⚠️ Ауа райы табылмады.
Жексенбі, Наурыз 1, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ата мұрасы – асыл қазына

    28.02.2026
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Ата мұрасы – асыл қазына
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

    Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани әлемінде айрықша орны бар тұлға. Қазақ поэзиясының алыбы, ғасыр жасаған жыр дүлдүлінің туғанына биыл – 180 жыл. Ұлы даланың жыр керуенін ғасырдан-ғасырға жалғаған ақын мерейтойы кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейіне барып, директоры әрі ақынның немересі Салтанат Жамбыловамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ақын әулеті, музей қорындағы мұрасы, шығармаларының зерттелуі мен мерейтойлық шаралар туралы кеңінен сөз қозғалды.

    – Салтанат Тезекбайқызы, алдымен Жамбылдың әулеті туралы айтсаңыз.
    – Жүз жасқа таяу ғұмыр кешкен Жамбыл атамыз өмірінде үш әйел алған. Алғашқы жары Момын апамыздан Қожақ, Қожаш, Қожамберді, Күнтай есімді үш ұл, бір қызы болған. Ол апамыз ауырып, өмірден ерте кетті. Соның алдында ғана Жамбыл атамыздың Қоман деген інісі де қайтыс болып, інісінің әйелін үлкендер әмеңгерлік жолмен атамызға қосқан екен. Сол Ардан апамыздан бір ұл, бір қыз – Аққұлы мен Ақбала туады. Одан кейінгі өмірінде үшінші әйелі – Қанымжан апамызбен көңіл қосқаннан кейін, келіні Ардан апамызға рұқсатын беріп, бөлек шығарған екен. Ал Қанымжан апамыздан төрт ұл – Алғадай, Шыныбай, Ізтілеу, Тезекбай тарайды.
    Алғадай 1943 жылы Екінші дүние­жүзілік соғыста Украина жерінде, Днепропетровск облысы Синельниково қаласы маңында қаза тапқан. Қазір Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінің алдында бюсті тұр. Шыныбай атамыз елді ашаршылық жайлаған 1930-жылдары қайтыс болыпты. Ізтілеу ата да майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен. Кіші ұлы, яғни менің әкем Тезекбайдың да соғысқа аттанар жасы толғанымен, әкесі оны әскерге жібермей алып қалған екен. Әкем 1985 жылы өмірден өтті. Үш әйелінен туған 8 ұл, 2 қызының барлығы өмір заңдылығымен бұл дүниеден өткен. Қазір немересінен үшеуміз қалдық, ең кішісі менмін. Шөберелері мен олардың балаларынан тараған жүзге жуық ұрпағы барына шүкіршілік етеміз. Олар еліміздің әр өңірінде – Алматыда, Астанада, Талдықорғанда, басқа да облыстарда түрлі салада еңбек етіп жүр. Біразы осы ауылда тұрады.

    – Ақын ұрпақтары туралы сөз қозғалғанда жиі қойылатын сұрақтың бірінің реті келіп тұр. Араларында ата жолына түскен, өзі сияқты ақын-жыршы бар ма?
    Қазіргі ұрпағының арасында мәдениет пен өнер саласында жүргендер де баршылық. Телеарналарда қызмет істейтіндері бар. Бірақ немересі, Халық ақыны Әлімқұл Жамбыловтан кейін ондай дарын шықпады. Дегенмен мектеп жасындағы бір шөпшегі күй тартады, ол биыл 17-ге толады. Бабасының бір қыры – күйшілігі соған дарыған ба деп, келешекте одан үлкен үміт күтеміз. Менің әкем де домбырамен күй тартатыны есімде. Бірақ ол кезде дыбыс жазу аппараты дегенді білмейміз, жазып алуды ешкім құнттамапты.

