Қаскелең қаласындағы В. Белинский атындағы орта мектеп-гимназиясында бірден екі маңызды жаңалық болды: ағылшын тіліндегі театр ашылды және «Fashion Fab Lab» шығармашылық сән шеберханасы жұмысын бастады.
Мектеп директоры Тұрсын Сайбырованың айтуынша, жас әртістер түрлі қойылымдар дайындайтын болады, ал тігіншілер мен сәнгерлер технология пәні мұғалімдері және ата-аналармен бірлесе отырып, оларға арналған костюмдер мен декорациялар әзірлейді, халықтың қолданбалы өнерін дамытып, шеберлік сабақтарын өткізеді.
Шығармашылық шеберхананың ашылу салтанатына педагогика саласының ардагері, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлтусын Бархинова, Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығының директоры Берік Асубаев және аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева қатысты.
«Fashion Fab Lab» аясында қонақтарға құрақ құрау және киіз басу бойынша шеберлік сабақтары көрсетілді. Оларды технология пәні мұғалімдері Айжан Жауар, Әсем Сәбитова және Ажар Семинтерова жүргізді. Мектептің мәжіліс залында жаңа театрдың жас әртістері дайындаған «Once upon a time» атты ертегілер әлеміне саяхат ұйымдастырылды.
Концерт бағдарламасын 7-сынып оқушылары ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде орындады. Одан кейін тек ағылшын тіліндегі театрландырылған қойылымдар легі жалғасты. Сахнада өнер көрсеткендер – оқу жылының басынан бері ашылған халықаралық сыныбында білім алған оқушылар. Бұл күні мектеп сахнасында «Қызыл телпек», «Маугли», «Ақшақар және жеті гном», «Жоғалған мереке ісі», «Робин Гуд», «Күлбике» ертегілері жаңғырды. Кешті У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» шығармасынан алынған үзінді түйіндеді.
Тұрсын Әділбекқызының айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы «Адал азамат» және «Адал ұрпақ» тұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ол мектепте бұған дейін классикалық, қуыршақ және көлеңке театрлары ашылғанын атап өтті. Оларға репертуары тек ағылшын тіліндегі жаңа театр мен «Fashion Fab Lab» шеберханасы жақсы толықтыру болды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




