Қазақ футболының бүгінгі қарқыны жайында спорт сарапшылары мен жанкүйер қауымның арасында неше алуан пікір айтылып жүр. Бірі соңғы уақытта елімізде футбол ойыны жанданып келе жатқанын, енді бірі, керісінше, отандық футболшылардың алаңдағы баяу қимылына көңілі толмайтынын жеткізеді. Қалай десек те, аладоп әлемінде әлі үлкен жетістікке жете қоймаған Қазақстан футболын оң бағытта дамыту үшін балалар футболына мән берілуі керек.
Қазір жер-жерде балалар футболы ерекше қарқын алып келеді. Оған жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер тарапынан айрықша назар аударылады. Соның дәлелі ретінде аймақтағы жасөспірімдерден жасақталған командалардың, футболдан Қазақстан Республикасының ресми чемпионаты мен «Halyk Open Cup – 2025» турниріндегі жақсы нәтижесін атап айтуға болады. Кәсіби мамандардың пікірінше, мұндай доп додалары бәсекелестікті күшейтеді әрі тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
2023 жылы ақпан айында облыс әкімдігінің қолдауымен Қонаев қаласында футболдан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Осынау аз ғана уақыт аралығында аталған спорт мектебінің аладоп шеберлері екі мәрте ел чемпионы атанып үлгерген. Сонымен қатар өзге де республикалық деңгейдегі турнирлерде жүлде алған. Қазір 220-дан астам жеткіншек Қонаев қаласында тәлім алса, қалған 500-ге жуық бала өзге аудандардағы жаттығу базаларында шеберлігін шыңдап жатыр.
Облыстық футболдан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ернар Нұрлановтың айтуынша, үздік жетістіктерге қарамастан, еңсеретін елеулі қиындықтар да бар көрінеді. Оның сөзінше, өңірде балалар футболын өркендетуге білікті мамандар мен сапалы стадиондар жеткіліксіз.
«Балалар мен жасөспірімдер футболының өсіп-өркендеуі үшін, әрине, ең алдымен сапалы алаң қажет. Онсыз тұрақты жетістікті қайталау қиынға соғады. Жыл сайын ішкі біріншілік басталған тұста кей аудандардағы ескірген алаңдар ойын өткізуге жарамай, командаларымыз жан-жаққа тентіреп, өзге өңірлерде доп тебуге мәжбүр болады. Бұл – облыстағы футболға қажетті инфрақұрылымның дұрыс жолға қойылмағанының анық дәлелі. Стадиондардың заман талабына сай болмауы – футбол спортының кежегесін кейін тартып жүр. Онымен қоса, кадр тапшылығы тағы бар. Өйткені ауылдық жерлерде футболдың дамуы ең алдымен балалардың дайындығына байланысты. Өткенде ел Президентінің футболды коммерцияландыру туралы айтқаны есімде. Егер футболды дамытуға жеке инвестициялар көбірек тартылып, инфрақұрылым жақсартылса, онда ауылдан шыққан талантты балалардың кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндігі артады. Сапалы алаң, заманауи құрал-жабдық және білікті бапкерлер болған жағдайда ғана нақты нәтиже көрсетеміз», – дейді Ернар Нұрланов
Түйін: Жаз айларында ауылдарда шаң ішіндегі жалғыз допқа жармасып жүрген балаларды көзіміз шалады. Күні бүгінге дейін бір жасыл алаң бұйырмай тұр. Ертең ел намысын қорғайтын футболшы сол шоғырдың ішінде жүрген шығар?! Қалай десек те, балалар футболы – ел спортының болашағы.
Ермұрат Мұқырбай
Қонаев қаласы