    – Бұл ғимарат кезінде ақынның өзі тұрған үй емес пе?
    – Иә, өмірінің соңғы жеті жылын ақын осында өткізген. 1936 жылы Жамбыл ата 90 жасында Қазақстан делегациясы құрамында Мәскеуге барып, қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысқан. Бұл – қазақ мәдениеті тарихындағы маңызды оқиға болды. Ақынның есімі сол сапардан кеңінен танылғаны белгілі. Содан кейін үкімет тарапынан оған үлкен құрмет пен қамқорлық көрсетілді. Алматыдан үй берейік деген ұсынысқа ата келіспей, өзінің ауылынан кеткісі келмеген. Қаланы қаламай, өз ағайын-жұртының ортасында болуды жөн көріпті.
    Содан Үкімет есебінен осында, өзінің алма бағының жанында оған арнап 12 бөлмелі үйдің құрылысы басталып, екі жылда, яғни 1938 жылы салынып бітеді. Сол жылы ақындық шығармашылығының 75 жылдығы қарсаңында атамызды жаңа үйге кіргізіп, өмірінің соңына дейін осында тұрды. Қажетті жиһазымен жабдықтап берген. Мемлекет атаға жеке дәрігер, медбике, аспаз бөлді. Жеке жүргізушісімен сол кездің ең мықты деген автокөлігін берді. Бұл сол кезде ауыл адамдары үшін үлкен жаңалық болған. Сонымен ел аралап, халықпен кездесіп, Алматыға Жазушылар одағына барып-қайтып жүрген. Зауыттан 1932 жылы шығарылған көлігі бірегей құнды жәдігер ретінде музей ауласында, келушілер назарында тұр. Жөнделіп, қалпына келтірілген. Жамбыл атамыз жас күнінде бәйгеге шапқан шабандоз болған. Автөкөлік берілсе де, кейде ауыл арасында атқа мініп жүруді ұнатқан екен. Мұны 1938 жылы түсірілген фотосуреттер айғақтайды. Тоқсаннан асқанша аттан түспеген атамыз 100 жасына бір жыл төрт ай қалғанда, 1945 жылы 22 маусымда дүниеден өтті. Келесі 1946 жылы 100 жылдық мерейтойы аталғанда, өзі тұрған үйін музейге айналдыру туралы шешім қабылданып, 1947 жылдың 8 тамызында музей ресми ашылды. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Облыстық мекеме саналады, мұнда 18 қызметкер жұмыс істейміз, көбінің мамандығы филолог.

    – Музей қоры туралы айтсаңыз, мұнда қанша жәдігер сақтаулы?
    – Музейдің екі қоры бар. Негізгі және ғылыми-қосалқы қорын қосқанда қазір барлығы 3200-ден астам қор бар. Оның ішінде Жамбыл атаға 1938-1945 жылдар аралығында келген 500-ге жуық хат сақталған. Бұл хаттар негізінен зауыт-фабрика, ұжымшар жұмысшылары, студент жастардан, майдан даласынан жолданған. Мазмұны әртүрлі. Біреуінде ақынға алғыс айтылса, енді бірінде әлдеқандай көмек сұралған немесе өлеңдерін жолдайды. Кейбір хаттың шетінде ақынның хатшыларының «қаралды», «көмек көрсетілді» дегендей бұрыштама белгілері бар. Әдеби хатшысы болған, ақын Ғали Ормановтың сондай қолтаңбасы жиі кездеседі. Сонымен қатар майдан даласындағы жауынгерлерден өз өлеңдерін жолдап, оны ақынның бағалауын сұраған хаттар да көптеп кездеседі. Сонымен бірге картиналар, фотосуреттер, берілген сыйлықтар сияқты дүниелер мұрағатта жинақталған.
    Қордағы осындай жәдігерлерді сақтауға ғимарат тарлық еткендіктен, 1996 жылы ақынның 150 жылдығында оған жапсарлас үлкен конференция залы салынды. Онда да атаның жеке заттары, 125, 175 жылдық мерейтойларында музейге тапсырылған сыйлықтар қойылды. Негізгі қордың өзінде 3 мыңға жуық жәдігер бар. Атамызға тікелей қатысты жәдігерлер негізгі қорға тіркеледі. Үйінің 5 бөлмесі атамыздың көзі тірісінде қандай болса, солай сақталған. Сол жиһаздарымен, өзінің қолданған заттары, киімдері, барлығы да өз орнында қаз-қалпында тұр.

