Кеген ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Нысанның салтанатты ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Шыңғыс Сайранұлы жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Аудан орталығында жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды. Барлығыңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Ел қауіпсіздігі жолындағы ортақ іске үлес қосқан «AS Karasay» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, құрылыс саласының мамандарына және жауапты мекемелерге алғысымды білдіремін, – деген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиевті Алғыс хатпен, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы мен «AS Karasay» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медет Омархановты министрліктің 30 жылдығына арналған медальмен марапаттады. Сондай-ақ төтенше жағдайларда тез әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретін «Трэкол» маркалы автокөлігінің кілтін азаматтық қорғау капитаны Алдияр Берікұлына, жаңа ғимараттың символикалық кілтін Кеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Тергеусізовке салтанатты түрде табыс етті.
– Бүгін заманауи үлгіде ашылып жатқан өрт сөндіру бөлімі 11 елдімекен мен 12 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ғимаратта 21 жеке құрам қызметкерлері жұмыс атқарады, – деген облыс әкімі Марат Елеусізұлы аудан тұрғындарын жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуымен құттықтап, «Камаз АЦ-5-40» маркалы өрт сөндіру автокөлігінің кілтін азаматтық қорғау лейтенанты Нұргелді Бақытбекұлына, «Toyota Hilux» маркалы жеңіл автокөлігінің кілтін азаматтық қорғау аға лейтенанты Дәурен Ринатұлына табыстады.
Одан кейін сөз кезегі сала ардагері Ерғали Тәліповке берілді. Ерғали Сатыпалдыұлы өрт сөндіру бекетінің маңыздылығы туралы сөз қозғады.
Бұдан соң ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ресми түрде жаңа ғимараттың лентасын қиды. Одан кейін шараға келгендер нысанның ішін аралап көрді.
Айта кетейік, жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы 2024 жылы басталып, оған бюджеттен жалпы 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде екі қабатты заманауи ғимарат бой көтерді. Алдағы уақытта екі ауысыммен жұмыс істейтін нысанның ішінде тамақ ішетін, демалатын, спортпен шұғылданатын, жуынатын бөлмелер бар. Нысан барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
