Қонаев қаласында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының «Домалақ ана» саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Жобаның мақсаты – өңірдегі қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету, көшбасшылық қабілетін жетілдіруге мүмкіндік беріп, қоғамдық-саяси үдеріске белсенді қатысуына жағдай жасау.
Кездесуге облыстың барлық ауданы мен қаласынан 100-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында әйел депутаттар, ауылдық округ әкімдері, іскер әйелдер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының өкілдері, көпбалалы аналар мен партия белсенділері бар.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев сөз сөйлеп, «Домалақ ана» мектебі өңір әйелдерінің басқару құзыретін арттыруға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті.
– Алматы облысында 57 мыңнан астам партия мүшесі бар, олардың 76 пайызы – әйелдер. Сонымен қатар барлық деңгейдегі 228 депутаттың 48-і – нәзік жандар. Бір аудан әкімі және 7 ауылдық округ әкімі қызметін әйелдер атқарып отыр. Өңірдің әлеуметтік, білім беру және медицина саласында, кәсіпкерлік бастамаларда олардың белсенділігі жоғары. Күнделікті тіршілікте де, басқару ісінде де олардың үлесі айқын сезіледі. Осы ахуал қоғамдағы әйелдердің рөлін жүйелі түрде қолдауды талап етеді. Сондықтан бұл бағыт «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына енгізілген, – деген төраға партия жанындағы «TOMIRIS» жобасы жайлы да баяндады. Айтуынша, аталған бағдарламаға соңғы жылдары өңірден 5 азамат қатысып, саяси коммуникация, басқару және қоғаммен байланыс орнату бағытында тәжірибе жинақтап келген. Енді сол алған білімі мен тәжірибесін облыс деңгейінде іске асырады. «Аталған істердің жалғасы ретінде «Домалақ ана» саяси көшбасшылық мектебі жұмысын бастап отыр. Алдағы уақытта өңірде әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру қажет. Осы алаңнан өңірдің қоғамдық-саяси өміріне ықпал ететін жаңа есімдер шығады деп сенемін», – деді Қуат Сұлтанұлы.
Облыстық әйелдер қанатының төрағасы Меруерт Молдашева бір жыл ішінде атқарылған жүйелі жұмыстар жайлы баяндап, олардың мән-мазмұнына тоқталды.
– Әйелдер қанаты он негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның әрқайсына тең төрағалар тағайындалған. Саяси көшбасшылық, отбасы құндылығын насихаттау, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін дамыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық қоғам қалыптастыру, еңбек құқығын қорғау, әйел денсаулығын сақтау, гендерлік теңдік, ғылым мен саясаттағы әйелдерді қолдау шаралары жүйелі жүргізілуде. Алдағы уақытта аталған бағыттар бойынша жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деген Меруерт Сағындыққызы жиналған қауымды осы бастамаларға атсалысып, белсенді болуға шақырды.
«Домалақ ана» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі пленарлық отырыстар, панельдік талқылаулар, мотивациялық кездесулер және тренинг форматында түрлі шаралар өткізеді. Бағдарлама аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, нақты кейстерді талқылап, басқару дағдысын жетілдіруге мүмкіндік алады. Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтар «AMANAT» партиясының аумақтық филиалдары арқылы тіркеле алады.
Кездесу барысында қоғамдық-саяси өмірдің жақсаруына өз үлесін қосып жүрген әйелдер Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар партия қатарына түрлі саланың белсенді өкілдері қабылданды. Домалақ ананың тағылымды өмірі жайлы мазмұнды әңгіме өрбіп, үлгі болар істері дәріптелді. Сондай-ақ спикерлер әйелдер қанатының әр бағыты бойынша баяндама жасап, қатысушыларды тың ақпаратпен қанықтырды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




