Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының «ABAI TEAM» командасы Қонаев қаласында өткен робототехника байқауының облыстық кезеңінде үздік шығып, жеңімпаз атанды. Енді олар Астана қаласында өтетін Орталық Азия ойындарына қатысады.
Робототехника – тек инженерлік бағыт қана емес, сонымен қатар балалардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін, зияткерлік және танымдық дағдыларын дамытуға ықпал ететін тиімді құрал. Сондықтан бүгінгі заманауи білім беру жүйесіне робототехника секілді жаңа технологияны енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында да бұл бағытты дамыту белсенді түрде қолға алынуда.
– Өзім еңбек етіп отырған мектепте сабақтан бөлек, қосымша робототехника курсын жүргізуді жөн көрдім. Бұл ойымды мектеп директоры Айгүл Сатанқызы қолдап, сол бастама нәтижесінде «ABAI TEAM» командасы құрылды. Оның құрамында 4 «В» сынып оқушылары – Бексұлтан Ерболұлы, Райана Ерікжан, Айсана Аманжол мен Мұхаммад-Әли Берікбол бар. Аз уақыт ішінде жақсы нәтижеге қол жеткіздік және осы бетімізден қайтпай, əлі талай биік шыңдарды бағындырамыз, – дейді информатика пәні мұғалімі Ұлжан Жақсылық.
Жуырда Қонаев қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «USTEM Foundation» қоғамдық қорының бірлесуімен робототехникадан «FIRST» халықаралық байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Аталған сайыста «ABAI TEAM» командасы Гран-при иегері атанып, «Champion’s Award Winner» марапатына ие болды. Сонымен қатар Астана қаласында өтетін робототехникадан Орталық Азия кезеңіне жолдама ұтып алды. Осы аралықта аталған команда қаңтар айының 5-6 күндері SDU University базасында ұйымдастырылған роботтар фестиваліне де қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Ал қазір олар елордада өтетін үлкен жарысқа дайындық үстінде.
– Астана қаласында өтетін халықаралық байқаудың тақырыбы «Археологиялық қазбаларды зерттеу» болғандықтан, балалар осы сала мамандарының жұмысын жеңілдететін роботтар жасауды жөн көрді. Соның аясында біздің топ жер астындағы артефактілерді табуға арналған «АрхиБот», оны зерттеу аймағына жеткізетін кран мен экспедициялақ көлік, қазба жұмыстары жүргізілетін жерді жарықпен қамтамасыз етіп, қолданылатын роботтарды қуаттандыруға мүмкіндік беретін жел диірменін, археологтардың демалуына және жұмыс істеуіне жағдай жасайтын қозғалмалы үй мен экспедициялық алаң секілді робот құрылғыларын жасады.
Қазір осы құрылғыларды сынақтан өткізіп, жан-жақты жетілдіру үстіндеміз, – дейді Ұлжан Жақсылық.
Жас өнертапқыштарды жетістіктерімен құттықтаймыз! Сондай-ақ алдағы халықаралық байқаудың республикалық кезеңінде де олардың озық нәтиже көрсететініне сенім білдіріп, сәттілік тілегіміз келеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы




