Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында көрсетілген іс-шаралардың орындалуы бойынша кеңес отырысы өтті. Онда Қонаев аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы сараланды.
Алдымен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов соңғы үш жылдағы шаһар дамуының негізгі бағыттары, қол жеткізілген нәтижелер, экономикалық өсім, инвестициялық жобалар, туризм, құрылыс, архитектура салалары бойынша баяндама жасады.
– 2026 жылы бюджетке түсуі тиіс жалпы кіріс көлемі 172,9 млрд теңге деп жоспарланған. Оның 111,6 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 61,3 млрд-ы жергілікті бюджетке бағытталады. 2022-2025 жылдар аралығында Қонаев қаласында 12 инвестициялық жоба іске асырылды. Жалпы құны – 46,3 млрд теңге. 350-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Осы жылы қаржы көлемі 5,1 млрд теңге болатын, 190 жұмыс орнын ашатын 4 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Биыл № 6-7 жағажайлар мен демалыс аймақтарын реконструкциялау үшін 2,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты қажет. Ал «Көшпенділер қаласындағы» бизнес нысандарын электрмен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу керек. Осы мақсатқа биыл 350 млн теңге бөлуді сұраймыз. Сонымен қатар сумен қамту мәселесін шешу үшін құны 40 млн теңге болатын блокты-модульді қондырғы сатып алу міндеті тұр. Бұдан бөлек, «Көшпенділер қаласы» мен «Тамғалы-Тас» туристік нысандарын байланыстыратын Іле өзені арқылы ұзындығы 300 метр жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы әзірленуде. Сондай-ақ «Қонаев – Бақанас» тасжолын «Тамғалы-Тасқа» дейін 8,2 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған, – деген Асхат Ермекұлы әрі қарай тұрғын үй-коммуналдық шарушылық және инфрақұрылым саласындағы жұмыстар жайын сөз етті.
Энергиямен қамту бойынша Қонаев пен Алатау қалаларының дамуына серпін беретін тораптық қосалқы стансаның бірі – «Арна». Жобаның жалпы құны – 33,2 млрд теңге. Биыл оған бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар мемлекеттік қордан қосымша 12 млрд теңге бөлуге өтінім берілген. Бұдан өзге Жаңа Іле аумағында және 10-шағын ауданда тағы төрт қосалқы станса салу жоспарланған.
Қалада газбен қамту орташа қарқынмен дамып келеді. Жоба «Спутник», «Рауан», «Арна», «12А», «12Б», «19», «20» шағынаудандарын қамтиды, сондай-ақ Шеңгелді ауылдық округі мен саяжай массивтері үшін желілер жобалануда. Алайда тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан газ желілерін қосу, инвестициялық бағдарламаға сәйкес дамыту және қызмет көрсетуге қатысты шағымдар түскені айтылды.
Соңғы үш жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 35,9 млрд теңгені құраған, пайдалануға берілген аумақ – 94 474 шаршы метр. Әлеуметтік осал топтар үшін 456 пәтер сатып алынып, оған 10,3 млрд теңге бөлінген.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтты.
– 2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қонаев қаласының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітіліп, 187 іс-шараны іске асыру көзделген. 2026 жылдан бастап кешенді жоспардың күші жойылып, іс-шаралар облыстың даму жоспары деңгейіне ауыстырылды. Оған 150 өзекті іс-шара енгізілді. 18-і жеке инвестиция есебінен іске асырылады. Қазіргі уақытта 29 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, 61 жоба сараптамадан өтуде, 30 жоба әзірлеу сатысында. Осылайша, барлық жоба толық қамтылған, – деді Қанат Болатұлы.
Әкімшілік ғимараттардың, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев баяндады. Кешенді жоспарға сәйкес бірінші кезекте департаменттер үйі, облыстық сот, ұлттық қауіпсіздік комитеті, әкімдікке бағынышты ұйымдар, арнайы органдар мен полиция департаментінің ғимараттары салынатын болады. Мәдениет және спорт саласы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен драма театры, жеке инвестиция арқылы «Қонаев-Арена» стадионы, Оқушылар сарайы, зерттеу лабораториясы бар музей салынбақ.
Тұрғын үй құрылысы бойынша 2022 жылы бюджет қаражатына үш 60 пәтерлі үй салына бастаған. 2024 жылы құрылыс тоқтатылып, кейін оны «Sanur Stroy-A» ЖШС жалғастырған. Осы жылдың қыркүйек айында толығымен аяқталмақ. Қазіргі таңда 7 үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Одан бөлек жеке инвесторлар мен ірі құрылыс компаниялары есебінен де тұрғын үйлер салынатын болады. Кәріз-тазарту құрылысы бойынша мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында 438 га аумақта дислокация және геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмысы биыл наурыз айында басталады. Инвестиция көлемі – 33,4 млрд теңге. Инженерлік желілерді жаңғырту бойынша «Энергетика және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық бағдарламасы аясында 15 жоба әзірленген. Жалпы құны – 74,92 млрд теңге, бұл қаражатқа 98,26 шақырым сумен, жылумен және электрмен жабдықтау желілері жаңартылады.
Келесі сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлына берілді. Ол Қонаев қаласының жер ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, Қонаев қаласында 2022 жылдан бері пайдаланылмай келген 47,8 мың гектар аумақтағы 188 жер телімі анықталған. Оның 27,8 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 12,2 мыңы қайта айналымға енгізілген. Конкурс арқылы 63 учаске азаматтарға беріліп, жайылымға 8 учаске бекітілген. Алайда Шеңгелді ауылында жайылым тапшылығы әлі 4507 гектарды құрайды. Биыл қала әкімдігі 17 197 гектар жерді айналымға енгізуді жоспарлап отыр. Өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы 47 инвестициялық жобаға 8603 гектар жер бөлу көзделген.
Ауыл шаруашылығы саласында 2026 жылға жоспарланған нақты көлем индексі 104,8% (907 млрд теңге) деңгейінде бекітілген. Ал егіс көлемі 13 528 гектарға ұлғайтылып, мал азығы дақылдары азайып, орнына майлы дақылдар мен жүгері, арпа егісі ұлғаймақ. Соңғы үш жылда су үнемдеу технологиясын қолдану 1,4 мың гектардан 5,2 мың гектарға өсіп, бұл жалпы егіс көлемінің 41%-ын қамтыған. Мал шаруашылығы саласында 2025 жылы ет өндірісі 3848 тоннаға, сүт 3643 тоннаға, жұмыртқа 77 мың данаға артқан. Қосымша 2 сүт фермасын салу жоспарланған. Оған 3295 гектар жер телімі рәсімделіп, іске қосу уақыты 2027-2028 жылдарға белгіленген.
Баяндамашылар cөзін аяқтағаннан кейін Қонаев қаласындағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары талқыланып, басқарма басшылары өз ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев осы бағытта нақты тапсырмалар берді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




