Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Алатаудың қос ақыны – Мұқағали Мақатаев пен Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығын паш еткен «Поэзия» атты әдеби-сазды кеш өтті. Өлең өлкесінің қос қыранына арналған мәдени шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысып, қазақ поэзиясының алып тұлғаларына зор құрмет көрсетті.
Поэтикалық әдеби-сазды кеш қазақ поэзиясының Хантәңірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 95 жыл, Суықтөбе тауының етегінде дүниеге келген сыршыл ақын Есенқұл Жақыпбектің туғанына 72 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Екеуі екі кезеңнің перзенті болса да, оларды біріктірген құдірет – поэзия. Мұны тағылымды шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері ерекше атап өтті.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы жиналған қауымға аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының ықыласты тілегін жеткізді: «Мұқағали мен Есенқұлды тоғыстырып тұрған ортақ қасиет – шынайылық, жүрек тазалығы, ұлтқа деген адалдық. Екеуі де қазақ поэзиясын байытты, сөз өнерінің қадірін арттырды. Шығармалары – ұлт рухының асыл қазынасы. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз жастарды әдебиетті сүюге, сөздің салмағын сезінуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелейміз», – делінген аудан әкімінің құттықтауында.
Шара барысында екі ақынның терең философияға, асқақ сезімге толы өлеңдері сахналық қойылым арқылы әсерлі жеткізілді. Аудан өнерпаздары қос ақынның жырларын тебірене оқып, көрерменді сұлу сөзбен сусындатты. Мұқағали мен Есенқұл рөлін сомдаған әртістер ақындардың болмысын нанымды көрсетіп, поэзиясының тереңдігін шынайы бере білді. Халқына мәңгі өлмес ұлы туындылар қалдырған мұзбалақ ақын – Мұқағалисыз қазақ поэзиясын елестету мүмкін еместігі сияқты, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік сүрлеу салған Есенқұл Жақыпбек те суырыпсалма дарынымен, лирикалық жырларымен танылып, шығармалары мәдени мұрамыздың баға жетпес қазынасына айналғаны көрініс тапты.
Әдеби-сазды кеште жыры мен мұңы үндес қос ақынның жүрекке жақын өрнекті сөздері ән болып қалықтады. Жүрек қылын шертер әндерді аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі орындады. Қос ақынның ән-жыры қалықтаған рухани кеш аудан жұртшылығына тамаша көңіл-күй сыйлады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




