Бүгінде қоғамда жаңа Ата Заң жобасы қызу талқылануда. Бұл заңды дүние. Осыдан біраз уақыт бұрын халықтың мұншалықты белсенділігі байқалмайтын. Ал қазір әр азамат саяси үдерістерге деген өз көзқарасын бүкпесіз айтуға үйренген. Демократиялық қоғамның бірден-бір көрінісі де осы болар.
Ұйғыр ауданында да дәл осындай жағдай. Қай ортада болмасын Жаңа Конституцияның ерекшеліктерін айтып пікірталастырған адамдар. Әрі сол пікірталастың қай-қайсысы болмасын нақты дәлел, салмақты ойға құрылған. Дабыра сөз, даңғаза пікір жоқ. Сауатты талдап, сауатты ой айтып отырған жандарды көргенде қуанасың. Жаңа Конституция жобасының әр бабын жіктеп-жіліктеп, өз көзқарастарын білдірушілер әлеуметтік желіде де ашық талқылауда. Бұл азаматтардың ел болашағына немқұрайлы қармайтынын, әр өзгерістің артында мемлекеттің дамуы мен ұрпақтың келешегі жатқанын сана-түйсіктерімен сезінетіндігі. Әрине, әр елдің сотқары да, әр сөзге қарсылық білдірер топтары да болады. Ол да қажеттілік. Анда-мында «одан келіп кетер не пайда бар бізге?», «бізсіз де сол Конституция қабылданады ғой» деп жүрдім-бардым қарайтындар жоқ емес. Біз соларға жауап ретінде жаңа Конституция несімен ерекше, ол бізге қандай басымдықтар береді деген сауалдар төңірегінде ой өрбітіп көруді жөн санадық.
Басты ерекшелік Ата Заңымыздың шымылдығының, ресми тілде айтсақ преамбуласының жаңғыруы, жаңаруы. Мұнда біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын қадап айтып, Әділетті Қазақстан идеясы мен Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, еліміздегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлікті ту етіп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын басты бағдар етіп, табиғатты аялап, Ата Заң қабылданатыны айтылған. Байқап отырсақ, жаңа Конституциямыздың кіріспесінің өзінен-ақ мемлекет азаматтардың құқығы мен бостандығын басты орынға шығарып, әділетті қоғам құруды мақсат еткенін көреміз.
Жаңа Ата Заң жобасының «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты 2 бөлімі тұтастай азаматтарымыздың өз құқықтарын қалай қорғауы, оған мемлекеттің жауапкершілігі турасында кеңінен қаузалған. Мұндағы өзгешелік те сол – бөлімнің алғашқы бабында әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар екенін, әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы екендігін әрі әркім сот арқылы қорғануға, білікті заң көмегін алуға құқылы екендігі екшеп көрсетілген. Қолданыстағы Ата Заңда да бұл бап бар. Бірақ жаңа жобада бұл тұс толықтырылып, нақтылана түскен.
Бұл туралы заңгер Нұргүл Тұрсынқызы былай дейді. «Өзім заңгер болғандықтан қашанда азаматтардың өз құқығына немқұрайлы қарайтынына қынжыламын. Кейде адамдар еш кінәсіз де айыпты саналып жатады. Ал сот үкімі шықпайынша ешкімді де кінәлі деп тануға болмайды. Бір қуантарлығы Жаңа Ата Заңымыздың жобасында осы қағида тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Жаңа Конституцияның жобасында 19 баптың 1 тармағында «Заңды күшіне енген сот үкімімен адамды кінәлі деп танымайынша, ол жасалған қылмыстық құқықбұзушылыққа кінәлі емес деп саналады» делінген. Бұл – бұрын көрсетілмеген норма. Әлбетте күдікті ретінде ұсталғанымен ол адамның кінәсі әлі мойындалмай жатып, біздің қоғам лас сөзбен жер-жебіріне жетіп балағаттап жатады. Намысына тиеді. Бұл өрескел қателік деп есептеймін. Сондықтан жаңа Конституция жобасында дәл осы баптың нақты көрсетілуі қуантты. Сонымен қатар азаматтар көп жағдайда өз құқығын білмегендіктен зардап шегеді. Бұл олқылықтың да орны толтырылғандай. 18-бапта «Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі» деп көрсеткен. Бұл да бұрынғы Ата Заңымызда көрсетілмеген норма болатын. Мұны да үлкен жетістік деп таныр едім».
Иә, елімізде Миранда қағидасының енгізілуі адам құқығын қорғаудағы ерекше әрі екшеп айтарлық дүние болды. Сонымен қатар бұл жобада адвокатураның мәртебесі айқындалды. Қолданыстағы Конституцияда адвокаттар рөлі. сот пен прокуратура мәртебесі айқындалмаған болатын. Бұрын адвокаттарда тергеу барысында көптеген қиындық туындап жататын. Тіпті қылмыстық іспен танысуда да қиындықтар кездесетін. Енді Конституциямызда адвокаттардың рөлі айқындалса, осындай қиындықтар болмайды деп сенеміз. Сонымен қатар қоғамда адвокаттардың кәсібилігі арқылы әділ шешім шығаруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Бұл турасында Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Фируза Исакова өз ойымен бөлісті. «Адвокатураны конституциялық деңгейде тану – құқықтық жүйенің кемелденгенінің маңызды көрсеткіші.
Конституцияда адвокатураның орны айқындалуы оның қоғамдағы және сот төрелігін жүзеге асырудағы рөлін күшейтеді. Бұл – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдігі.
Тәуелсіз қорғаусыз сот процесіндегі теңгерім туралы айтпау мүмкін емес. Айыптау мен қорғау тараптарының процессуалдық мүмкіндіктері тең болған жағдайда ғана әділ сот қағидаты толық жүзеге асады. Сондықтан адвокатураның мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту оның тәуелсіздігін нығайтып, сыртқы ықпалдан қорғалуына қосымша құқықтық негіз қалыптастырады.
Бұл қадам құқық үстемдігін орнықтыруға, қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға және құқық қорғау институттарының тиімділігін күшейтуге бағытталған. Тәуелсіз әрі кәсіби адвокатура – әділдік пен заң үстемдігінің ажырамас тірегі».
15 наурыз – жалпыхалықтық референдум. Бұл күні жаңа Конституциямыз бойынша дұрыс шешім қабылдау әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз. Еліміздегі әр азамат Әділетті Қазақстанның бір кірпішін қалау үшін, заң мен тәртіптің басты орында болуы үшін өз үлесін қосуы керек. Тарихымызды түгендеп, өткенімізден сабақ алып, болашағымызға бағдар жасай алсақ, ол біздің өркендеуіміздің кепілі. Сондықтан да жаңа жоба елі ішінде ашық әрі қызу талқыланып, демократиялық қоғамның айқын көрінісін әспеттеп жатқанда, әр азамат сол қоғамның мүшесі ретінде өзінің ойын білдіруге құқылы. Тіпті қажет. Ендеше, ел ертеңі еңселі болсын десек, саяси науқаннан тыс қалмай әділ таңдау жасайық.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