    – Сіздің музей саласында еңбек еткеніңізге 45 жылға жуықтапты. Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Ері» медалінің иегерісіз. Былтыр Президент қолынан «Парасат» орденін алдыңыз. Еңбек жолыңыз қалай басталып еді?
    – Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне 1976 жылы оқуға түсіп, оны 1981 жылы аяқтадым. Сол жылдың 20 тамызында осы Жамбыл музейінде еңбек жолымды бастадым. Алғашқы екі-үш жылдай экскурсовод, одан кейін ғылыми қызметкер, одан соң бас қор сақтаушы болып 2018 жылға дейін жұмыс істедім. Одан кейін үш жылдан аса Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде меңгеруші болып, 2022 жылдан бастап осы музейде директор қызметін атқарып келемін. Жамбыл мұрасын сақтау мен үшін жай жұмыс емес – бұл қызметтік міндетіме қоса перзенттік парызым деп есептеймін.

    – Кейінгі жылдары музейде қандай ғылыми жаңалық болды?
    – Музей ауласындағы төрт бөлмеден тұратын бір ғимарат мұрағат есебінде пайдаланылады. Жоғарыда айтқан хаттар сонда сақтаулы. 2021 жылы ақынның 175 жылдығы қарсаңында ғалымдармен бірлесіп сол архивімізді ақтарғанымызда, бұрын жарық көрмеген бірнеше өлеңі анықталды. Мұның өзі ақынның шығармалары әлі де табылып жатқанын білдіреді. 1946 жылы, одан кейін де толық шығармалар жинағы баспадан шыққаны белгілі. Сол жинақтарда 11 айтысы беріліп келсе, қолжазбалар қорынан 2021 жылы тағы екі айтысы табылды.
    Осыдан екі ай бұрын бізге Талдықор­ған жақтан қандастар келіп, 1954 жылы Қытайда төте жазумен басылған Жамбыл шығармаларының жинағын тапсырды. Мұқабасы тозып, алдыңғы бірнеше парағы жыртыл­ған кітаптың қарпін мамандарға аударт­қанымызда, ішінде бізде әлі жарияланбаған бірнеше өлеңі бар екені белгілі болды. Бұл – 180 жылдық қарсаңындағы үлкен жаңалық. Қазір осыларды ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл да ғылыми-зерттеу ісінің іркілмейтіндігін көрсетсе керек.

