Перейти к содержимому
Главная страница » Үздіктер анықталды

Үздіктер анықталды

    Қонаев қаласында «Оқыту орталықтарының жұмысын жүйелендіру» тақырыбында жиын өтті. Іс-шара облыстық тіл оқыту орталықтарының өткен жылғы қызметін саралауға, өзара тәжірибе алмасуға және үздік нәтижелерді анықтауға арналды.

Жиын барысында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, тіл оқыту сапасын арттыру және оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. 2025 жылы облыс бойынша мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері бойынша мыңдаған тыңдаушы білім алып, сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар жыл бойы 300-ден астам тілге қатысты іс-шара ұйымдастырылып, өңірде тіл мәдениетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылды.
Салтанатты шарада мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға қосқан елеулі үлесі және оқу-әдістемелік жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Іле аудан­дық филиалының меңгерушісі Бақытгүл Бектенқызы облыс­тық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ «Оқыту орталық­тарының жұмысын жүйелендіру» облыстық байқауының қоры­тын­дысы шығарылып, үздік нәтиже көрсеткен филиалдар­ға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Тіл оқыту орталығы­ның Алатау қалалық, Балқаш, Ұйғыр, Райымбек, Іле және Жамбыл аудандық филиалдары марапат иегерлері атанды.
«Үздік меңгеруші» номинациясы бойынша Жанар Өмірзаққызы (Қарасай ауданы), Гүлнар Мамырбаева (Талғар ауданы), Дәриға Жалынқызы (Кеген ауданы) үздік деп танылды. Ал «Үздік филиал» номинациясы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылдық округі филиалының ұжымына табысталды. Жиын соңында оқу үдерісіне белсенді қатысқан тыңдаушылар Алғыс хаттармен марапатталып, олардың тіл үйренуге деген ынтасы жоғары бағаланды.
Облыстық жиын тіл оқыту орталықтарының жұмысын одан әрі жүйелеуге, алдағы міндеттерді нақтылауға және саладағы үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға оң серпін берді.

Ақжарқын БЕЙБІТҚЫЗЫ,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы