Индустриялық аймақтар өңір экономикасын жаңғырту үшін инвестиция тартудың бірден-бір жолы саналады. Осы орайда облыста индустриялық аймақтар құрылып, оны дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар және Жамбыл аудандарындағы «Қайрат», «Қазыбек бек» индустриялық аймақтарына арнайы барып, ондағы жұмыс барысын жан-жақты саралады.
Алғашқы кезекте облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов «Қайрат» индустриялық аймағының аумағында жалпы құны 125 миллиард теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыратын 26 компанияның басшыларымен кездесті. Бұл жобалар аясында 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Кездесу барысында қажетті жобалау-сметалық және техникалық құжаттаманы пысықтауға, коммуникацияларға қосылуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылға байланысты мәселелер талқыланды.
– Қазіргі уақытта облыс аумағында «Қайрат», «Береке», «Тасқарасу», «Шелек», «Сұңқар», «Қазыбек бек» индустриялық аймақтары жұмыс істейді. Онда индустириялық аймақта жүзеге асырылатын жобаларда заманауи технологиялар мен жабдықтар пайдаланылуы керек. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті, экологиялық талаптарға сай болуы тиіс. Экспорттық әлеуетке де, импорттық өндірісті алмастыруға да назар аударылады, бұл оның нарықтағы бірегей орнын алу мен жергілікті экономика үшін маңыздылығын арттыру үшін маңызды, – деді Алматы облысы бойынша индустриялық аймақтар компаниясының бас директоры Ербол Шоқаев.
Бұдан соң «Қазыбек бек» индустриялық аймағына барған облыс әкімінің бірінші орынбасары ондағы жұмыс барысын бағамдады.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша индустриялық аймақтарға барудағы басты мақсатымыз – ондағы мәселелерді анықтау және шешудің нақты жолдарын көрсету, сондай-ақ жұмыс картасын әзірлеу, оны іске асыру мерзімдерін белгілеу және орындалу сапасын бақылау, – деді Қанат Болатұлы. «Қазыбек бек» индустриялық аймағының құрылысы үшін 900 гектар жер анықталған. Бұл аумаққа жалпы инвестиция көлемі 650 млрд теңгеден асатын 12 компанияны орналастыру көзделген.
Жалпы, индустриялық аймақтар өнеркәсіптік секторға инвестиция тарту, экономиканы жаңғыртуға ықпал ету және халық үшін жаңа жұмыс орындарын құру сынды маңызды міндеттерді шешеді. Бұл аймақтың дамуына жол ашып, елдің әл-ауқатын арттыруға негіз қалайды деп күтілуде.
Алма ЕСЕНБАЙ