    – 180 жылдық мерейтой аясында қандай шаралар өткізесіздер?
    – Жыл сайын кемінде бір-екі облысқа жылжымалы көрмемен барып жүрміз. Өткен жылы Н.Тлендиевтің 100 жылдығында Мәскеу қаласында бір апта болдық. Осындай көрме­мен Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл қалаларына бардық. Өмірі мен шығармашылығын көрме арқылы жалпақ жұртқа жүйелі түрде таныстырамыз. Биыл мұндай сапарымыз жиілейді. Ақын мерейтойына орай республика көлемінде ауқымды жұмыстар басталып кетті. Көшпелі көрмемен келуімізді сұраған ұсыныстар түсіп жатыр. Семейдегі Әсет Наймантаев және Қызылордадағы бірнеше музейден шақырту келді. Осындағы жәдігерлерді бірнеше өңірге апарып көрсететін боламыз. Былтыр Көкшетауда өткен алғашқы «Тұлғалық музейлер» фестиваліне қатысып, жүлделі оралған едік. Аталған шараның биылғы эстафетасын біз қабылдап алып, соның негізінде мамырдың 13-інде республика деңгейіндегі екінші фестивалді осында өткізбекшіміз. 15 сәуірде қала, облыстардағы Жамбыл атындағы 10 мектептің қатысуымен республикалық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған әр мектептен екі оқушыдан ұстаздарымен бірге келіп, Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы бойынша сайысқа түседі. Осы ауданға келсек, ақын өмірге келген ақпан айында жылда «Жамбыл айлығы» жарияланып, соған сай түрлі шаралар өткізу дәстүрге айналған. Биыл да сол үрдіс бойынша мектептерде байқау, шығарма жазу, жыр сайысы, кездесу кештері сияқты шаралар өтіп жатыр. Еңбекшіарал ауылындағы жайлы мектепте «180 жылдыққа – 180 шара» атты бастама көтерілді. Әрине, ақын музейі ондайдан әсте қалыс қалмайды. Шақыртуларға барып, іс-шараларға белсенді қатысамыз.
    Бұдан бөлек Zoom платформасы арқылы онлайн экскурсиялар ұйымдас­тырдық. Алматыдағы кітапхана­лар мен мектептерде кездесулер өткізу көзделді. Сол мақсатпен Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында болдық. Республикалық телеарналар музейге келіп, хабар дайындап жатыр.
    Реті келгенде айта кетсем, қаңтар айында ғана саябырсығанымен, жыр жампозының музейін көрушілер қарасы толастамайды. Мәселен, өткен жылы музейге 5000-нан астам адам келді. Негізінен Алматы және басқа қалалардағы оқу орындарында білім алып жүрген жастар жиі келеді. Арасында шетелдік қонақтар да бар – Қытай, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ-тан туристер болды. Келушілер көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсер алдық деп алғыстарын білдіріп жатады. Осында өткізетін түрлі іс-шараларымызға қатысқандар да музейдегі жәдігерлерді тамашалайды. Келушілер жыл бойына үзілмейді десем болады. Әсіресе ақпан айында аудан мектептерінен оқушылар көптеп саяхаттайды.

    – Жамбыл мұрасын сақтау сіз үшін неліктен маңызды?
    – Жамбыл – тек ақын ғана емес, ол – қазақ халқының тарихи жады, рухани тірегі, жүрегіндегі мәңгілік үні. Ол екі түрлі қоғамдық жүйені көрді. Патшалық кезеңді де, кеңестік дәуірді де бастан өткерді. Бірақ қай кезеңде де бір нәрсе өзгерген жоқ, ол – халыққа адалдығы, халықтың сөзін сөйлеуі. Өзі: «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» дегеніндей, шындықты жырлады. Сол үшін патша өкіметінің адамдарына жақпай, Қаскелең түрмесіне де жабылғаны бар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары атамыздың жасы жүзге таяп қалған еді. Соған қарамастан, майдандағы жауынгерлерге рух беретін жалынды жырлар шығарды. Жамбыл – заманға икемделген емес, заманмен бірге жасаған ақын. Сондықтан оның поэзиясы уақытпен шектелмейді. Кезінде ақындық қуатын жазбай таныған Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіздің түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны теріп алып, халықтың қолына беру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз» деген. Ақынды насихаттау, маржан жырды тауып, халыққа жеткізу – ортақ парыз. Музейдегі жәдігер – халықтың рухани қазынасы. Сондықтан ақын мұрасын сақтау, зерттеу, насихаттау және келер ұрпаққа аманаттау – музей қызметкерлерінің де басты міндеті. Тікелей ұрпағы болғандықтан, менің міндетім еселене түсетінін жан-жүрегіммен сезінемін.
    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан – Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Ұсынымдар

    Скам-алаяқтық деген не және одан қалай қорғануға болады?

    Скам-алаяқтық деген не және одан қалай қорғануға болады?

    2 years ago
    Тұлғалық болмысы айшықталған

    Тұлғалық болмысы айшықталған

    8 months ago

    Ізгілікті іс

    1 year ago
    Тарихы терең, еңбегі ерен

    Тарихы терең, еңбегі ерен

    4 months ago
    Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

    Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>