🌫️
-7°C
Қонаев
Жұма, Ақпан 27, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл тынысы

    Аудан әлеуеті артып келеді

    26.02.2026
    in Ауыл тынысы, Ауыл шаруашылығы, Барлық жаңалықтар, Өңір тынысы
    Аудан әлеуеті артып келеді
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

     Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бұл жолғы сапарын Қақпақ ауылынан бастады. Жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен ауыл әкімдігінің ғимаратында ауданның шаруа қожалықтары басшыларымен келелі жиын өткізді.

    Жиында таулы өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы, төрт түлік мал басын асылдандыру жолымен көбейтуге қатысты мәселелер талқыланды. Облыс әкімі шаруалардың ұсыныс, пікірлеріне ден қойып, саланы дамыту бағытындағы жоспарлы шаралардың орындалу деңгейіне назар аударды. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын әртараптандыру арқылы дамытудың тиімді жолдарын ұсынды. Шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, мәселелердің оңтайлы шешілуі жайлы ойын ортаға салды.

    Облыс басшысы бұдан кейін ауылдық Мәдениет үйінде аудан әкімі Дастан Құдабаевтың 2025 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы ауыл тұрғындарымен есепті кездесу жиынына қатысты.

    Аудан әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша есепті баяндамасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталды.

    – Есепті кезеңде Райымбек ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы сақталды. Негізгі көрсеткіштер бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 млрд 277,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 143,9 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 46 млрд 745,7 млн теңгеге жетті. 4367 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 12 млрд 411,3 млн теңгені құрады. Осы бағытта сумай өндіретін зауыт салу, су құю кәсіпорнын ашу, Үлкен Қақпақ өзенінен ГЭС салу, «Gazon» жол жиегіндегі қызмет көрсету, тағы басқа да инвестициялық жобалар бойынша бірнеше меморандумға қол қойылды.

    Ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға да айрықша мән берілуде. Өткен жылы 915 млн теңгеге 63 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары да оңды нәтижесін беріп отыр. Мәселен, өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы 280,1 млн теңге несие қаражатына ие болды. Ал «Ауыл аманаты» бойынша 81 тұрғын 780 млн теңгеге өтініш беріп, 3 кооператив, 25 жеке кәсіпкер 265 млн қаражат алды. Қазір жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге су үнемдеу технологиясы 2552 га жер телімінде қолданылуда. Осынау жаңа әдіс өткен жылы 900 га жерге енгізілді.

    Ауданда 6 су қоймасы, 8 магистральдық каналдары мен 16 ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру бойынша жобалар әзірленіп, жөндеу жұмысы басталды. 2024 жылдан бастап «Казачи» 1,2,3 шаруашылықаралық каналына жөндеу жұмысы жүргізілуде. Мұндай іргелі істер «Әбдіхалық», «Талас» каналдарына да тән. Ауданда туризмді дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстық туризм басқармасы және «Авалон» тарихи-географиялық қоғамы мамандары бірлесе, Кеген ауданының Саты ауылы үлгісінде пилоттық жобаны іске асыруда. Жоба аясында Қарасаз, Жамбыл және Қақпақ ауылдарында тұрғындардың жеке қаражаты есебінен қонақ үйлер ашу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын ұйымдастыру және жақын маңдағы көрікті жерлерге туристік турлар әзірлеу жұмысы басталды, – деді аудан әкімі Дастан Құдабаев.

    Бұдан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен Шалкөде, Көккемер, Шұбартал және Байынқол бағыттарына апаратын жолдарға тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жалпы сомасы 5,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделуде. Құрылыс саласына келетін болсақ, аудан бойынша 4 нысан салынуда. Олар – Нарынқол ауылындағы ветеринарлық зертхана, Тегістіктегі фельдшерлік-акушерлік пунк, Нарынқолдағы 250 орынды емхана ғимараты. Қазір аталған ғимарат жұмыстарының 95 пайызы аяқталды. Қақпақ ауылдық округі әкімдігі ғимаратының күрделі жөндеуі толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 0 – 74 шақырымы қайта жөнделуде. Қазіргі таңда 40 шақырым жолға асфальт төселді. Облыстық маңызы бар «Нарынқол – Сүмбе» автожолының жөндеу жұмысы толық аяқталды.

    Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толады. Осынау мерейлі мерекені жоғары деңгейде атап өту – ауданның шежірелі тарихын зерттеп, жас ұрпаққа жеткізуге, осы өңірден шыққан ұлы тұлғаларды дәріптеуге үлкен мүмкіндік беретіні анық. Сонымен қатар, айтулы мереке рухани серпіліс сыйлап қана қоймай, ауыл шаруашылығын, туризм салаларын дамытуға, инвестор тартуға жол ашатыны да белгілі. Аудан әкімі жөні де жосығы да бөлек осынау ұлы тойға ауданның барша тұрғындары біркісідей атсалысуы, ұйымшылдық танытуы қажеттігін көпшіліктің есіне салды.

