Дәстүрге айналған Ұлттық құрылтай – еліміздің татулығы мен бірлігін
нығайтып, болашаққа нық қадам жасауға бастамашы бола білгені анық.
Қазіргі таңда мемлекетімізде халықтың әл-ауқатының жақсаруы, мәдени
тұрғыда қалыптасуы, жаңаша ойлауға, жаңашыл бастамаларға ден қоюға
арналып жасалып жатқан игі істердің бәрі де діттеген межеден көрінуге
негіз қаласа, мұндай жақсылықтарға жетуде ұлттық құрылтайдың да
маңызды рөл атқарып отыр деуге толық негіз бар..
Сыр елінің астанасы Қызылорда қаласында өткізіліп отырған V
құрылтайдың бұл жолғы көтеретін жүгі де салмақты. Алға қойған мақсаты
мығым. Әрине, бүгінгі таңда бүкіл әлем жаһандық даму үдерісіне қарай бет
бұрған кезеңде Тәуелсіз еліміз де ұлы көшке ілесуге, жаңалықтарды
жатсынбай қабылдап, игілігіне жарата білуі тиіс. Құрылтайдың бұл жолғы
ұстанған бағыт- бағдары да осындай мақсаттан туғаны ақиқат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде
әдеттегідей бұл жолы да Қазақстан халықтарының өзара татулығы,
тұтастығы, мәдениеті мен руханиаты төңірегіндегі мәселелерге айрықша
назар аударды. Ұлттық болмыс, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, береке-бірлік, өзара
сыйласымды қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Еліміздің
экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуы, өсіп-өркендеуі, ұлттық мәдениетті
қалыптастыру, ұрпақтар сабақтастығы мемлекет басшысының сөзіне арқау
болды.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Конституцияға
өзгерістер енгізу уақыт талап етіп отырған ең құнды мәселе екеніне ерекше
тоқталды. Елімізде қабылданған Заңдарды қайта қарау мақсатында елдің
талап-тілегін ескере отырып, алдағы кезеңде бүкілхалықтық референдум
өткізу қажеттігін көпшіліктің ойына салды. Бір палаталы Парламент жүйесін
қалыптастырудың алғы шарттарын ұсынды. Құрылтайдағы бұдан басқа да
мемлекеттің дамуына қатысты айтылған мәселелердің бәрі де халықтың
көкейінде жүрген өзекті мәселелерге берілген оңтайлы жауап болғанын нық
сеніммен айта аламын. Аспантау өңіріндегі мекендестерімді 4-Ұлттық
құрылтайда қаралған мәселелерге өз тараптарынан лайықты баға беріп,
қолдауға шақырамын.
Қанат АХМЕТОВ,
зейнеткер ұстаз,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы




