Ауылдағы Айгүл апай үшін бәрі қарапайым телефон қоңырауынан басталды. Дауысы сенімді, сөзі байыпты бейтаныс адам оның күнделікті тіршілігін бір сәтте басқа арнаға бұрып жіберетінін ол сол кезде білген жоқ. Көзсіз алдануға кезігіп, соның салдарымен арпалысып, ішкі күйзеліспен күресетінін де сезбеген еді. Телефон қоңырауы кейде түрлі тағдырды тұзаққа түсіріп, өмірді өзгертуге дейін барады. Оның артында үміт тұр ма, әлде өзегіңді өртейтін өкініш қол бұлғай ма, оны ешкім біле бермейді.
Айгүл апай үшін де сол күн әдеттегі күндердің бірі еді. Таңғы шайын ішіп отырып, теледидардан жаңалық көрген. Ауылда аракідік араласатын ағайыны болмаса, шағын үйде жалғыз тұрады. Балалары өз алдына шаңырақ көтеріп кеткен, кейде ғана хабарласқанымен, жиі келмейді. Зейнетақысы түссе, дүкенге барып азық-түлік алады, дәрісін түгендейді, қалғанын немерелеріне деп сақтайды. Өмірі қарапайым, бірақ алаңсыз еді. Сол күні де бәрі әдеттегідей басталған.Телефон шырылдағанда, тағы біреудің жарнамасы шығар деп аса мән бермеген. Бірақ қоңырау бір емес, екі рет қайталанды. Ақыры көтерді.
– Сәлеметсіз бе, Айгүл Тұрсынбайқызы? – деді тұтқаның ар жағындағы байсалды дауыс.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Мен сізге Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын. Қазір сіздің атыңызға белгісіз біреу несие рәсімдеуге әрекет жасап жатыр. Егер тез арада шешім қабылдамасақ, шотыңыздан ірі көлемде қаражат шешіліп кетуі мүмкін.
Айгүл апайдың жүрегі су ете қалды. «Несие» деген сөзді естігенде-ақ төбе шашы тік тұрды. Өмірінде несие алып көрмеген адам үшін бұл – қорқынышты жаңалық. Бір сәтте санасынан «Алданып қалсам ше?», «Балаларымның ақшасы күйіп кетсе ше?» деген ойлар өтті.
– Не істеуім керек? – деді ол дауысы дірілдеп.
– Уайымдамаңыз, біз көмектесеміз. Бірақ қазір сіздің шотыңызға жасалып жатқан шабуылды тоқтату үшін шұғыл әрекет қажет. Біз сізге арнайы қауіпсіз есепшот ашамыз, соған қаражатыңызды уақытша аударамыз. Бұл – стандартты процедура, – деді әлгі адам сенімді үнмен.
Сөз саптауы да, дауыс ырғағы да кәдімгі банк қызметкеріндей болған соң, Айгүл апайдың күдігі сейіле бастады. Тіпті іштей «Жақсы болды, дер кезінде қоңырау шалды» деп те ойлады. Телефонға бірінен соң бірі СМС-хабарлама келе бастады. «Мына кодты айтып жіберіңіз», «Тағы бір растау қажет», «Бәрі дұрыс жүріп жатыр» деген сөздер тоқтаусыз ағылды. Айгүл апай өз деректерін айтқан сайын, арғы жақтағы дауыс оны сабырға шақырып, «Бәрі бақылауда» деп сендіріп отырды. Бар болғаны он минутқа жетпейтін уақыт ішінде әлгі адам:
– Құттықтаймын, сіздің қаражатыңыз қауіпсіз есепшотқа көшірілді. Бір сағат ішінде бәрі қалпына келеді, – деді де, байланысты үзді.
Айгүл апай терең тыныстап, жақсы болды деп ойлады. Бірақ жүрегінің түкпірінде әлдебір мазасыздық тұрды. Бір сағат өтті. Екі сағат өтті. Телефон үнсіз. Ақыры банк қосымшасын ашты. Экрандағы сансыз цифрдан тек нөлдер ғана қалған. Шоты бос еді. Сол сәтте ғана ол алданып қалғанын түсінді.