    Аудан әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған ауыл тұрғындары шешімін күткен өзекті мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Мәселен, ауыл тұрғындары Әбіш Мәретбаев ауданды газдандыру мәселесіне, Әбділда Аташев мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мен көшелерді жарықтандыру мәселесіне, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев мемлекеттің иелігінен тыс қоғамдық орындардың қыс кезінде жылытылуы, қатты отынмен қамтылуы барысы жайына, аудандық мәслихат депутаты Бекжан Жүнісов ауданда мал соятын арнайы орынның қажет екеніне аудан басшысы мен облыс әкімінің назарын аударды.

    Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданның әлеуетіне тиісті баға берді. Райымбек ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерінің зор екенін атап өтті. Өндірісті әртараптандыру, коопреацияны дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне көптің назарын аударды. Тұрғындарды толғандырған мәселелерді мұқият тыңдап, тиісті басқармаларға нақты тапсырма жүктеді. Ауданның дамуына қатысты жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Аймақ басшысы, сондай-ақ, қайта қабылданатын жаңа Конституцияның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Ата Заңға енгізілген өзгерістердің қоғам сұранысына сай жүзеге асқан және мемлекеттің одан әрі демократиялық даму бағытын нығайтатынын жеткізді. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Сондай-ақ билік тармақтарындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыру көзделген. Бұл өзгерістер елдің болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Әрбір азамат реформалардың мәнін терең түсініп, қоғам өміріне белсене араласуы керек, – дей келіп, алдағы 15 наурызға белгіленген жалпыұлттық референдумға сайлауға құқылы азаматтарды ұйымшылдықпен қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды.

    Облыс әкімінің сапары бұдан кейін ауданның Қараой өңірінде жалғасты. Бұл өңір бұрындары Тегістік, Ленин аталатын шаруашылықтарға тиесілі болып келген. Шаруашылықтар таратылған соң, су келмейтін, тағдыры аспанның ақ жауыны мен ақ қарына қарап қалған өңірді 2022 жылы құрылған «Алтын дән – 1» атты 10 шаруа қожалығынан құрылған өндірістік кооператив өз жауапкершіліктеріне алған болатын. Тәлімі жерді агротехникалық талаптарға сай күтімелдеп, көңілдегідей өнім алып келген. Өткен жылдан бері бұл өңір сулы алқапқа айналды. Мемлекет қолдауымен егіс алқабының ортасынан бұрғылау әдісі арқылы су шығарылды. Қазір осы суды алқапқа тамшылату тәсілі арқылы қолданған кооперативтегі еңбекқор жандар еңбектерінің игілігін көруде. Өткен жылы осы алқапты тамшылатып суару арқылы әр гектардан 25 -30 центнерге дейін алтын дән жинауға қол жеткізген. «Алтын дәннің» жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы, тиімділікті арттырып отырған кооперативтің жұмысына қанағаттанғандығын білдіріп, алдағы мақсатты істеріне сәттілік тіледі.

    Аймақ басшысы бұдан кейін аудан орталығындағы құрылысы аяқталуға жақын қалған 250 орынды емхананың жұмысымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан, құны 4 млрд 105 млн теңгені құрайтын ғимараттың құрылысын «Өмірзақ» атты ЖШС міндетіне алған еді. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, инфляция сияқты керағарлықтардың әсерінен жұмыс мерзімінен кешеуілдеген болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен құрылыс жұмысы қайта жанданды. Демек, емхана пайдалануға берілетін, аудан халқы игілігін көретін кез де алыс емес. Осы орайда аймақ басшысы жауапты адамдарға құрылыс қарқынын үдетіп, қысқа мерзімде сапалы аяқтауды міндеттеді.

    Шекаралық Нарынқол ауылының тұрғындарының егіндік, шабындық алқаптарына келетін судың үш қатарлы каналы бар. «Казачи 1, 2, 3» аталатын бұл шаруашылықаралық каналдың біреуіне ағын су еркін жүруі үшін заманауи жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ұзындығы 18 шақырым болатын каналдан су ішетін алқап көлемі 2706 гектар. Аталған нысанның салыну құны 1 млрд 975 млн теңгені құрайды. Каналды жөндеу жұмысымен «Гидроқұрылыс» ЖШС-ның маман-жұмысшылары айналысуда. Бөлінген қаражаттың бүгінге дейін 478 млн теңгесі игерілген. Облыс басшысы «Казачидің» жұмыс барысымен де танысты. Көктемгі дала жұмысы басталатын шаққа да аз уақыт қалғанын, алқаптардың суды қажет ететін қарбалас шақтың да алыс емес екенін құрылысшылардың есіне салды. Каналдың жұмысын алқаптарды суару науқаны басталғанға дейін сапалы аяқтап, шаруалардың пайдасына жаратуды тапсырды.

    Жұмабек ТҰРДИЕВ,

    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында үшемдер перзентханадан шықты

    Алматы облысында үшемдер перзентханадан шықты

    3 years ago
    Алматы облысында бәйгеден жарыс өтеді

    Алматы облысында бәйгеден жарыс өтеді

    3 years ago
    Қарасайлық науқасқа күрделі жүрек отасы сәтті жасалды

    Қарасайлық науқасқа күрделі жүрек отасы сәтті жасалды

    7 months ago
    Антыңа адал бол, жас сарбаз!

    Антыңа адал бол, жас сарбаз!

    2 years ago
    Балабақша педагогтерінің жалақысы өседі

    Балабақша педагогтерінің жалақысы өседі

    3 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>