⛅
-3°C
Қонаев
Жексенбі, Ақпан 15, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ер мерейі – ел мерейі

    14.02.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ер мерейі – ел мерейі
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, университеттің ректорлар кеңісінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің 70 жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен Әділ Шаяхметов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, ҚР құқық қорғау органдарының, басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары, Алматы қаласы мен облысының, басқа да аймақ әкімдерінің құттықтаулары оқылып, табыс етілді.

    Шара барысында Әділ Шаяхметұлы жазған «Дәуір тұлғалары» кітабының тұсаукесері және университеттің генерал-лейтенант Ә.Шаяхметов атындағы ғарыштық байланыс зертханасының ашылуы салтанатты жағдайда өтті.
    Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақтың да, бақыттың да қонбайтынын айтса, руханияттың шамын жаққан Лев Толстой «Әр адам бақытты болуға тиісті, алайда, оның бағы жанбаса, адамның өзі кінәлі» деп түйіндеген. Иә, Алла бақытты болу үшін пендесіне өмір сүруге қажеттіліктердің бәрін берген, тек адамгершілік пен адалдықты өзімізге қалдырыпты. Осы екі асыл қасиетті қатар алып жүріп, еңбектің тайқазанында шыныққан, ел мен жерге қапысыз қызмет еткен жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметов жақында мерей жасын атап өтті. Сонда ақын інісі Серік Қалиев:
    Алатаудай айбатты тұлғалы ағам,
    Ер болып, ел бағына туған адам.
    Абыройдың шыңына көтеріліп,
    Жетпістің биігіне ту қадаған…

    …Айналып алты Алаштың тірегіне,
    Қызмет еткен қазақтай ұлы еліне.
    Атырау-Алтай арасы түгел сыйған,
    Генерал, батыр аға жүрегіне.

    Бірлігін қазағымның ұран қылған,
    Ел-жұртын еңбегімен қуандырған.
    «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп,
    Ұлы Абай өсиетін тұмар қылған, – деп ағасының тойына жыр-шашуын арнады. Ер мінезді, жомарт көңілді, елін, жерін шексіз сүйген Әділ бауырымыз 70 жасқа толған кешін әсем Алматының төрінде дүркіретіп өткізді. Мерейтойға шекара асып келген мәртебелі қонақтар – мемлекет және қоғам қайраткерлері, сыйлас достары, әріптестері мен ағайын-туыстары жүректен шыққан тілектерін арнады. Жақсы тілек, алтынға айырбасталмайтын ақ бата ақ жаңбырдай жауды.
    Қашанда азаматтың қадірі мен қасиетін танитын және баға беретін айналасы, ортасы, көпті көрген ақылман аға буын өкілдері екені анық. Осы ретте тарих ғылымдарының докторы, профессор, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, ақылман ағамыз Өмірзақ Озғанбаевтың Әділ Шаяхметов бауырының мерейтойынан алған әсері туралы «Асылын ардақтаған ұлы той» деген мақаласын оқырман назарына ұсынғанның артықтығы жоқ. Енді осы ойлы мақалаға назар аударайық.
    «Той-думан, жиын-конференциялар қаншалықты сәтті өткізілсе де, апта өтіп, ай-айға ұласқан кезде жадымыздан көмескіленуі, әлсірей беретіні шындық. Сондықтан осы сәтті өткен тойдың кейбір фрагменттерін қағазға түсіруді орынды деп есептедім», – деп сөзін бастаған ғалым одан әрі ойын былайша өрбітеді. «2026 жыл. 40 жылға жуық өмірін елінің қауіпсіздігіне арнаған, жұмысын қатардағы қызметкерден бастаған, содан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына дейін көтерілген ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің тойы отбасында қуанышты жағдайдан басталды. Ол қаңтар айында 70 жасқа толды. Замандас ағалары, достары және отбасы бұл оқиғаны атап өтпек болып, дайындық жұмысы басталып кетті.
    Бұл бастаманы Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары, оқытушыларымен қоса университет ректоры Мейрам Бегентаев өзі тікелей басшылық жасап, дайындық және тойды өткізу жұмыстарын өз қолына алған екен. Себебі Әділ – осы университеттің түлегі. Өзі оқыған Альма-матермен байланысын үзбеген қайраткер. Неше жасқа келсе де, қандай жұмыстың биігіне көтерілсе де, қандай кең кабинетке кірсе де, қандай жүйрік машина мінсе де, өзі оқыған университетімен үнемі байланыста болған. Өзінің оқытушылары, профессорларымен жиі кездесіп, пікірлесіп тұратын. Ол – осы университеттің ректорлар кеңесінің мүшесі.
    Ұлы той Әділ мен Айсұлудың ұлдары Абылаймен бірге ел ақсақалдарына сәлем беріп, көрісуден басталды. Ақсақалдар, аналар ақ батасын беріп, «ұлы есімді, ұлт ардагері Абылай ханның жолын берсін» деп беттерін сипады. Бұл да үлгі алар, ұрпақ тәрбиесіне игі әсері тиер бастама еді. Батаның энергетикасы бөлек. Халқымыз жолға шықса да, астан ауыз тисе де, ұл-қызды болса да, бата беріп, тілек тілеп жатады.
    «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, заманауи үлгіде ұйымдастырылған той бір күнде өте шықты. Бірақ ұмытылмас әсер қалдырды. Отызға жуық генерал тойға қатысты. Сары-ала, оқалы киімдер киген әскери адамдар, өзінің ұлттық киімдерімен жүрген араб азаматтары, өз елінің орден-медальдарын тағынған шетелдіктер, көптілді, көпбейінді тойшыл қауым тойды көздің жауын алатын ерекше көрініске бөледі.
    Той – ән мен күйдің, би мен сәннің базары ғой. Ресейден келген генерал-полковник Виктор Иванович Комогоров ортаға шығып, би билеген кезде аяғы жерге тиер-тимес ұшып жүргендей әсер қалдырды. Алматының қыз-келіншектері бұл қарқынға ілесе алмай «қап» деген сәттері де болды. Бұл тойдың сәнін келтірген – топ ансамбльдері. Олар сызылтып салған әнді той қонақтары қосыла шырқады. Той тарап, қонақтар елдеріне жету үшін аэропортқа келген сәтте той үстінде үлестірілген газеттер мен кітаптар салынған «Шаяхметов Әділ – 70 жаста» деген жазуы бар қағаз пакетті көрген азаматтар «Ағамыздың тойынан шығып келе жатыр екенсіз ғой» деп, тойдың хабарын сұрай бастады. Бұл да қала жұртшылығының хабардар екенінің бір көрінісі болар.
    Мерейтой аясында атқарылған үлкен шара – университетте өткен халықаралық конференция. Мерекедегідей безен­дірілген ғимарат алдында жастар келген қонақтарды қарсы алып, олардың сырт киімдерін іліп, шай-кофесін ұсынып, «Фото суреттердегі өмір тарихы» атты көрмені көруге шақырды. Әділ Шаяхметұлы зайыбы Айсұлумен салтанатты жағдайда университетке келіп, көпшілік асқан құрметпен қарсы алды.
