Бүгінгі балаларға «Бәріне үлгеру керек» деген талап қойылған. Жылдан-жылға күрделеніп бара жатқан мектеп бағдарламасының жүктемесі өз алдына, баланы қосымша сабақтар мен үйірмелерден қалдырмауға тырысамыз. Бұдан бөлек, достарымен кездесуі, бір уақыт бала болып ойын ойнауы да ұмыт қалмауы қажет. Мұның барлығы баланың толыққанды өсіп-жетілуі үшін өте маңызды. Ендеше, баламызды ары-бері сүйреп, зорықтырып алмай, тепе-теңдікті ұстап, бәрінің өз орнымен болуын қадағалау керек-ақ. Осы орайда күн тәртібіне ден қойып, тайм-менеджментке мойын бұрудың маңызы артатын секілді.
Дағды құралы
«Балалар үшін тайм-менеджментті меңгеру әлі ерте» дерсіз. Дегенмен, уақытты жоспарлауды кез келген жаста үйренуге болады. Бастысы, балалардың күн тәртібін түзгенде ескерілетін жайттардың барын ұмытпасаңыз болғаны. Ендеше, тақырыпты кеңінен қозғап көрелік.
Тайм-менеджмент деген не? Ағылшын тілінен тікелей аударсақ, тайм-менеджмент «уақытты басқару» дегенді білдіреді, яғни уақытты тиімді пайдалану үшін алдын ала жоспарлау. Күн тәртібі жүйелі жоспарланса, аз уақыт ішінде көп нәрсеге үлгеріп, жұмыстың өнімділігін арттыруға, кішкентай қадамдармен алдыңызға қойған үлкен мақсаттарға жетуге, бар шаруаңыз реттеліп, жұмыс жүйелі болғанда уайымды, миға түсетін салмақты азайтуға, қажетсіз әрекеттерден арылып, орнына жаңа дүниені үйренуге, күнделікті жүктеме мен бос уақыт тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді. Ал бұл мүмкіндік ересектің ғана емес, баланың міндеттері мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуіне түрткі болып, өзіне сенімін арттырады.
Уақытты жоспарлай білген бала кез келген істі орындауға қанша уақыт жұмсайтынын, қай істің маңызды, қайсысын кейінге қалдыруға болатынын бағамдай алады. Сол арқылы мектебіне де, үйірмесіне де үлгеріп, ойын ойнап, демалуға, үй тірлігіне көмектесуге де уақыт табады. Тәуліктің әр минутын өз ыңғайына икемдеп алғандықтан бар шаруасын кезегімен орындап, әр нәрсені уайымдамай, көңілі тыныш болады.
Тайм-менеджмент негізін ерте жастан меңгеру баланың болашақта кез келген істі еш қиындықсыз алып кетуіне мүмкіндік береді. Өйткені өмірге деген саналы көзқарас, жүйе мен тәртіп қалыптасады.
Тайм-менеджмент – қатып қалған қатаң қағида немесе баланың уақытын толығымен бақылауда ұстау, шеңберге қамап қою емес, оның жасы, мүмкіндіктері мен мінез-құлқын ескере отырып, қадам-қадаммен дағды қалыптастыру құралы.
Алайда тайм-менеджмент дұрыс қолданылмаса, оның кері әсері де болады. Күн тәртібі шамадан тыс қатаң, минутына дейін есептелген жағдайда бала өзін үнемі бақылауда жүргендей сезінеді. Салдарынан ішкі қысым, қорқыныш пен мазасыздық артуы мүмкін. Кейбір балаларда «қателесуге болмайды» деген үрей қалыптасып, перфекционизмге бой алдырса, енді бірі қарсылық көрсетіп, қыңыр мінез танытуы да мүмкін. Сонымен қатар жас ерекшелігі ескерілмей құрылған тайм-менеджмент баланы тез шаршатуы мүмкін. Әсіресе, демалыс пен еркін ойын уақыты жеткіліксіз болса, балада эмоционалды күйзеліс, ынтаның төмендеуі байқалады. Бұл оқу үлгеріміне де, мінез-құлқына да кері әсер етеді. Сондықтан уақытты жоспарлауды жүйелі құру маңызды.
Уақытты қалай жоспарлаймыз?
