Конституция – елдің саяси және құқықтық негізі. Ол билік тармақтарының өзара байланысын, құқықтың қолданылу шегін, қоғамдық келісімнің құқықтық өлшемдерін белгілейді. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заңды жаңарту – жекелеген түзетулер жиынтығы емес, құқықтық жүйенің табиғи даму сатысы. Ұсынылған өзгерістер бұрын қабылданған реформалардың қисынды жалғасы болып, мемлекеттік институттардың жұмысын нақтылауға бағытталған. Президент сөзімен айтқанда, «Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам». Мұндай тәсіл басқару жүйесіндегі рәсімдердің айқындығын арттырып, құқық қолданудың бірізділігін қамтамасыз етеді.
Құқықтық жүйе уақыт талабына сай дамып отырады. Кейінгі жылдары әкімшілік рәсімдердің жаңаруы, конституциялық бақылаудың күшеюі, сот жүйесіндегі институционалдық өзгерістер құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейін қалыптастырды. Конституцияның жаңартылған нұсқасы осы үдерістерді бір арнаға түсіріп, құқықтық реттеудің ортақ қағидатын бекітуге мүмкіндік береді. Қоғам үшін маңыздысы – басқару жүйесінің түсінікті әрі бірізді жұмыс істеуі. Бұл нақты рәсімдерге, өкілеттіктердің айқын шектелуіне және жауапкершіліктің нақты бекітілуіне байланысты. Мемлекеттік биліктің сабақтастығын құқықтық нормалармен белгілеу, сайлау мен тағайындау тәртібін анық көрсету басқару ісіне деген сенімді күшейтеді.
Осы үдерістерді оқу, талдау және түсіндіру тәжірибесінде күнделікті көріп жүрген біз үшін, яғни жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар қауымы үшін, ұсынылып отырған өзгерістердің логикасы түсінікті. Біз Конституцияны жаңартуды құқықтық жүйені дамытуға және басқарудағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған қадам деп білеміз. Оған қоса, жаңа кезеңнің күн тәртібі құқықтық реттеуге жаңа талаптар қойып отыр. Цифрлық технологиялардың дамуы дербес деректерді қорғау, цифрлық кеңістіктегі құқықтарды айқындау мәселелерін Конституция деңгейінде бекітуді қажет етеді. Экология мен табиғатты қорғау қағидатының негізгі заңда көрініс табуы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімге бағытталған сипатын көрсетеді.
Демек, Конституцияны жаңартуды ел дамуына жасалған қадам деп бағалауға болады. Бұл өзгерістер құқықтық жүйенің дамуын жалғастырып, мемлекеттік институттардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік беретініне сенімім мол.
Райгүл АРЫСТАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы




