Алатау қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен бокстан үш күндік республикалық ашық турнир салтанатты түрде қорытындыланды. Batyr Gum спорттық клубы ұйымдастырған ауқымды спорттық шара Алатау өңіріндегі жарқын оқиғалардың біріне айналып, жоғары деңгейде өтті.
Турнирге еліміздің әр өңірінен келген жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өз шеберліктерін рингте дәлелдеді. Үш күнге созылған тартысты жекпе-жектер барысында спорттық рух, әділ бәсеке және жеңіске деген жігер айқын көрінді. Жарыс жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі болып, олардың шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік берді.
Турнирдің басты мақсаты – жастарды зиянды әдеттерден алшақтатып, салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылығын арттыру және тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Бұл бағытта жарыс «Заң мен тәртіп» жобасының негізгі идеясымен толық үндесіп, өз нәтижесін көрсетті.
Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Batyr Gum спорттық клубының директоры Аңсар Асамбаевтың қосқан үлесі ерекше. Оның бастамашылдығы мен жастар спортына деген жанашырлығының арқасында турнир республикалық деңгейде өтіп, қатысушылар мен көрермендердің жоғары бағасын алды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды. Дегенмен, бұл жарыстағы ең үлкен жеңіс – жас буынның спортқа деген ынтасының артуы, салауатты өмір салтын таңдауы және тәртіпке бейімделуі болды.
Ашық турнир тек спорттық жарыс қана емес, тәрбиелік маңызы зор, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берген маңызды іс-шара ретінде есте қалды. Ұйымдастырушыларға, атап айтқанда, Batyr Gum спорттық клубының директоры Аңсар Асамбаевқа алғыс білдіре отырып, барша қатысушыны лайықты өнер көрсетулерімен құттықтаймыз.
Риза САУЫРБАЕВА,
Алатау қалалық аналар кеңесінің төрағасы




