Әр адамның өмірінде қимастықпен еске алатын қызық та қымбат күндері болатыны белгілі. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылған күнімен тұспа-тұс Алатау қаласындағы ы 6654 әскери бөлімінде күзгі әскерге шақыру маусымында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген 88 жас сарбаздың сондай бір күнді бастан өткізгенінің куәсі болдық.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Гимні орындалған соң, автомат асынып, , біркелкі форма киіп, түп-түзу сап түзеген Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарынан әскер қатарына алынған 90-ға жуық жас сарбаз кезегімен келіп, салтанатты түрде ант қабылдады.
Ант қабылдау рәсімен кейін алғашқы сөз кезегін алған әскери бөлім командирі, полковник Сағындық Алқайдаров әскери анттың жай ғана рәсім емес, құрметті де жауапты міндет екенін және үлкен жауапкершіліктің, асқақ рухтың, ел мен жерге деген адалдықтың айғағы екенін атап өтті.
Жас сарбаздардың жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи сәтте Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, Алматы облысы бойынша ата-аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Тропина жас сарбаздарды ант қабылдауларымен құттықтап, ақжарма тілектердің тиегін ағытты.
Ақберен Зарлыханов есімді сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқару үшін өз еркімен келгенін, тапсырмаларды бұлжытпай орындап, әскери антына адал болуға уәде етті.
Іс-шара соңында жауынгерлердің қоян қолтық ұрыс әдістері және саптық- қару жарақпен түрлі жаттығулары көпшілік назарына ұсынылды. Жас сарбаздардың қысқа мерзім ішінде тәртіпке бейімделіп, әскери өнерді әжептәуір меңгеріп қалғандығы анық аңғарылып тұрды.
Іс-шара ант қабылдаған сарбаздардың салтанатты шеруімен мәресіне жетті.
Айжарық Көптілеуов