Қандай да бір дағдыны қалыптастыру үшін уақыт пен тәртіп керек. Сондықтан ә дегеннен балаға тайм-менеджментті меңгертемін деу – бекершілік. Уақытты тиімді пайдалануды үйрену – баланың жас ерекшелігіне сай, жүйелі түрде қалыптасатын өмірлік дағды.
Ең алдымен, бала «уақыт» ұғымын сезіне де, түсіне де білуі керек. Кішкентай балалар үшін «уақыт» абстрактілі түсінік болғандықтан, оны күнделікті әрекеттер арқылы нақтылап көрсету маңызды. Мысалы, «таңғы ас – балабақша – ойын – демалыс – ұйқы» секілді қайталанатын тәртіп кішкентай баланың санасында уақыттың реттілігін қалыптастырады. Күн тәртібі неғұрлым тұрақты болса, бала соғұрлым өзін қауіпсіз сезінеді. Өйткені «жаңа не болды, алда не болады?» дегенді бала білетіндіктен оған іштей дайын тұрады.
Ұл-қызыңыз сізге қарап өседі. Оларға үлгі-өнеге де – өзіңіз. Демек, уақытты жоспарлауды үйрету отбасынан басталады. Егер үлкендер асығыстыққа салынып, жоспарсыз әрекет етсе, балаға тәртіп пен жоспарлау туралы айтудың пайдасы бар ма? Сондықтан ата-ана алдымен өз күн тәртібін реттеп, баламен бірге қарапайым жоспар құруды әдетке айналдырғаны жөн.
Жоспар құрарда баланың жасы ескеріледі. Бастауыш сынып жасындағы балаларға ұзақ мерзімді жоспар емес, қысқа әрі нақты міндеттер тиімді. Мысалы, «20 минут сабақ оқып, 10 минут демалу» секілді уақыт аралықтарын белгілеу баланы шаршатпай, жауапкершілікке үйретеді. Уақыт өте келе бала өз іс-әрекетін өзі реттей бастайды.
Тайм-менеджментке баланың қызығушылығын арттыру үшін өзіңіздің уақытты жоспарлау үлгіңізді мысал етіп көрсетіңіз. Атқарылған шаруалар мен кезек күткен істерді қандай реттілікпен жүйелегеніңізді, оның қандай артықшылығы барын айтыңыз. Атқарар шаруа қордаланып қалмауы үшін оның маңыздысы мен шұғыл орындауды қажет ететіні қайсысы, жеңілі мен жылдам жасай салатыны қайсысы екенін бөлікке бөліп қарастыру тәсілін түсіндіріңіз. Бұл жерде сізге Эйзенхауэр матрицасы көмекке келеді. Эйзенхауэр матрицасы – тек ересектерге емес, балаларға да пайдалы әдіс. Оны ерте жастан меңгеру баланың жауапкершілігін, тәртібін және өз уақытын бағалай білу қабілетін қалыптастырады. Оны жас өрен апталық жоспар жасаудан бастағаны жөн. Аптаның қай күні қосымша сабағы, ал қай күні қандай үйірмеге баратынын жазып қойсын.
Есте сақтау бір бөлек, күн тәртібін жазуға машықтану бір бөлек. Жоспарды есте сақтап жүру миды шаршатып, ойды бөледі. Ал «Жазылмаған мақсат – жай ғана ниет» демекші, қағазға түскен жоспарыңыз өлшенеді, мерзімі анықталады және орындалуы бақыланады. Жазу арқылы адам неге қанша уақыт кеткенін көреді, қай жерде уақыт жоғалтып жүргенін аңғарады, не нәрсеге үлгеріп, қайсысына көп күш керектігін сараптай отырып, күн тәртібін ыңғайына қарай түзетеді. Жазылған жоспарды талдау арқылы бала жіберген қателіктерінен сабақ алады.
Қағазға түскен жоспар адамның алдында орындалмаған міндет ретінде тұрады. «Жазып қойдым» дегеннің өзі істі соңына дейін жеткізуге ішкі түрткі болады. Балалар үшін бұл – тәртіп пен өзін-өзі бақылаудың алғашқы қадамы.
