«Кегенге кел» әні шырқалғанда, тыңдарман ең әуелі оның авторын емес, туған жерін ойлайды. Өйткені ел жүрегіне сіңген мұндай туындылар жеке адамға ғана тиесілі болмай, халықтың ортақ қазынасына айналып кетеді. Десе де, әннің сөзін де, әуенін де өзі жазып, туындыны өмірге әкелген сазгер, әнші, Мәдениет қайраткері Жақсылық Әбдірамановтың еңбегіне айрықша тоқталған жөн.
Автордың өмір жолы да осы ән секілді. Ол туған жердің қасиетін сезініп өсті, елдің үнін, халықтың тынысын өнеріне арқау етті. Шығармашылығы сыртқы сән-салтанатқа емес, ішкі тереңдікке құрылды. Туындысының әр жолынан туған өлкенің самалы есіп, әр әуенінен балалықтың аңғал ізі, елге деген іңкәрлік аңғарылады.
Жақсылық Әбдіраманов 1947 жылдың 29 шілдесінде Кеген ауданы Шыбышы ауылында дүниеге келді. Бұл – ел еңсесін енді ғана көтеріп, соғыстың жарасын әлі ұмыта қоймаған кезең еді. Әкесі Шәми мүгедек болып елге оралған майдангер. Ал анасы Күлше – тылда еңбек етіп, Шығыс Қазақстандағы Лениногорск шахтасында кен қазған қайсар жан. Осындай тағдырлы ата-ананың шаңырағында дүниеге келген баланың болмысы да ерте есейді. Әжесі жаңа туған сәбиге «Енді ел басына жақсылық орнасын, қанды қырғын қайталанбасын» деген ниетпен Жақсылық деп ат қойды. Ел ішінде оны еркелетіп Жақан деп атады.
Ауыл өмірінің қарапайым тіршілігі, кең дала, тау самалы, ел ішіндегі ән мен күй Жақсылықтың жанына ерте сіңді. Өнер оны сырттан келген әуестігімен емес, туабітті талантымен өзіне тартты. 1967 жылы Алматыдағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түссе де, жүрек қалауы басқа арнаға бұрды. Ол Целиноград қаласындағы педагогикалық институттың музыка училищесіне ауысып, музыка пәні мұғалімі мамандығын меңгере бастайды. Алайда тағдыр тағы да таңдау жасатты. Соғыс салған жарасы асқынған әкенің денсаулығы сыр беріп, отбасының бар жауапкершілігі үлкен ұлдың мойнына түсті. Жақсылық оқуын аяқтай алмай, еңбекке ерте араласты. Бірақ өнерден қол үзген жоқ. Керісінше, өмірдің өзі оның ең үлкен ұстазына айналды.
Кейіннен Жақсылық Әбдіраманов Кеген аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналасып, ондағы қызметі шығармашылық жолындағы шыңға көтерген шабытты кезең болды. Шыбышы, Көкпияз ауылдық клубтарында меңгеруші бола жүріп, ол халық өнерінің шынайы қайнарымен бетпе-бет келді. Ауыл сахнасында, ел арасында, тау ішінде табиғатпен сырласа жүріп талай тың дүниелерді өмірге әкелді. 1975 жылы «Таллин – 75» халықаралық байқауына қатысуы оның өнерге деген сенімін одан әрі бекіте түсті.
1984 жылы Кеген ауданына бірінші хатшы болған Зиядин Мыңбаев аудан мәдениетіне жаңа серпін әкелді. Оның «Ән шығарсаң, әуелі өз ауылыңды жырла» деген ұстанымы аймақ өнерпаздарына бағыт-бағдар болды. Осы ой Жақсылықтың да жүрегіне қозғау салып, ол туған өлкенің табиғатын, самал желін, кең жайлауын әнге қосты. Әуені де, сөзі де шынайы сезімнен туған туындының аты да айқындалып, «Кегенге кел» деп жұртшылық біткенді жұмақ мекенге шақыра бастады. Тыңдарман жүрегіне жол тапқан ән көп ұзамай ел арасына кең тарады. Кейін сол кездегі аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Амангелді Бұқабаев әнге орынды сын айтып: «Кегенді ғана емес, аудандағы өзге де елдімекендерді қоса жырласаң, әннің тынысы кеңейер еді», – дейді. Бұл ақыл жаңа шабыттың есігін ашты. Әнге Қарқара, Шырғанақ, Көлсай, Жалағаш, Алғабас, Ұзынбұлақ, Жылысай сынды ауылдардың аттары да енді. Әр адам өз ауылының атын естіген сайын әнді жүрек төріне қондырып, жандүниесіне жақын тұтты. Осылайша «Кегенге кел» ауданның бейресми әнұранына айналды.
1995 жылы Кеген ауданы таратылып, Райымбек ауданы құрылды. Бұл өзгеріс әннің тағдырына да әсер етпей қоймады. Сонда Жақсылық Әбдіраманов әнге тағы бір шумақ қосты:
Шалкөде, Шоғансай мен Байынқолым,
Үш Қақпақ, Қайнар, Текес, Нарынқолым.
Райымбек туын тіккен Хантәңірден,
Көріп қайт Мұқағали жүрген жолын.
Осылайша ән бір ауданның емес, тұтас өңірдің рухани жырына айналды.
2003 жылы «Кегенге кел» Қазақстанның таңдамалы әндері қатарына кіріп, сол жылы туынды авторы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болды. Дамылсыз ізденіспен 45 жыл мәдениет саласында еңбек еткен сазгер зейнетке шыққанда Райымбек ауданының және Кеген ауданының Құрметті азаматы атанды.
Биыл да 2026 жыл өнерпаз үшін ерекше жайдарман жаңалық тарту етіп, шығармашылығын тағы бір белеске биіктетті. Баспадан «Кегенім – өмірім, өлеңім» атты әндер жинағы жарық көріп, ондағы 114 әннің толық нотасымен жариялануы – ғұмырлық еңбектің нәтижесін әйгілей түсті. Жақсылық Әбдіраманов өз сөзінде жаңа кітаптың жарық көруіне себепкер болған биология ғылымдарының докторы Марқабат Батырқанов пен ноталарын кәсіби деңгейде дайындаған Қазақстан Республикасының Халық әртісі Рамазан Стамғазиевке шынайы алғысын білдіреді. Бір әннің тарихы – бір елдің тарихы. Ал «Кегенге кел» – туған жерге деген мәңгілік тағзым.
Құралбек СӘБИТОВ