Алаяқтықтың ең қауіпті тұсы – адамның әлсіз жерін тап басуында. Айгүл апайға қоңырау шалған адам оның байлығына емес, қорқынышына шабуыл жасады. Қаржыдан бұрын, адамның сенім жүйесін бұзды. Бұл – бүгінгі қоғамда кең тараған қылмыстың бір түрі. Ондағы алаяқтардың мақсаты – адамдардың ақшасын жымқыру. Мамандар мұны «әлеуметтік инженерия» деп атайды. Яғни алаяқтар адамның психологиясын зерттеп, эмоциясын басқарады. Қорқытады, асықтырады, таңдау қалдырмайды. «Қазір шешім қабылдамасаңыз, бәрінен айырыласыз» деген ойды сіңіреді.
Айгүл апай да үрей мен қорқыныш сезімінің құрбаны болды. «Несие рәсімделіп жатыр» деген сөз оны ойланбастан алаяқтың тұзағына түсірді. Бұл жерде логикадан бұрын эмоцияға басымдық беріліп тұр. Айгүл апай банк қызметкерінің телефон арқылы код сұрамайтыны туралы бұрын-соңды естісе де, асығыс шешім мен қорқыныш сол білетін ақпаратын сана сүзгісінен өткізуге мұрша бермеді.
Қазіргі телефон алаяқтарының ортақ белгілері – өзін ресми тұлға ретінде таныстыру. Яғни олар банк, полиция, прокуратура, тіпті сот қызметкерінің кейпін киеді. Сондай-ақ «Қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырылып қаласыз» дегендей, шұғыл түрде құпия мәлімет СМС-код, карта нөмірі, CVV, жеке деректерді сұрап, байланысты үзбеу де олардың басты әрекеті. Айгүл апайдың жағдайында осының бәрі болды. Ол алаяқпен сөйлесіп отырғанына емес, өзін құтқарушы банк қызметкерімен тілдескеніне сенімді болды. Ал, шын мәнінде, ол өз қолымен шотындағы ақшаның кілтін бөтен біреуге беріп жатқан еді.
Айгүл апайдың басынан өткен жағдай – бір ғана мысал. Бірақ мұндай мысалдар бүгінде мыңдап саналады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы жылдары телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс саны күрт артқан. Әсіресе зейнеткерлер, студенттер, ауыл тұрғындары, цифрлық сауаты төмен адамдар жиі құрбан болады. Біреу соңғы зейнетақысын жоғалтады. Біреу несиеге батып қалады. Біреу үйін сатпақ болып, делдалға алданады. Біреу баласының еміне жинаған ақшасынан айырылады. Осының бәрі жай әшейін қаржылық шығын емес, бұл – рухани соққы. Адам алданып қалғаны үшін өзін кінәлайды. Ұялады. Көп жағдайда полицияға баруға да батылы жетпейді. Айгүл апай да алғашқы күні алданып қалғаны туралы ешкімге айтпаған. Балаларына да хабарламаған. «Өзімнің ақымақтығым» деп ойлаған. Бірақ бұл – алаяқтардың ең қауіпті жеңісі еді. Олар тек ақшаны емес, адамның өзін-өзі бағалау сезімін де ұрлады.
