Бабадан қалған дәстүрді жаңғыртып, атадан қалған аманатты арқа
тұтып, соңғы бес жылда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
бастамасымен Ұлттық Құрылтай өтуде. Осындай алқалы жиында ел
тағдырын шешіп, толғақты мәселелерді талқылап, халқымыздың жұрт болып
жұмылуы мақсатындағы бағытын бағдарлап, маңызды шешімдерді
қабылдаған. Ел тарихындағы әр құрылтайдың тарихи тағылымы да, құны да
жоғары. Дәл осы ата дәстүрді жаңғыртқан мемлекет басшысы әр жыл сайын
еліміздің тарихи орындарында ұлттық құрылтай өткізуді игі іске
айналдырды. Сол маңызы зор жиын күні кеше Сыр елінде өтті.
Мемлекет басшысы бұл жолғы жиындағы сөзінде ел әлеуетін
арттырудың маңызды қадамдарына тоқталды. Тарих – өткеніміз,
болашағымыздың болжамы. Ал біздің, яғни қазақтың тарихы тәуелсіздікке
дейін бұрмаланып, жасырып, жабумен жазылғаны анық. Отарлаушы ел
отардағы елдің тарихын тәптіштеп, ашық, әділ жазбайтыны анық. Сондықтан
бізден көп шындық жасырын ұсталды. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана
біраз ақтаңдақтардың беті ашылды. Бірақ әлі де нағыз түп тарихымызды
түгендеуден кенже қалып жатырмыз. Осыны аңғарған мемлекет басшысы әр
сөзінде тарихты тануды, әлі де зерттеліп, зерделенбеген дүниелерді анықтап,
халыққа ұсынуды тапсырып келеді. Осы құрылтайда да тарихымыз
турасында келелі ой айтты. «Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан
ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы
Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл
өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді», – дей келе ата
тарихымыз бен ұлыларымыздың есімін жаңғыртуға қатысты бірқатар
трапсырмалар берді.
Иә, қазақ елінің тізгінін қолға алғалы бері Қасым-Жомарт Кемелұлы
талай тарихи шындықтың бетін ашқызды. Талай ұлылардың атын ұрпақ
жадында ұлықтатты. Талай жер-су атаулары өзінің тарихи атауын қайтарды.
Бұл ел үшін, қазақ үшін, болашақ ұрпағымыз үшін қажетті құндылық. «Ел
боламын десең, бесігіңді түзе» дейді данышпан қазақ. Ал бесік – ұрпақ.
Демек біз сол ұрпақтың санасына Сақтан қалған салтты сіңіріп, Ғұннан
қалған ғұрыпты дарытып, қазақтың тасы да, тауы да, өзені мен көлі де, елі
мен жері де осы мемлекеттікі екенін сынаша қағуға тиіспіз. Бұл үшін
ақсақалдар болып еңбек етіп, жастардың бойына тарихымызды,
патриотизмның дәнегін егіп, нағыз ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуге
атсалысуымыз керек. Бұл біздің – басты міндетіміз. Осы тұста біз мекендеген
Қарадаламыздың да тарихи атауы жаңғырып, шындық салтанат құратын күн
туар деп сенудеміз. Өйткені ол –тарих, ал тарих – өркениетке қадам.
Жәнет Сәдіұлы,
Ұйғыр аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық
бірлесітігінің, ақсақалдар кеңесінің төрағасы




