Алматы облысында Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда. 2026 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін өңірге республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді.
Жалпы бөлінген қаржының 2,5 млрд теңгесі «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамына жүгеріні терең өңдеу жобасын іске асыруға және заманауи технологиялық жабдықтар сатып алуға бағытталды. Жобаны биыл толықтай іске қосу жоспарлануда. Ол өңдеу көлемін арттыруға, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«АзияАгроФуд» АҚ 1999 жылы бұрынғы Шамалған (Жібек жолы) нан өнімдері комбинаты аумағында түрлі сұрыптағы ұн өндіруге арналып ашылған болатын. Алғашында кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы 250 тонна бидай өңдеуге қабілетті болды. Ал 2001 жылы жүгеріні терең өңдеу арқылы крахмал мен глюкозалық шәрбаттар өндіретін зауыт салу жобасы әзірленіп, іске асырылды. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 200 тонна жүгері дәнін өңдеуге (тәулігіне 50 тонна сірне өндіру) есептелген.
Одан бергі жылдары жүгері дәнінен крахмал-сірне өндіретін кешен пайдалануға берілді. Зауытта крахмал, сірне және глюкозалық шәрбаттар өндіру технологиялары енгізілді, сондай-ақ кешеннің инфрақұрылымы құрылды. Оның өнімдері бүгінде Орта Азия мемлекеттеріне, Түркия мен Ресейге және еліміздегі кондитерлік фабрикалардың сұранысына ие болып келеді.
«АзияАгроФуд» АҚ – өз өндірістік кешенінің базасында құрама жемдер және жемдік қоспалар өндіру саласындағы ірі өндіруші әрі көшбасшы болып келеді. Мұнда ірі қара малына, құстарға арналған жоғары сапалы құрама жемдер, үй жануарларына қажетті өнімдер өндіріледі.
2007 жылы Bühler фирмасының қосымша жабдықтарын орнату есебінен диірмен зауытының өндірістік қуаттылығы тәулігіне 400 тоннаға дейін арттырылды. Сонымен қатар глюкоза зауыты қайта жаңғыртылып, модернизацияланды, нәтижесінде дайын өнім өндіру қуаты тәулігіне 200 тоннаға дейін ұлғайтылды. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесінде 2010 жылы компания «Қазақстанның үздік өнімі» көрме-байқауына белсенді қатысқаны үшін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің дипломымен марапатталды.
«АзияАгроФуд» АҚ бидай мен жүгеріні өңдеп, ұн, сірне, құрама жем, басқа да өнімдерді өндіруге маманданған. Компания құрылымына тәулігіне 400 тонна бидай өңдейтін диірмен кешені, тәулігіне 200 тонна жүгері өңдейтін кешен және тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаратын құрама жем зауыты кіреді.
Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 200 тонна жүгері өңдейді. Жоба іске асқаннан кейін өндірістік қуаттылық тәулігіне 350 тоннаға дейін ұлғаяды, бұл жылына қосымша 30-40 мың тонна жүгері өңдеуді қамтамасыз етеді. Шикізат сатып алу көлемі жылына 70 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін өседі. Жобаның өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық маңызы бар. Бүгінде кәсіпорында 500 адам еңбек етеді, ал кеңейту нәтижесінде шамамен 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңдеу қуатын кеңейту ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүддесіне тікелей жауап береді. 2022–2023 жылдары елімізде жүгері дақылынан жоғары өнім алған тұста Алматы және Жетісу облысының шаруалары өнімді өткізу мүмкіндіктерінің шектеулі болуы салдарынан қиындыққа тап болғаны белгілі. Өңдеу кәсіпорындарының жеткіліксіздігі шаруа қожалықтары үшін қосымша тәуекелдер туғызған.
Міне, осыған байланысты салада жинақталған тәжірибе мен ұзақ мерзімді даму стратегиясын ескере отырып, «АзияАгроФуд» АҚ өндірісті кеңейту туралы шешім қабылдаған. Жоба терең өңдеудің орнықты инфрақұрылымын қалыптастыруға, жоғары өнім алған кезеңдерде нарықтық ауытқуларды теңестіруге және фермерлерді тұрақты әрі болжамды өткізу нарығымен қамтамасыз етуге бағытталған.
– Біз үшін бұл – стратегиялық шешім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткендей, алдағы он жылда Қазақстан терең өңделген астық өнімдерін өндіру және экспорттау бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосылуы тиіс. Еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, енді сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыратын уақыт келді, – дейді «АзияАгроФуд» АҚ президенті Саян Әшенов. – Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауының және Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында тартылған қаржыландырудың арқасында біз өңдеудің сапалы жаңа деңгейіне көшу мүмкіндігіне ие болдық. Біз қуаттылық бойынша шектеулерді іс жүзінде алып тастаймыз, зауыт едәуір үлкен көлемдегі жүгеріні қабылдап, өңдей алатын болады.
Ең бастысы – нәтиже тек кәсіпорын үшін ғана емес, бүкіл өңірдің аграрлық қауымдастығы үшін де маңызды болады. Фермерлер түсінікті әрі тұрақты өткізу нарығына ие болады, ал мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде ылғал үнемдеу технологияларын енгізу, өнімді өңдеумен өзара байланыста жұмыс істей бастайды. Бұл саланың орнықты даму моделін қалыптастырады.
Аталған жобаны іске асыру импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған. Осы орайда холдинг Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Балтабай ауылында, Жетісу облысының құрамындағы Панфилов ауданының Көктал ауылында 35 және 40 мың тонна жүгеріні қабылдай алатын қоймаларды іске қосқан. Бұл күзгі жиын-терін науқаны кезінде шаруалардың Жібек жолы ауылына сабылып, көп уақытын кезек күтумен өткізбей, өнімдерін жақын жерге тез әрі аз шығынмен тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл жерлерде жиылған жүгері алдымен сұрыпталып, кептіріліп, қажет болған кезде зауытқа кәсіпорын есебінен тасымалданады. Осындай жан-жақты тиімді жоба мемлекетіміздің дамуына да тиісті үлесін қосатынына күмән жоқ.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
