[um_weather city="Қонаев"]
Жұма, Қаңтар 9, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Сапалы ауыз су – зор денсаулық кепілі

    07.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Парламент
    Сапалы ауыз су – зор денсаулық кепілі
    0
    SHARES
    7
    VIEWS

    Біраз жылдан бері қалыптасқан депутаттық дәстүр биыл да жалғасты. Халық қалаулылары жаңа жылдың алғашқы күндерінен ел өңірлерін аралайтын жұмыс сапарына шықты. «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Талғар ауданында болып, бірнеше маңызды нысандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Партияның аудандық филиалы кеңсесінде қоғамдық қабылдау өткізді.
    Астанадан келген мәртебелі меймандар ең алдымен аудан орталығының тұрғындары үшін аса маңызды магистральды су құбырының құрылысын аралап көрді. Талғар қаласының жоғарғы бөлігінде, Абай атындағы көшенің бойында салынып жатқан бұл нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Депутаттар селден қорғау бөгетінен № 2 алаңға дейін тартылатын су құбырының жай-күйімен жан-жақты танысып, құрылысқа жауапты бейінді қызметтердің ақпаратын тыңдады. Сапар барысында депутаттарға аталған нысанның тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ТКШ қызметінің басшылары, жергілікті мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері еріп жүрді.
    Құрылысты жүргізіп жатқан «Толағай-2050» ЖШС мердігерлік ұйымының өкілі, учаске басшысы Бақтияр Сарыбаевтың айтуынша, нысанның құрылысы төрт жыл бұрын басталғанымен әлі аяқталмаған. Бөлінген қаржының тең жартысы ғана берілгенімен, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 65%-ы орындалып, ұзындығы 450 метр магистральдық құбырлар төселген. Әйтсе де уақтылы және толық қаржыландырудың болмауынан өңір тұрғындарының тіршілігі үшін аса маңызды нысан аяқталмаған күйінде қалып отыр. Бұл қаланы сумен жабдықтау жүйесіне тікелей әсер етеді, оның жүктемесі жыл сайын артып келеді, әсіресе жазда қатты сезіледі. Бұл су құбыры Талғар қаласы ғана емес, оған жақын орналасқан Кеңдала ауылдық округінің Ақдала кентінің халқын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі кезде мұнда жалпы көлемі 4300 текше метр болатын үш резервуар 35-40 мың тұрғынға тіршілік нәрін жеткізіп тұр. Бұл тұрғындар саны жыл сайын өсіп келе жатқан аудан орталығы үшін әсіресе жазғы кезеңде тым жеткіліксіз.
    Егер жаңа жүйе толық іске қосылса, тұрғындарды ауыз сумен қамту көлемі тәулігіне тағы да 7600 текше метрге ұлғаяды. Ол үшін әрқайсысының көлемі 1900 текше метрді құрайтын төрт жаңа резервуар іске қосылады. Бұл – сумен жабдықтаудың сенімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаңағы төрт резервуар салынғанымен, қаржыландырудың жеткіліксіздігінен судың сапасын бақылау зертханасы осы уақытқа дейін аяқталмаған, сәйкесінше онда орнатылуы тиіс негізгі құрал-жабдықтар да әлі күнге жоқ.
    Аталған нысанды аралау және құрылыс барысын талқылау барысында оған қатысқан аудан ақсақалдары мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, сондай-ақ қала тұрғындары жылдың ыстық мезгілінде су қысымының күрт төмендейтіні, көп қабатты үйлердің, әсіресе тоғыз қабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына жетпейтіні, ал бірқатар аудандарда тек белгілі бір сағаттарда ғана берілетіні, бұл жаз мезгілінде жағдайды тым ауырлататыны жөнінде өз ескертулері мен оны жою бойынша ұсыныс-тілектерін білдірді. Ал Кеңдала және Ақдала ауылдарының саяжайларында жағдай бұдан да ауыр. Өйткені қала да, оның маңайындағы ауылдар да жыл сайын өсіп, тұрғындар саны күрт артып келеді, ал сумен қамту жүйесі бұрынғысынша қалып отыр.
    «Алатау Паблик» ЖШС директорының орынбасары Александр Мұсабеков мүмкіндікті пайдалана отырып, депутаттарға салынып жатқан су құбырынан бөлек, 1962 жылдан бері жөнделмеген желілердің тозуына назар аудару қажеттігін атап өтті. Атқарылған жұмысты өз көздерімен көріп, құрылысқа жауапты мекеме басшылары мен өкілдерінің, қала тұрғындарының ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдап, құрылыстың кешігу себептерін, не жетіспейтінін, не істеу қажеттігін мейлінше айқындап алған соң Мәжіліс депуттатары осы мәселеге қатысты өз пікірлерін білдірді.
    «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, бұл нысан өте маңызды, ал ауыз сумен қамтамасыз ету – басым мәселе.
