Жамбыл ауданының Қазыбек бек бекетінде «QazElastoPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокөлікке қажет керек-жарақтар шығаратын зауыты жұмыс істейді. Өткен жылы ғана іске қосылған кәсіпорында жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, табысты еңбек етуге жақсы мүмкіндік ашылып отыр.
Мұнда 30-дан астам адам жұмыс істейді. Инвестициялық жобалар аясында іске қосылған зауытта автокомпоненттер мен автомобиль аксессуарлары өндіріледі. Атап айтқанда, көлікте отырған адамның аяғының астына төселетін автополиктер, сонымен қатар шашыратқыштар мен есік жақтауларына қойылатын тығыздағыш резеңке таспалар шығарылады. Оның негізгі тұтынушысы – отандық автоөндірушілер. Кәсіпорынға тартылған жеке инвестиция көлемі 600 миллион теңге. Шығарылған өнімдері қазіргі заманғы сұранысқа сай келеді. Алайда өнімге керекті шикізат Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Жаңа жұмыс орындарын ашуға аталған серіктестіктің қосар үлесі айтарлықтай. Мұндай өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Сондықтан өндірісті кеңейту, өнім көлемін арттыру және отандық автоөндірушілермен байланысты күшейту маңызды. Өндіріс орнының басшылары бизнесті әрі қарай кеңейту үшін қосымша қаржыға сүйенеді. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдауға, жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға үміт артады.
Отандық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мұндай жобалардың көптеп жүзеге асырылуы маңызды. Ірі инвестициялық жобаларды дамыту үшін жергілікті кәсіпорындардың жұмысын өрістету өңір экономикасын әртараптандыруға және қазақстандық өндірістің бәсекеге қабілеттігін арттыруға жасалған нақты қадам. Жеті мың адам шамасында тұрғыны бар Қазыбек бек бекетінде индустриялық аймақ құрылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қазыбек бек бекеті,
Жамбыл ауданы




