыларға ақ батасын берді. Бас төреші Гайдар Мұқанқожаев жарыстың ережесімен таныстырды.


«Денсаулық» фестивалінің негізгі бәсекесі – шаңғы жарысы. Осы спорт түрімен айналысатын әуесқойлар Бөлексаз ауылының сағасында сынға түсті. Сайыс жас ерекшелігі бойынша ерлер мен әйелдер арасында өткізілді. Олар 1 км және 3 км қашықтықта сырғанады. Бұдан басқа, шанамен сүйреу, арқан тартыс, бұқа тартыс, қолкүрес, бөрене көтеру бойынша да өзара мықтылар анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Кеген ауылдық округінің командасы жеңіп алса, Бөлексаз ауылдық округінің командасы ІІ орынды иеленді, ал ІІІ орын Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлеріне  бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль және бағалы сыйлықтар табысталды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы