Жаңа Конституцияның толықтырылған жобасы жарияланып, еліміз көлемінде референдум өтетін күн белгіленді. Бұл әрбір қазақстандық азаматтың таңдау жасауына мүмкіндік береді. Өз елімнің патриоты ретінде мен де бұл жауапты науқаннан қалыс қалмаймын. Өйткені, жаңа Ата Заң болашағымыздың берік тұғыры. Ол еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Онда алғашқы кезекте адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Бұл азаматтардың еліміздің болашағына деген сенімін нығайта түседі.
Жобада жастардың, кәсіпкерлердің, көпбалалы отбасылардың және қиын жағдайда қалған адамдардың құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Конституция жобасында әділеттілік, заңдылық, тәртіп және табиғатқа құрметпен қарау сияқты қағидалар алдыңғы қатарға қойылған. Сондай-ақ экономикалық даму мен білімге, ғылым мен инновацияға қолдау көрсету көзделген.
Менің ойымша, жаңа Ата Заң жобасы – қоғамымыздың дамуына, әділдік пен тәртіптің орнауына, адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік ашады. Осы ретте Конституциялық жобаның толықтырылған нұсқасын қолдаймын және оның ел өміріне оң әсерін тигізетініне сенемін. Барша қазақстандықтарды еліміз үшін аса маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, референдумға бір адамдай қатысып, еліміз үшін маңызды құжатты қолдауға шақырамын.
Айнұр Амиреева,
«Қарғалы ауылының №1 орта мектебінің музыка пәні мұғалімі
Жамбыл ауданы