    – Мемлекет басшысы ауылдар мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекеше көңіл бөлір отыр. Бұл міндеттің орындалуына біз, халық қалаулылары да барынша атсалысуымыз тиіс. Ал, Талғарда ауыз су мәселесі әрдайым өткір, көп пәтерлі үйлердегі су әсіресе жазда ең биік қабаттарға жетпейді. Аталған нысан қаланы сумен жабдықтау жүйесінің негізгі элементі болып саналады. Нысан пайдалануға берілген жағдайда тозған желілерге жүктеме төмендеуі, ал су беру тұрақты және жеткілікті болуы тиіс. Алайда құрылыс ұзаққа созылғандықтан, Талғар бұрынғысынша ескі инфрақұрылымды пайдалануға мәжбүр. Жоба төрт жыл бұрын басталған, алайда толық қаржыландырылмағандықтан оны іске асыру әлі аяқталмаған. Бұл – нысанды белгіленген мерзімде тапсыруға мүмкіндік бермейді. Жобаның жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайды, құрылысты толық аяқтау үшін тағы 1,7 млрд теңге қажет, ол әлі күнге дейін бюджеттен бөлінбеген. Бұл қаражат суды хлорлауға арналған жабдықтарды, зертханалық аспаптарды және негізгі технологиялық қондырғыларды сатып алу үшін қажет. Дәл осы жабдықтың болмауы нысанды пайдалануға тапсыруға мүмкіндік бермейді. Әңгіме тек құрылыс туралы ғана емес, ауыз судың сапасы мен халықтың қауіпсіздігі туралы болып отыр. Нысанды аяқтау 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған, алайда бұл мерзімді сақтау үшін негізгі материалдар мен жабдықтарды қазір атып алу қажет. Олай болмаған жағдайда жоба қайтадан қымбаттап, оны іске асыру мерзімі бұзылуы мүмкін. Сондықтан да біз жетіспейтін қаражатты облыстық бюджеттен дереу бөлу мәселесін көтеріп отырмыз, – деді Максим Рожин. Сонымен қатар ол желілердің тозуы және оларды жаңғыртуға қаржы бөлу мәселесін көтеруге уәде берді. Сапалы ауыз сумен қамту – басты байлығымыз саналатын зор денсаулықтың кепілі екеніне тоқталды. Қаржы мәселесінде ол бітпей тұрып, алдын-ала дабыл қағу жөнінде кеңес берді. Еліміздегі көптеген жаңа құрылыс нысандарының белгіленген мерзімде бітпеуінің негізгі себебі – қаржының жеткілікті бөлінбейтіндігі және дер кезінде берілмейтіндігінде екенін атап көрсетті. Егер тиісті қаржы бөлінбесе құрылыс мерзімі тағы да созылып кетуі мүмкін.
    Сондықтан депутаттар нысанды бақылауға алғандарын және бұл мәселені облыс әкімдігі мен уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде көтеруге ниетті екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, магистральды су құбыры белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс әлеуметтік маңызды стратегиялық жоба ретінде қарастырылады. Олар сондай-ақ қаржыландыру мәселесін шешуге ұмтылатынын және жобаның іске асырылу барысын парламенттік бақылауда ұстайтынын атап өтті.
    Одан соң Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутатары мен аудан әкімінің орынбасары, құрылыс саласының жауапты мамандары қала орталығында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы № 2 орта мектепке келді. Бұл – бұдан 90 жыл бұрын қабырғасы қаланған Талғардағы ең алғашқы және бірқатар танымал тұлғалар түлеп ұшқан білім ұясы. 30 жыл бойы жөнделмегендіктен, былтырғы жылы оны толық жөндеуге 2 млрд. 030 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылданып, қазір мұнда құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Бүгінге дейін барлық жұмыстың шамамен 30%-ы орындалған. Депутаттар мектепті мұқият қарап шығып, мердігерлерге бірқатар ескертулер жасады. Прораб Еркін Ниетбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары биялғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.
    Депутаттық жұмыс сапары аясында ауданда жоспарланған нысандарды аралау аяқталғаннан кейін, мәжілісмендер «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Серік Дүмшібаевтың ұйымдастыруымен азаматтарды қоғамдық қабылдау өткізді. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтарды тұрғын үймен қамту, күнкөрісі төмен отбасыларды мемлекеттік қолдау, тағы басқа тақырыптар бойынша 8 мәселе қаралды.
    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
    Талғар ауданы

    Ұсынымдар

    Бақытты ана – бақытты бала

    Бақытты ана – бақытты бала

    9 months ago
    Мықты қазақ

    Таланттар тандемі

    1 year ago
    Алматы облысының әкімі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

    Алматы облысының әкімі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

    5 months ago
    Қонаевта 13 000 оқушы ағаш тұқымын егу рәсіміне қатысты

    Қонаевта 13 000 оқушы ағаш тұқымын егу рәсіміне қатысты

    2 years ago
    Парасаттылық танытайық

    Істің байыбына жеткен жөн

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>