    Әсем Алматы – ұзақ жыл бойы еліміздің астанасы, зиялы қауымның ордасы болған қасиетті қала ғой. Бүгінгі тойда да мәдениетті қауымның осы үлгісі жалғасын тапты. Көп жағдайда келген қонақтар кітаптарын сыйлаумен болды. Академик Сәбден Оразалы «Не істеу керек?» («Что надо делать?»), академик Райыс Төлебаев «Барометры эпохи», Әділхан Байбатша «Қазақ даласының ежелгі тұрғындары, Үйсін империясы және қазақ ұлтының қалыптасуы туралы», тағы басқа да кітап-туындыларды ұсынып жатты.
    Қайраткердің өмірінен сыр шертетін фотокөрме өте мазмұнды ұйымдастырылды. Онда өз заманында бірге жұмыс жасаған қайраткерлермен, туыстар және отбасымен бірге түскен суреттері, газеттерге жазған мақалалары мен кітаптары қойылған.
    Межелі уақытта «Ғылымды, білімді және қауіпсіздікті тоғыстырған есім» атты конференция өз жұмысын бастап кетті. Бастан-аяқ конференция жұмысына ректор Мейрам Бегентаев басшылық етті. Белгілі мемлекет қайраткерлері, Қазақстанның әр облысынан келген өкілдер, әріптестері, шетелден келген қонақтар мерейтой иесінің атқарған аса жауапты жұмыстарына тоқталып, оның қайраткерлік қырларын, адамгершілік қасиеттерін айтып, ашып көрсетуге тырысты. Қазақстан Парламенті Сенаты кеңесінің мүшесі Асхат Күзеков Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Ардагерлер ұйымының құттықтау хаттарын тапсырды.
    Той қонақтарының арасында қазақ еліне аттары кеңінен мәшһүр ақындар, жазушылар, ғалымдар, қайраткерлер көп болды. Қорғаныс министрі болған Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, генерал-лейтенанттар – Жеңісбек Жұманбеков, Алик Шпекбаев, генерал-полковниктер – Қалмұханбет Қасымов, Асхат Дауылбаев, генерал-майор С.Арабов, ел ағалары Әлихан Тойбаев, А.Ақмурзин, генерал-полковник Виктор Комогоров, Ресей батыры, генерал-майор Омар паша Ханалиев, БАӘ басшысы офисінің атқарушы директоры Якуп Али, тағы басқалар өз ойларымен бөлісті. Маңғыстау өңірінде ұзақ жылдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы болып белсенді қызмет жасаған генерал-майор Аманкелді Құрманғалиевпен де кездесіп, шұрқыраса амандастық.
    Бұл тойға алыстан, жақыннан халық қалаулылары, ақсақалдар қатысты. Елімізге белгілі атақты ғалым, медицина ғылымдарының докторы, академик Райыс Төлебаев, 90-нан асқан Қарағанды облысынан келген Марс Төлеуқұлов ақсақал қимас көңілмен баталарын беріп, қуанышқа ортақтасты. Бұл ерекше бір көрініс болды.
    Басқосу Әділ Шаяхметұлының «Дәуір тұлғалары» атты кітабының салтанатты тұсаукесерімен аяқталды. Келесі бір үлкен шара – Ә.Шаяхметов атындағы ғарыштық байланыс зертханасының салтанатты ашылуы болды. Оның лентасын ҚР ғарышкері Айдын Айымбетов қиды.
    Қытай халқының «Қанша әдемі көңілді той болғанымен, ол да аяқталады» – деген әңгімесі бар. Бұл той да мәресіне жетті. Той иесі Әділ Шаяхметов және университет проректоры Ержан Көлдеев осы өткен шараны қорытындылап, соңғы нүктесін қойды.
    Иә, бұл той еліне сыйлы азамат, қайраткер, ғалым, мемлекеттік тұлғаның қайталанбас мерекесі болды.
    Ат үйірін сағынса,
    Артқы аяғын қағынар.
    Ер үйірін сағынса,
    Ер-тұрманын тағынар, – дегендей, Әділ сынды қыран азамат еліміздің өркендеуі жолында талай игі істердің ұйытқысы болып, түйткілді мәселелерді шешуге бел шешіп, белсене араласқан, нар көтере алмас парыз жүгін арқалап, адамдардың көңіл-күйіне ықпал етіп, ішкі жандүниесін оятып, ой-толғамын жетілдіріп, биік саналылыққа тәрбиелеп, ұлттық құндылықты насихаттаған азаматтың халқының алдында берген есебі іспеттес болды.
    Бұл – азаматын ардақтаған елдің ешқашан азбайтындығының көрінісі. Азаматтарымызды, асылдарымызды ардақтайық, ағайын!» – деп ақылман ағамыз өз ойын аяқтапты. Шынында да бұл тойдан кейінгі түйінделген тартымды, тағы­лымды ой екені анық.

    Күмісжан Байжан,
    ҚР Мәдениет қайраткері

    Ұсынымдар

    2024 жылы әлеуметтік салада қандай өзгерістер болады?

    2024 жылы әлеуметтік салада қандай өзгерістер болады?

    2 years ago
    Президент принял главного исполнительного директора Cerberus Capital Management Фрэнка Бруно

    Президент принял главного исполнительного директора Cerberus Capital Management Фрэнка Бруно

    5 months ago
    Қазақстан ArcelorMittal-ға тиесілі екі кәсіпорынды сатып алды

    Қазақстан ArcelorMittal-ға тиесілі екі кәсіпорынды сатып алды

    2 years ago
    Тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті

    Тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті

    2 years ago
    Ұлт болашағы ­–  ұрпақ сабақтастығы

    Ұлт болашағы ­– ұрпақ сабақтастығы

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>