Жасалған жұмыстың жанына «атқарылды» деп белгі қою қанағат сезімін тудырып, жасөспірімді алға қарай ынталандырады. Баланың бойында «мен үлгеріп жатырмын, қолымнан келеді» деген сенім қалыптастырады. Әрине, бұл жерде баланың күн тәртібін түзгенде артық жүктемеден аулақ болуды тағы ескеру қажет. Бәрін және бірден баланың алдына жая салу мәселені шешпейді. Аз-аздан, қадам-қадаммен жүйелі жоспар құрып, тәртіп пен тұрақтылықты қалыптастыру маңызды. Бұл әдіс бала психологиясына да салмақ салмай, оң әсер етеді.
Бала психологиясына әсері қандай?
Тайм-менеджменттің бала психикасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететінін психолог маманнан сұрап білдік. «Уақытты жоспарлау мен күн тәртібі бала психологиясына екіжақты әсер етеді. Тайм-менеджмент жүйелі әрі жасөспірімнің жас ерекшелігіне сай құрылған жағдайда, ол баланың қауіпсіздік сезімін, жауапкершілігін және өзіне деген сенімін арттырады», – деген ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ашылған «One Stop service – Бір қадам» орталығының практик-психологі Жеңісгүл Хабаева тайм-менеджменттің бала психологиясына кері тұсына да тоқталып өтті.
«Күн тәртібі тығыз, шамадан тыс қатаң немесе жүйесіз болса, ол баланың психоэмоционалды күйіне кері ықпал етеді. Жалпы бала қателесуден қорқады. Оң-солын енді танып, жас шыбықтай тербеліп өсіп келе жатқан бала психологиясы күн тәртібін дұрыс қабылдай алмаса, ол күйзеліске түседі. Жоспарланған қандай да бір істі уақытылы үлгеріп жасамағаны үшін өзін кінәлі сезінеді. Күн тәртібін темірдей қатаң қағида деп қабылдаса, бала өз ойын білдіре алмай, жасық болып өседі. Тек уақытқа үлгеруім керек деген жанталасқа түседі. Тайм-менеджмент – баланы «қатал тәртіпке салу» құралы емес, оның ішкі әлемін реттеп, өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінуіне көмектесетін тәрбие тетігі. Дұрыс қолданылған уақыт жоспарлау бала психологиясының саулығына қызмет етеді, ал шамадан тыс қысым керісінше нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың күн тәртібін түзгенде ең бастысы – тәртіп пен еркіндіктің арасындағы алтын теңгерімді таба білу», – дейді Жеңісгүл Жапарханқызы.
«Бес балам бар. Біреуі бақшаға барады, үшеуі мектепте оқиды, біреуі бір жаста. Түстен кейін оқитын ортаншы ұлым мен қызым аптасына екі күн домбыра үйірмесіне, домбырадан шығып, тенниске барады. Үлкен ұлым аптасына үш күн күреске қатысады. Әр күнім осы балаларды бақшасына, мектебі мен үйірмелеріне тасумен өтеді. Одан бөлек, үйдің тірлігі, қорада азын-аулақ мал бар. Олардың жем-суы да уақытылы берілуі керек. Сондықтан біздің үйімізде күн тәртібі қатаң сақталады. Балалар кім нешеде, қайда бару керегін біледі. Уақытын жоспарлауды ерте жастан үйренген. Белгілі күн тәртібімен жүру көпбалалы отбасы үшін өте ыңғайлы», – дейді Есік қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Айнұр Сансызбаева.
«Уақытты жоспарлауды үйренген, отбасында «күн тәртібі» деген түсінік бар оқушылар бірден байқалып тұрады. Ондай балалар әр ісіне тиянақты, ұқыпты болады. Үй тапсырмасын да тыңғылықты орындап келеді. Демек, бұған арнайы уақыт бөлінген және ол уақытын дұрыс пайдаланған деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда тайм-менеджменттің тиімділігі зор», – дейді Еңбекшіқазақ ауданы Райымбек батыр атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зибагүл Қосымбаева.
Қорытындылай айтсақ, тайм-менеджмент – баланың болашақтағы дербестігі мен табысының негізі, өмірін, ойын, ішкі әлемін реттеу құралы. Тайм-менеджментті үйреткенде асығыстық, қаталдық емес, сабыр, үлгі және жүйелі жоспар қажет. Уақытты бағалай білген бала ертең өз өмірін де саналы түрде құра алады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ




