Қоғамдағы кез келген саланың ілгері жылжуына, дамуына ондағы мамандардың біліктілігі тікелей ықпал етеді. Ал біліктілікке негіз болатын – терең білім мен мол тәжірибе. Еліміздің ауылшаруашылық саласында білікті де тәжірибелі, өз ісіне адал, жылдар бойы жиған білімін ғылыммен ұштастырған азаматтар көп. Олар өз саласында ұрпақ жалғастығын үзбей, кеше қалыптасқан үрдісті бүгінгі жас буынға жеткізуге күш жұмсайды. Сондай білікті азаматтардың бірі – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Білім беру озаты, КСРО «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Аграрлық білім, ғылым мен өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Сапархан Жұмағалиұлы Байжұманов еді.
Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Омарханұлы сынды заңғар тұлғалар дүние есігін ашқан, қасиетті Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Үржар ауданы Қарғалы ауылында 1950 жылы 18 шілдеде дүние есігін ашқан Сапархан Жұмағалиұлы 1968 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының (Бұл институт 1996 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып құрылды) «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетіне түскен. Мектеп қабырғасындағы алғырлығы, білімге құштарлығы студент кезінде де оны алға жетелеп, сол кездегі ең жоғарғы Ленин атындағы шәкіртақыға ие болған.
1973 жылы институтты бітіріп, осы оқу орнындағы «Ауылшаруашылық машиналары» кафедрасына ассистент ретінде жұмысқа қабылданды. Білімін одан әрі тереңдету жолында Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру институтының аспирантурасына күндізгі бөлімге оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, диссертация қорғап, елге техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып қайтады. Техника ғылымдарының кандидаты әрі қарай өзі білім алған институттың «Материалдар кедергісі және машина бөлшектері» кафедрасында аға оқытушы болып жұмысын жалғастырды. Оқытушы бола жүріп Сапархан көптеген шәкірт тәрбиелеп, ауылшаруашылық саласының мамандарына бағыт-бағдар берді.
1994-1996 жылдары «Машина-трактор паркін пайдалану» кафедрасының меңгерушісі, 1997-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті инжинерлік оқу ғылыми-өндірістік кешені жетекшісінің орынбасары, 2001-2008 жылдары университеттің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
Ғылыми педагогика саласында еңбек еткен жылдары 130-дан астам ғылыми-әдістемелік жұмыс жазды. 17 өнертабыстық авторлық куәлік пен патент иегері болса, бірнеше оқулық пен оқу құралы жарық көрді. 2003 жылы профессер атанып, 2008 жылдан бастап «Машина пайдалану» кафедрасының профессоры, «Агроинженерия ҒӨО» ЖШС-ның жетекші ғылыми қызметкері болып табысты еңбек етті. 2013 жылы «Көктем шипажайы» АҚ-ның бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, 2016 жылдан «Алтын@К» өндірістік компаниясының атқарушы директоры қызметін атқарды.
Сапархан Жұмағалиұлының өмір жолына үңілсек, ол ауыл шаруашылығына қажет маман даярлау ісінде табанды қызмет атқарғанын көреміз. Бұл оның кәсіби маман ретіндегі ұстанымының беріктігін, өз ісіне берілген адалдығын аңғартады. Оның бұл қасиеті студенттік күндерді бірге өткізген бізге жақсы таныс. Жап-жас жігіттік шағында-ақ ол уәдеге берік, әділетті, алғыр, алған бетінен қайтпайтын табанды, жанашыр жан болды. Адам ретіндегі осы бір жақсы қасиеттеріне оқуда, өмірде жиған тәжірибесі қосылып, бертін келе ол ұйымдастырушылық қабілеті мығым басшы, білікті маман ретінде өзін өзгелерге мойындатты.
Отбасында да сүйікті жар, мейірімді әке болды. Жары Әсия Жүнісханқызы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. 2010 жылы отбасының ұйытқысы, берекесі болған жары Әсия 59 жасында көз жұмды. Өмірінің жалғасы Асқардың да дәм-тұзы 2022 жылы, небәрі 47 жасында таусылып, Сапарханның басына ауыр қайғы түсті. Жалғыз тұяғы ұлынан айырылғанда ол қатты қиналды, мүжілді, басын тасқа да, тауға да соқты. Ажалға араша түсер амал бар ма?! Уақыт өте келе болған іске болаттай бекіді. Қызы Әсел мен ұлының көзіндей болған немере-жиендерінің демеуімен еңсесін тіктеді.
Жүдеген жанға жалау, арда азаматқа сүйеу болсын деп тағдыр осы кезде Сапарханға Гүлима Салқынбекқызын жолықтырып, бас құрады. Қазақ қыздарының тектілігін, қазақ аналарының парасатын бойына сіңіріп өскен Гүлима ерінің алдынан қия өтпеді. Балаларымен де, немерелерімен де тез тіл табысып, бауыр басып, отбасының шын жанашыры бола білді. Ақтық демі үзілген Сапарханды арулап, атқару ісіне бас-көз болған да осы Гүлима.
Үзеңгілес досымыз Сапархан туралы айтқанда ең алдымен оның өз ісіне адалдығы, елгезектігі, сергектігі, көпшілдігі ойға оралады. 1990 жылдардың тоқырауында көп адам ғылым түгілі білімді тәрк етіп, жанбағыстың амалын жасап, саудаға кеткен жылдарда ол оқытушылықты тастаған жоқ. Ауылшаруашылық техникаларының маңызын қазақ еліне керек сала ретінде өте жақсы түсінді. Сол себепті де университеттен табан аудармай, шәкірт тәрбиелеп, үзілгелі шақ қалған ауылшаруашылық техникасының қыр-сырын меңгерту ісінің жібін жалғады, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға үлес қосты. Шәкірт тәрбиеледі, маман даярлады, кеңес сұрап барғандарға қолынан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып, демеу болды. Курстағы жігіттердің басын қосып, олардың әрбір қуанышына шаттанып, қайғысына ортақтасып, әрқайсының туған күнін, үйленген күнін ұмытпай, бірінші болып құттықтайтын. Бірге оқыған дос деп қана емес, бәрімізді бауырындай жақын тартты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін ұлттық тәмсілді ұстанған біз Сапархан Жұмағалиұлының жақсылығын көзі тірісінде де айтып жүрдік, ол үнемі біздің бас-аяғымызды жинап, жүре беретіндей алаңсыз едік. Тек оның біздің арамыздан дәл осылай жылдам кетіп қаларын ойламаппыз.
Білімге құштар, ғылымға адал, ісіне мығым, елгезек, көкірек көзі ояу, ұлтжанды, қоғамдағы әр сала мықты болуы үшін ғылымға негізделуі керек деп жанұшыра еңбек еткен бір жүрек тоқтады. Оның осы бір «Қоғамның әр саласы ғылымға негізделуі керек» деген ойы біз үшін нағыз отаншыл ұран еді. Ол қызылды-жасылды, жарқ-жұрқ еткен өмірге қызыққан жоқ, атақ пен абыройға өз күшімен жетті, өз биігіне масаттанбады. Керісінше, «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді берік ұстанып, мейлінше қарапайым, мейлінше қоңыр ғұмыр кешті. Еткен еңбегі бағаланып, «Қазақстанның Алтын кітабы» жинағына өмір жолы туралы толымды мақала жазылды.
Сапархан үш ағайынды еді, ағасы – Амангелді, інісі – Саятхан. Ата-анадан ерте айырылған соң оларды әкесінің інісі Дәкен мен жеңгесі Мәкен өздерінің үш баласымен қосып, бағып-қағып өсірді. Сапарханның 75 жылдық мерейтойына келген Мәкен жеңгей оның оқушы күнінде орыс тілінің диктантынан «4» алғанына қанағаттанбай, мұғаліміне «5-ке» жазғанын дәлелдеп шыққан өжеттігін айтып беріп еді. Сол өжет мінезі үлкейгенде күрескерлікке ұласқанын көзіміз көрді. Сапархан жүріп өткен жолға үңілгенде, ол ұстанған ұстанымды ойға алғанда оның бойындағы өз ісіне адалдық пен ғылымға деген құштарлық кейінгі жас ұрпақтың бойынан табылса екен деп тілейсің!
Көңілге медеу болары – соңында қалған немере-жиендері, ол жазып кеткен «ғалымның хаты» – оқулықтары! Ұрпағы оның адамдық жолын жалғап, оқулықтарын оқыған мамандар сол саладағы ұстанымын берік сақтайды деп үміттенеміз. Адал дос, жанашыр жігіт, мықты маман, ұлтжанды азамат Сапарханның бейнесін біз еш ұмытпаймыз.
Курстастары атынан – Ажарбек МАТКЕРІМОВ




