Кітапхана – кемел келешекті қалыптастыратын рухани қазына, білім ордасы. Ауылдық жерлерде кітап оқу залдарын жаңғырту, кітап оқу мәдениетін дамыту ісі қайта жанданып келе жатқаны қуантады. Осы игі бастама аясында Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында жаңа кітапхана есігін айқара ашты. Салтанатты шара ақын, әнші, сазгер, ағартушы, Алаш зиялысы Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуымен тұспа-тұс келді.
Мерейтойлық кешті мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дана Төлеуова мазмұнды баяндамамен ашты. Мектеп оқушылары Инабат Құсайын, Елдар Ернарұлы, Толғанай Шеріпақын мен Мейрамбек Нөкербек Қапез Байғабылұлының өлеңдерін жатқа оқып, ақын мұрасын жаңғыртты.
Іс-шара барысында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтау сөз сөйлеп, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы, ғалым-педагог, жазушы Сағатбек Медеубекұлы кітапсүйер қауымға ақжарма тілектерін жеткізді.
Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған концертте Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Нұрлан Сағынай бастаған өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Кітапханаға ғалым Сағатбек Медеубекұлы 200 кітап сыйласа, «Ауылға қамқор азаматтар қоры» атынан 600 кітап тарту етілді. Ал жазушы, журналист Қанағат Әбілқайыр бұл жолы мектеп кітапханасына 170 кітап байғазы берді. Сонымен қатар өзге мектеп кітапханалары мен ауыл тұрғындары тарапынан да ғылыми және көркем әдеби кітаптар жиналып, кітапхана қорын байыта түсті.
Жаңа кітапхана болашақта ауыл тұрғындары түрлі сала бойынша білім алатын рухани орталыққа айналады деп сенеміз. Сондай-ақ ауыл жастарының пікірталас алаңына, кітап оқу, мазмұндама айту сайыстары мен мүшайралар, поэзия кеші өтетін мәдени ошақ болмақ.
«Өсетін ел кітаппен дос болады, кітаппен дос болған елге кетпейтін бақ қонады», – деп ойымды қорытындылағым келеді. Ауыл руханияты мен жастардың білімін дамытуға үлес қосып жүрген барша азаматтарға кітапханашы ретінде шексіз алғыс білдіремін. Оқырмандар саны көбейіп, Тоғызбұлақ білімді әрі кітапсүйер ауыл атансын!
Гауһар Тікебаева,
Қапез Байғабылұлы атындағы
мектептің кітапханашысы
Кеген ауданы




