Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қонаев қаласының көпсалалы колледжінде «Ата-аналар университеті» автоматтандырылған платформасымен жұмыс жүргізу және бала мен ата-ана қарым-қатынасын жақсарту мақсатында жиналыс өтті.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған орталықтың әдіскер-үйлестірушісі Шынар Орынбекова «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры Қазақ психологиялық қоғамымен бірлесіп, «Ата-аналар университеті» бағдарламасын әзірлегенін хабардар етті. Оның айтуынша, аталған бағдарлама білім беру мекемелері мен ата-аналарға балалармен берік байланыс орнатып, жанжалдарды эмпатикалық түрде шешу әдістерін үйретеді. Бағдарламаның қалай қолданылатынын түсіндірген маман бала тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңес беріп, ата-аналарды білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста болуға шақырды.
Келесі кезекте Қонаев қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әйгерім Жетенова вакцинаның адам өміріндегі маңызына тоқталды.
– АДС-М – дифтерия мен сіреспеге қарсы егілетін вакцина. Дифтерия тыныс алу, жүрек пен жүйке жүйесін зақымдайды. Оның соңы қайғылы жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. АДС-М иммунитетті сақтап, аурудан қорғайды. Сондай-ақ топырақта, тот басқан заттарда болатын сіреспе жарақат арқылы жұғады. Ол өте ауыр өтеді. Өлім-жітім көрсеткіші де жоғары. Оның алдын алудың тиімді жолы – АДС-М. Ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастыратын бұл екпеден кейінгі қорғаныш 10 жылға дейін сақталады, – деген Әйгерім Санатқызы дифтерия мен сіреспеге қарсы егілетін вакцинаның не үшін, кімдерге, қашан, қалай салынатыны, қарсы көрсетілімдері мен егу кестесінің негізгі қағидалары жөнінде және ұжымдық иммунитет жайында кеңінен түсіндірді.
Жиында Жастар денсаулығы орталығының үйлестірушісі, валиолог-психолог Назгүл Жанұзақова орталықтың атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады. Аталған мекеме жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау бағытында жұмыс істейді. Онда эндокринолог, гинеколог, психолог және тағы басқа мамандар қызмет көрсетеді. Орталық тарапынан колледждер мен мектептерде семинар, кездесулер өткізіліп тұрады. Баяндамашы медициналық және психологиялық қызметке жүгінген жасөспірімдердің жеке басының құпиясы сақталатынын қаперге салды.
Шарада ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Мақсат Қожабеков сөз алып, қазіргі кезде жасөспірімдерді есірткі тасымалдау және олардың банк картасын алаяқтардың пайдалану қылмысы белең алып отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ата-аналарды әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша бірқатар баппен таныстырып, балаларын содан сақтандырып отыруға шақырды.
Жиналысты қорытындылаған Шынар Орынбекова колледжде студенттерге білім берілетінін, басқа мәселенің барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты екенін, сондықтан ата-ананың баласымен қандай қарым-қатынас жасау керегі жайлы кеңес берді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