Айгүл апай ертеңіне банкке барды. Банк қызметкерлері шоттағы қаражаттың үшінші тұлғаларға аударылғанын растады. Кейін полицияға арыз жазды. Тергеу басталды. Бірақ ондағылар ақшаны қайтару ықтималдығы өте төмен екенін бірден айтты. Өйткені операциялар клиенттің өзі арқылы расталған. Яғни банк жүйесінде «құпия кодты өзі енгізген» деген белгі тұр. Заң бойынша банк мұндай жағдайда жауапкершілік алмайды. Ал алаяқтар көбіне шетелдік серверлер арқылы жұмыс істейді, ақшаны бірден бірнеше шотқа таратып жібереді де, ізін жасырады. Мұндай істердің ашылу деңгейі төмен. Кейде қылмыскерлер ұсталады, ұсталған күннің өзінде қаражат толық қайтарылмайды. Ал жәбірленуші үшін бұл – екі есе соққы. Біріншіден, ақшадан айырылса, екіншіден, әділдікке деген сенімі күйрейді. Адам неге бейтаныс жанға сенеді? Басқа адамның сөзі не себепті туған-туыстың ескертуінен күштірек әсер етеді? Психологтар мұны бедел феноменімен түсіндіреді. Егер адам өзін банк, полиция, мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса, адам бейсаналы түрде оған бағынуға бейім болады. Себебі қоғамда бізге «ресми тұлғаға сену керек» деген түсінік терең сіңірілген. Үрей мен асығыстық та адамның ойлау қабілетін әлсіретіп, бағынышты етеді. Алаяқтарға да керегі дәл осы. Жарға жығылу жағдайында жалғыздық факторы да жетекшілік етеді. Айгүл апай да жалғыз тұрады. Сол сәтте ақылдасар адамы болмады. Телефонның ар жағындағы адам оған «жақын» болып көрінді. Өйткені ол көмектесіп жатырмын деген әсер қалдырды.
Алаяқтықтан қалай қорғануға болады? Мамандардың кеңесі бойынша банк, полиция, мемлекеттік орган ешқашан телефон арқылы СМС-код сұрамайды. Мұндай жағдайда бірден қоңырауды тоқтатқан жөн. «Шұғыл әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырылып қаласыз» деген сөз – алаяқтардың классикалық әдісі. Мұндайда асықпау қажет, телефонды қойып, ресми нөмірге қайта қоңырау шалып мән-жайды білген дұрыс. Сондай-ақ бейтаныс адамға жеке деректерді, яғни карта нөмірі, CVV, СМС-кодты бермеу керек. Болып жатқан жағдайды жақындармен бөлісу де жалған ақпараттан сақтайды. Ешқашан «қауіпсіз есепшот» деген ұғымға сенбеу қажет. Банктерде ондай термин мүлдем жоқ.
Алаяқтықпен күресте тек полиция мен соттың күші жеткіліксіз. Бұл – ең алдымен санамен күрес. Ақпараттық сауат, цифрлық мәдениет, психологиялық тұрақтылық – бүгінгі қоғам үшін жаңа қауіпсіздік қалқанына айналуы тиіс. Қазіргі заманда қылмыс көшеде емес, жан қалтаңызда жүрген телефон немесе мессенджерлер арқылы жасалады. Ал оған қарсы қару – білім мен сақтық. Айгүл апайдың оқиғасынан осындай ой қорытуға болады. Бірақ адамға деген сенім – кемшілік емес. Ол – адамдық қасиет. Алаяқтар дәл осы қасиетті қаруға айналдырады. Сондықтан мәселе «Неге адамдар алданады?» дегенде емес, «Неге алаяқтар адамдардың сенімін пайдаланады?» деген сұрақта жатыр.
Айгүл апай біраз уақытқа дейін өзіне келе алмады. Түнде ұйқысы қашты. Күндіз ойы сан-саққа жүгірді. «Егер сол кезде телефонды қоя салсам…», «Егер біреуге хабарлассам…», «Егер кодты айтпасам…» деген ойлар маза бермеді. Бірақ уақыт өте келе ол өзіне сұрақ қойды: «Мен үндемей жүре берсем, тағы біреу дәл осылай алданбай ма?» Осы ой оның полицияға ғана емес, жергілікті газетке де хабарласуына түрткі болды. «Менің атымды атамасаңыздар да болады, бірақ адамдар білсін. Бұл қақпанға түспесін», – деді. Оның бұл қадамы жеке трагедиядан қоғамдық сабақ жасауға бағытталған еді. Айгүл апай бүгінде көршілеріне, таныстарына, туыстарына өз оқиғасын айтып жүреді. Себебі ол енді өзінің қателігі басқа біреудің қайғысына айналмауын қалайды. Айгүл апайдың оқиғасынан барлығымыз сабақ алып, онлайн қаржы жымқырушылар көбейген бүгінгі заманда алаяқтардан абай болып жүрген артық етпейді.




