Алматы облысының тұрғыны ақылы негізде көрсетілген оқыту қызметінің сапасына қатысты шағымданып, көрсетілген қызметтің талапқа сай болмауына байланысты ақшалай қаражатты қайтаруды талап еткен.
Аталған мәселе бойынша кәсіпкер тарапынан тұтынушы талабын қанағаттандырудан бас тарту фактісі орын алған.
Осыған байланысты тұтынушы Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, тиісті кеңес алды. Департамент қызметкерлері өтінішті зерделей отырып, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының талаптарына сәйкес тұтынушының құқықтарын қорғау тәртібін түсіндіріп, сатушымен түсіндіру және алдын алу сипатындағы жұмыс жүргізді.
Нәтижесінде көрсетілген қызмет бойынша туындаған дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сатушы тарапынан өтініш берушіге 240 000 (екі жүз қырық мың) теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат толық көлемде қайтарылды.
Аталған жағдай тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың тиімді жұмыс істейтінін және әрбір азаматтың сапалы қызмет алуға, сондай-ақ көрсетілмеген немесе сапасыз қызмет үшін өз қаражатын қайтарып алуға құқылы екенін көрсетеді.
Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты тұрақты негізде жалғастырып, азаматтардың өтініштерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарайды.




