«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Шелек өңіріндегі Абай атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасын талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның ең басты ерекшелігі – адамды, оның өмірі мен құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екенін атап өтті. Бұл қағидат Преамбулада және 1-бапта нақты көрсетілген.
Сондай-ақ білім саласына қатысты нормаларға ерекше тоқталды. «Білім саласының қызметкерлері үшін жаңа Конституцияда маңызды кепілдіктер қарастырылған. 33-бапта мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Бұл – әрбір қазақстандық баланың сапалы білім алуына мемлекет толық жауапты деген сөз», – деді коалиция мүшелері.
Жиын барысында ұстаздар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауаптар беріліп, ашық диалог форматында мазмұнды әңгіме өрбіді.Кездесу соңында ұжым өкілдері алдағы референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, азаматтық белсенділік танытып, маңызды саяси науқанға қатысатындарын жеткізді.
Айнур Айдарқызы,
AMANAT партиясы Еңбекшіқазақ аудандық
филиалының консультанты




