«Жетісу» аграрлық-өндірістік кешені – Қарасай ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін бірден-бір ірі құрылым. Мұнда астық алқаптарымен қатар етті-сүтті бағыттағы ірі қара кешендері жұмыс жасап, ірі мегаполис – Алматының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Еңбек ұжымы елімізде болып жатқан саяси науқандарға да сергектікпен қарап, 15 наурызда өткізілетін референдумға қатысуға дайын.
- Жаңа Ата Заң жобасының «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттіктің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, «Әділетті Қазақстан» идеясын және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, адамның және азаматтық құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп…» деп басталатын мәтіні еліміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығын барша әлемге мәлімдеп тұрған жоқ па! – дейді серіктестіктің төрағасы Жанат Исағұлов. – Бейбітшілік пен достықты берік ұстаным еткен жас республикамыздың барлық мемлекеттермен ынтымақ-бірлікте өмір сүре отырып, мәңгілік ел қалыптастыруға ұмтылғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандығы болатыны да болашаққа салынған даңғыл деп түсінеміз. Сондықтан біз 15-ші наурызда өтетін референдумға қатысып, өз қолдауымызды көрсетуге дайынбыз!
Еңбек ұжымының өзге мүшелері де осы пікірді қолдайтынын жеткізді. Атап айтқанда, өндіріс меңгерушісі Ернат Аманжолов:
- Ассамблея – өз миссиясын атқарған ұйым. Сондықтан оның таратылып, орнына халықтың мүддесін білдіретін жоғарғы консультативтік орган – Халық Кеңесінің құрылатыны лайықты шешім деп санаймыз. Сонымен қатар унитарлы мемлекетте екі палаталы Парламенттің болуы да түрлі ой туғызатын. Жаңа Конституция жобасында бұл мәселе де шешімін тауып, бүкіл түркі әлемінде қалыптасқан Құрылтайдың дүниеге келуі де біраз нәрсені аңғартса керек. Осы бастамалар жұртшылықтың көкейіне қонады, көңілдерін жайландырады. Демек, жаңа Ата Заңға қолдау көрсетеміз.
- Жаңа Конституция жобасында «Әрбір адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқы бар» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндері, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепілдік берілген ,– дейді кешеннің агрономы Базарбай Реймқамыс. – Сол сияқты азаматтардың меншік құқығы, неке мен отбасы, түрлі әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық көмек алуға қатысты құқықтары, тегін орта және жоғары білім алуға берілетін заңдылықтар жаңа Конституция жобасында анық көрсетілген. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаны қорғауға, азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге дейін тәптіштеп жазылған. Сондықтан, жекелеген тұстарды айтпағанда, жаңа Ата Заң жобасы біздің көңілімізден шығып отыр. Ендеше, халықтың мүддесін қорғайтын, ойынан шығатын Конституцияға өз басым қолдау көрсетемін!
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы




