Перейти к содержимому
Главная страница » Туған жер көрінісі

Туған жер көрінісі

      Туған жер – әр адамның жүрегіндегі ең қастерлі, ең ыстық мекен. Әрбір соқпағы, әр тасы, әр ағашы мен самал желі – балалық шақтың естелігі, жүрекке мәңгі жазылған сурет. Осыған орай, Кеген ауылындағы Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебінде «Туған жердің көрінісі» атты сурет көрмесі өтті.

Шараның негізгі идеясы – сурет әлемі арқылы жас ұрпақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, шығармашылығын шыңдау. Көрмеге мектеп үйірмелеріндегі оқушылардың жұмыстары қойылды.
«Ақ жүрек – Кеген» облыстық есту қабілеті нашар мүгедектер қоғам­дық бірлестігінің басшысы Ерлан Асанұлы шараның басты мақсаты – жас дарындардың шығармашылық белсенділігін қолдау екенін атап өтті. Сонымен қатар ол балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыз­дылығына тоқталып, оқушылар­дың туған жеріне адал, елін сүйетін азамат болып қалыптасуы үшін білімге ден қою қажеттігін тілге тиек етті.
«Туған жер – тұғырың, өнер – қанатың» деген ұстаныммен өткен бұл шара көрерменге ерекше әсер етті. Қазылар алқасы жұмыстардың мазмұны мен көркемдік шеберлігін ескере отырып, ең үздік суреттерді іріктеп, жеңімпаздарды анықтады. Көрмеге қатысқан балаларға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталып, шығармашылық еңбектері жоғары бағаланды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы