Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына іссапармен келді. Вице-Премьер облыстық әкімдікте су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ұлттық экономика министрлігінің және «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, кеңесте вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік құрылымын әртараптандыру, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тарифтік саясатты жетілдіру және суды заңсыз алудың жолын кесу шаралары талқыланды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығымен» күрес жөніндегі Жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында республикалық және өңірлік деңгейде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылады. Құжатта анықталған заңбұзушылықтарды талдау, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу, тексерулер мен рейдтер ұйымдастыру, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен су шаруашылығы ұйымдары жасайтын құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар қарастырылған.
Вице-Премьер Күрті су қоймасынан суды заңсыз алудың жолын кесуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Суару маусымында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шаралары көзделген. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында күріш егісінің жалпы аумағы 5,8 мың гектардан аспауы тиіс.
Белгіленген лимиттерді сақтау мақсатында суды меншікті нормадан артық тұтынған, өсірілетін дақылдарды өз бетінше ауыстырған және тиісті келісімшартсыз су алған жағдайда тарифтерді ұлғайтуды көздейтін суармалы суды пайдалану қағидалары қабылданды.
«Суармалы судың тапшылығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мәселесі аса өзекті. Әкімдік дақылдар құрылымын әртараптандыруға және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды енгізуге ерекше назар аударуы тиіс. Күріш дақылдарының ауданын Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен индикаторларға сәйкес келтіру қажет. Былтырғы күрделі жағдайға қарамастан, вегетация кезеңінің салыстырмалы түрде жеңіл өтуіне су үнемдеу технологияларын енгізу ықпал етті. Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында атап өткендей, су ресурстарының 50%-дан астамы жерге сіңіп кетеді. Бұл заманауи жүйелерді қолданатын көрші елдермен трансшекаралық суды бөлу жөніндегі келіссөздерді қиындатады. Алдағы 3-4 жылда бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
2030 жылға дейін Қазақстандағы 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу жүйелерімен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде Алматы облысы бойынша көрсеткіш – 186,6 мың гектар. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 2026-2028 жылдары республика бойынша жалпы сипаттағы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға және суару суының құнын субсидиялауға 228,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Оның ішінде Алматы облысына 27,6 млрд теңге бекітілген.
2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бартоғай су қоймасын реконструкциялау жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын топтық су құбыры мен төрт магистральдық канал салу жоспарланған. Үлкен Алматы каналының учаскелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биыл толық аяқталады.
Жергілікті атқарушы органдар «Сұңқар» және «Тегермен» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат дайындап жатыр. Сонымен қатар төрт су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 74 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген.
Вице-Премьер облыс әкімдігіне осы жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында Еңбекшіқазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында суару желілерін реконструкциялау жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нысандардың жалпы ұзындығы 550 шақырымнан асады. Нәтижесінде 34 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және оның климаттық тұрақтылығын арттыруға елеулі үлес қосады.
Кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Биыл Алматы облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 10,8 млрд теңге бөлінеді.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бағдарлама қазірдің өзінде айқын әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындарының орташа табысы 23%-ға артқан, ал кейбір кәсіпкерлердің өнімдері басқа өңірлерге және экспорттық нарықтарға шығарылып жатыр.
Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 1436 жоба қаржыландырылып, 90 кооператив құрылды және 1616 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қазіргі таңда Алматы облысы халқының 81%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Қанат Бозымбаев ауылда тұрақты табыс көздерін, жұмыс орындарын және шағын бизнесті дамытуға қажетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының сапалы орындалуын бақылау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.
Жиыннан кейін Қанат Бозымбаев Қарасай ауданындағы темірбетон бұйымдарын өндіретін «Алтын таға» зауытына барды. Компания басшысы Мирас Орынбаев зауыттың алдағы құрылыс барысы қалай болатыны туралы айтып, жұмыс барысымен таныстырды. Компания үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Энергетика саласы бойынша жоғары кернеулі тоқтарға арналған электр бағаналары, құрылыс бағыты бойынша пир технологиясы арқылы жылу сақтағыш сэндвич-панельдер шығарылады. Ол басқа панельдерге қарағанда газ бен токты үнемдеуде екі есе тиімді. Бұл технология Орта Азияда осы уақытқа дейін қолданылмаған. Үшіншісі – машина жасау бағыты. Ол бойынша 200 тоннаға дейін жүк көтере алатын тіркемелер нарыққа шығарылуда. Өндірістегі технологияның бәрі заманауи технологиямен жабдықталған. 300-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың 98 пайызы – зауыт маңындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары. Алдағы үш жылда қызметкерлер саны 1200-ге жетпек. Бүгінгі таңда өндірістің бірінші кезеңі іске қосылған. Алдағы бес жылда фронтальды тиегіш шығару жоспарланған. Қанат Алдабергенұлы Өнеркәсіпті дамыту қоры немесе Қазақстан даму банкі тарапынан қаржылық қолдау көрсетіліп, тіркемелердің құжатын рәсімдеу бойынша көмек болатынын айтты. Сондай-ақ бұл өндіріс орнының өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие екенін, сондықтан сапасына ерекше көңіл бөлу керегін алға тартты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




