Дәл осы сөзді атам қазақ айтқан. Айтқандай-ақ жуырда елімізде үлкен саяси науқан болмақ. Ол – 15 наурыздағы референдум. Бұл референдумда халық өзінің болашағы үшін үлкен таңдау жасамақ. Халықтың таңдауына, елдің еркіне салынған бұл референдумда Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын бекіту мәселесі тұр. Оған атүсті қарауға болмайды. Өйткені Ата Заң – еліміздің басты бағдары, халқымыздың тәуелсіз, зайырлы, бейбіт қоғамда өмір сүруі үшін қажетті басты құнды құжатымыз. Әрине, еліміздің бір орында тұрақтап қалмасы үшін, дамыған елдермен иық тірестіре бірге дамуы үшін Ата Заңымызға да тиісінше өзгерістер керек-ақ.
Ал Жаңа Ата Заңда өзгеріс көп. Солардың ішінде саяси партиялар турасындағы бапты екшеп айтуға болады. Жаңа Конституцияның 6-бабында «Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді», – делінген. Ал бұл қолданыстағы Конституцияда дәл осылай нақтылап, жіктеп, кең ауқымда көрсетілмеген болатын.
Осы турасында «AМАNAT» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы да өз ойымен бөлісті. «Қазір елімізде барлығы 7 партия бар. Олардың ішінде 6 партия мүшелері Мәжілістен орын алған. Солардың арасында «Amanat» партиясының үлесі басқалардан жоғары тұр. Бұл елімізде «Amanat» партиясының халықтың таңдауы, елдің сенімін арқалаған саяси партия екенін аңғартады. Шыны керек, елімізде 90 жылдары саяси партиялар саны 15-ке дейін жетті. Тек 2002 жылы шілде айында қабылданған Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңы және 2009 жылы 6 ақпандағы осы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің партиялық жүйесін одан әрі құрылымдық жағынан сапалы түрде өзгертті. Ал енді Ата Заңымызға саяси партиялар туралы арнайы бап енгізілді. Бұл партиялардың сапасы мен құрылымына едәуір ықпал етпек. Енді өзге мемлекеттен келіп, партия құрғысы келген, болмаса сол мемлекеттің партиясының бағыт-бағдарын біздің мемлекетке енгізгісі келген жандарға үлкен тосқауыл бар. Ол – Ата Заңымыздағы тайға таңба басқандай етіп көрсетілген бап», – деп жаңа Конституциямыздағы осындай елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін баптардың көптеп өзгеріске түскенін және олардың барлығы елдің ризашылығын тудырып жатқанын айтты.
Иә, елімізде бір кездері «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» болып қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар легі көбейді. Атауы дардай болғанымен, атқарар қызметі, көздеген мақсаттары еліміздің ұстанымына қарама-қайшы да келіп жатты. Бірі ел арасындағы араздыққа себепкер болса, енді бірі жеке бас пайдасын көздеп кетті. Тек арнайы заң қабылданған соң ғана олардың қатары сиреді. Ал енді Конституцияда саяси партиялар мәселесі турасында арнайы бап енгізілген соң жауапкершіліктің артары сөзсіз.
Алдағы референдумда билік таңдауды халыққа қалдырды. Қалыпқа салып, қабылдай салуға да болар еді. Бірақ олай істемеді. Өйткені Президентіміз әділетті Қазақстанның негізін халықпен бірлікте құруға ниетті. Сондықтан да қандай да бір саяси өзгерісті халық өз таңдауын жасап шешуі керек дегенге арқа сүйеді. Сондықтан біз сол саяси науқанда белсенділік танытуға тиіспіз.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы




