ҚР Парламенті Санатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Күзиев және Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Ардақ Назаров Қонаев қаласындағы жақында іске қосылған «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС жұмысымен танысты. Бұл – дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған агрокешен. Кездесуге кәсіпорын басшылығы, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары да қатысты.
Зауыттың жыл сайын 1 миллион тоннадан астам дайын өнім өндіруге мүмкіндігі бар. Жалпы инвестиция көлемі 15 миллиард теңгеден асады. 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Болашақта қызметкерлер санын арттыру көзделген. Толық циклді өндіріске элеватор, ұн, құрама жем және өсімдік майын шығаратын цехтар, шикізат пен дайын өнім қоймалары, зертхана, қазандық, локомотив депосы және асханасы бар әкімшілік корпус кіреді. Аумақта теміржол, тазарту қондырғылары, өрт инфрақұрылымы және екі бақылау-өткізу пункті орналасқан. Технологиялық жабдық ұн мен майдан бастап мал азығына дейін шығарады.
Депутаттар мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беретінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше басымдық беріп келеді. Бүгінде инвестициялық жобаларға жер беру, газ, сумен қамтамасыз ету сияқты түйткілдерді шешуде тиісті жергілікті атқарушы биліктен көмек көп. Ал кәсіпорындар жұмыс орындарын ұсынып, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп, тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосуы керек. Осыған орай Алматы облысындағы кәсіпорындардың, оның ішінде «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-ның ахуалымен танысып, талап-өтініштерін назарға алдық. Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдайдың қиындығы кәсіпкерлікке де әсерін тигізуде. Соған қарамастан Алматы облысындағы инвестициялық жобалар былтыр 25 пайызға артқан. Мұндай кәсіпорындар агроөңдеу саласында табысты нәтижеге жетуге, сол арқылы халық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді, – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




