Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данияр Қасқарауов, Жанарбек Әшімжан және Максим Рожин Жамбыл ауданына келді. Халық қалаулылары бірқатар өндіріс орны мен әлеуметтік нысандарды аралап, инвестициялық жобалар аясында іске қосылған кәсіпорындардың жайын білді.
Депутаттар алдымен Қазыбек бек бекетіндегі автокомпоненттер мен автомобиль аксессуарларын өндіретін «QazElastoPlast» ЖШС зауытына барды. Өткен жылы ғана іске қосылған кәсіпорында 30-дан астам адам жұмыс істейді. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек етуге мүмкіндік ашылып отыр. Зауытта отандық автоөндірушілерге арналған автополиктер, төсеніштер, шашыратқыштар және тығыздағыш резеңке таспалар шығарылады. Халық қалаулылары өндіріс үрдісін көріп, еңбек ұжымының әлеуметтік жағдайын білді. Кездесу кезінде зауыттың өндірістік қуаты, инвестициялық әлеуеті, жаңа жұмыс орындарын ашудағы маңызы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі сөз болды. Өндірісті кеңейту, өнім көлемін арттыру және отандық автоөндірушілермен байланысты күшейту мәселесі талқыланды. Кәсіпорынға тартылған жеке инвестиция көлемі 600 миллион теңге. Алайда шикізат Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Өндіріс орнының басшылары бизнесті әрі қарай кеңейту үшін тағы қосымша қаржы қажет екенін, осы орайда мемлекет тарапынан қолдауға, жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға үміт артатынын білдірді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан отандық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, өңірде ірі инвестициялық жобаларды дамыту үшін жергілікті кәсіпорындардың жұмысын өрістету керек. Бұл – өңір экономикасын әртараптандыруға және қазақстандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалған нақты қадам. Жеті мың тұрғыны бар Қазыбек бек бекетінде индустриялық аймақ құрылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Халық қалаулылары Жайсаң ауылындағы жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаторияның материалдық-техникалық базасымен танысып, көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасына назар аударды. Бұған дейін ауылда 1960 жылы салынған ескі фельдшерлік қосын жұмыс істеп келген. Халық саны көбеюіне байланысты амбулатория қажеттігі туындаған. Жаңа амбулатория сол тозығы жеткен нысанның орнына салынып, бүгінде 2500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетуде. Медициналық нысан ауылдық денсаулық сақтауды жақсарту ұлттық жобасы аясында салынды. Құрылысқа бюджеттен 290 миллион теңге бөлініп, жұмыс бір жылда аяқталды. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сапар барысында депутаттар ауыл халқы үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды екенін атап өтті. Жаңа амбулатория тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуіне, аурулардың алдын алуға және ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 38 медициналық нысан салу көзделгенін, бұл мақсатқа 8,3 млрд теңге қаражат бөлінгенін айтты. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.
Жайсаңдағы кездесуде ауылдық жерлерге жастарды тарту мәселесі көтерілді. Ол үшін елдімекендерде инфрақұрылым дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Жайсаңдағы амбулаторияға да жас мамандар қажет. Мұнда 10 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде ересектер дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігер және амбулатория меңгерушісі Динара Болатова балалар дәрігері болып жұмыс атқарады. Ауылдық жерге жас маман тарту бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға келген жас маманға 8 миллион теңге көлемінде көтермеақы қарастырылған.
Одан кейін депутаттар Қарасу ауылдық округіндегі «BOSAGA Co» ЖШС-нің заманауи кірпіш зауытының құрылысымен танысты. Қазір зауыт салынып жатыр, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылғанда кәсіпорын жылына 50 млн дана кірпіш өндіретін болады. Кездесу кезінде зауыттың экологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Кәсіпорында қоршаған ортаға зиянды әсерді болдырмау мақсатында өндірістік мұржалар арнайы заманауи сүзгілермен жабдықталатыны айтылды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалақының уақытылы төленуі мен мөлшері сөз болды. Депутаттар өндірістік нысандарда еңбек жағдайының заң талаптарына сай болуын және әлеуметтік жауапкершіліктің сақталуы маңызды екенін атап өтті. Аталған жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Депутаттар жұмыс сапары кезінде Ұзынағаш ауылында салына бастаған өнер мектебінің құрылысымен де танысты. Мердігер мекеме өкілдері ғимараттың төрт қабатты болатынын айтты. Кездесу барысында құрылыс кестесі, сапа талаптары және жобаның уақытылы аяқталуы сөз етілді. Мәжіліс депутаттары әлеуметтік маңызы бар бұл нысан ауыл балаларының шығармашылық қабілетін дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы жүргізілуінің маңыздылығына назар аударды.
Сапар кезінде Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақниет Тұматаев, аудандық мәслихат төрағасы Мадияр Әмірғалиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ықылас Амалбек Мәжіліс депутаттарымен бірге жүрді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
